Basty bet

Жерлестеріміз жүлдемен оралды

Ақтөбе қаласында дәстүрлі түрде екі жылда бір рет өтіп келе жатқан Республикалық «Айтқыштар – Ақтөбеде» әзіл-сықақ фестивалі өз мәресіне жетті. Биыл оныншы мәрте өтті. Қазылар алқасына төрағалық жасауға Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Көпен Әмірбек шақырылды.

Бұл байқауға қатысуға ұсыныс білдірушілер жылдан-жылға көбейіп келеді. Биылғы додаға Атырау, Ақтөбе, Шымкент, Алматы, Жамбыл, Қызылорда, Батыс Қазақстан, Түркістан, Оңтүстік Қазақстан, облыстарынан келген әзілкештер қатысты.
Байқауды Ақтөбенің облыс әкімшілігі мен облыстық мәдениет басқармасының қолдауымен «Екі езу» сатира театрының ұйытқысымен Ғ.Жұбанова атындағы филармония ұжымы ұйымдастырды. Байқаудың ашылу салтанатында облыс әкімінің орынбасары Бұлбұл Елеусінова сөз сөйледі.
Байқаудың мақсаты – ел ішіндегі әзіл-сықаққа жақын өнер ұжымдарын, жеке орындаушыларды табу, олардың жұртшылыққа танылуына, талаптарын ұштай түсуіне ықпал ету.
Қазылар алқасының құрамында “Екі Езу” сатира театрының көркемдік жетекшісі Нұрлыбек Жұбатқан, театр өнерінің тарланы Шалқия Бақытжанова, режиссер Сырым Асқаров және актер Бауыржан Орда бар.
Кеш қонағы ҚР еңбек сіңірген қайраткері Асқар Наймантаев өзінің әріптесі Дархан Дайырбектің атына екі бірдей жүлде тағайындап әкелді. Олар қатысушылар орындаған шығарманың өзектілігіне, актердің орындау шеберлігіне, сахна мәдениетіне, сөзді көрерменге жеткізе білуіне, сахна қозғалысына мән берді.
Бұл сайыстан жуалылық өнерпаздар да қалыс қалмады. Ауданымыздың өнерпаздарынан құралған «Мыңбұлақ» халық театры «Жазушы Сейіт Кенжеахметов атындағы жүлдеге» ие болды.
Бас жүлдені «Айтқыштар – 2022» – Атырау қаласынан «Ара-Атырау» сатира театры жеңіп алды. Сонымен қатар, Қызылорда қаласынан «Үздік театр» аталымымен – «Сыр әзілі» әзіл-сықақ ұжымы марапатталса, Түркістан облысының Кентау қаласындағы «Қазақ күлкісінің королі Құдайберген Сұлтанбаев атындағы жүлде» – «Шапалақ» сатира театрына, Батыс Қазақстан облысынан «Жазушы Үмбетбай Уайдин атындағы жүлде» – «Қожа» әзіл-сықақ театрына, Шымкент қаласындағы «Дархан Дайырбек атындағы Алғашқы қадам жүлде» – «Балөнер» жас актерлер мектебіне бұйырса, «Көрермен көзайымы» номинациясымен Алматы қаласынан келген «Күлкістан» сатира театры және «Актер Нұрдәулет Ақжігітов атындағы жүлдемен» – «Шымкент қалалық әзіл-сықақ және сатира театры» марапатталды.
Ал, «Дархан Дайырбек атындағы Алғашқы қадам жүлдесі» Диас Өтеске, «Ең үздік ер адам рөлін» Дархан Пірназаров және «Ең үздік әйел адам рөлін» Юсра Қабылбаева иеленді.
«Мыңбұлақ» халық театрының режиссері Ербол Бекжановтың айтуынша, аудан өнерпаздары Шона Смаханұлының «Әженің әлдиі» әнін сахналандырып қойған. Әнде ата-аналардың балаларына қарамай, демалыс орындарына, шипажайларға кететіні туралы айтылады.
– Біздің әріптестер сахнада күнделікті күйбең тіршілікпен жүріп, бала тәрбиесіне дұрыс көңіл бөлінбейтінін, әжелердің өзі балаға қарауға құлқы жоқтығын әзілмен жеткізді. Ал, қазылар алқасы біздің қойылымға жоғарғы бағасын беріп, бүгінгі күннің ең өзекті тақырыбы екендігін баса айтты. Сонымен қатар, бұл фестивальге Республикаға танымал сатира театрлары да қатысты. Біз жалпы музыкантпен қосқанда 7 адам болып бардық, фестиваль өз деңгейінде өтті деп толық айта аламын, – дейді Ербол Айтпағамбетұлы.
Бұл IX Республикалық «Айтқыштар – Ақтөбеде» әзіл-сықақ фестивалі ақтөбелік көрермендердің есінде қазақы қалжың мен әдемі әзілдің ажарын ашқан керемет шара ретінде есте сақталары сөзсіз.

Мақпал САМАТҚЫЗЫ,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Check Also

Close
Close