Basty bet

Ораза айт – ең ұлық мереке

Отыз күн оразадан кейін мұсылман қауымы өздеріне берілген шексіз нығметке шүкіршілік айтып, ағайын-туыспен мерекелік көңіл-күйде қауышады. Өйткені, Ораза айт – күллі мұсылман қауымының ұлық мейрамы. Ораза ұстаған жамағат осы мерекені асыға күтеді. Ораза айт – мұсылмандардың құлшылық ететін әрі қуанатын ұлық мейрамы.
Атақты табиғин ибн Абидин былай деп айтқан: «Айттың бұлай аталу себебі оның «қарымта» деген мағынасына байланысты. Өйткені, Алла тағала онда әрбір игілік иесіне жасаған ихсандарының қарымтасын қайтарады. Демек, ораза айындағы ішіп-жемнен тыйылудан, пітір садақасынан соң, осы игіліктердің қарымтасы қуаныш, шаттық күндері етіп айт мейрамын белгіледі. Әрі ондағы қуаныш шаттық, белсенділік әдеттеріне орай да солай аталған болуы керек».
Айт намазын оқу хижраның бірінші жылынан бастап шариғатқа енді. Әнәс ибн Мәлік (р.а) былай деп жеткізген: «Алла елшісі (с.а.с.) Мәдинаға келгенде қала тұрғындарының екі күн тойлайтын мерекелері бар еді. Алланың елшісі (с.а.с.) олардан: «Бұл екі күн қандай күн?» – деп сұрайды, сонда Мәдиналықтар: «Бұл екі күнді надандық дәуірінде тойлаушы едік», – деді. Ардақты елшіміз (с.а.с.): «Алла тағала сендерге ол екеуінен қайырлы екі мерекені берді: құрбан айт пен ораза айт күндерін» – деп сүйіншіледі.
Ораза айтында мұсылмандар бір-бірін қуанышты күнмен құттықтап, көрші қолаң, ағайын-туыс бір-бірін зиярат етіп, ренжіскен кісілер татуласқаны дұрыс. Демек, бұл күні мұсылмандар жәй ғана тойлап қана қоймайды, ренжіскендер татуласып, ағайын-туыс, көрші-қолаңның арасы бұрынғыдан да жақындай түседі. Қоғамдық қарым-қатынасты бекіте түседі.
Айтқа дайындық ретінде мұсылмандар жуынып тазарады, таза, ең жақсы киімдерін киеді, тұратын жерінің ішкі, сыртқы тазалықтарына көңіл бөледі. Үстіне хош иістерін себініп, алған абзал. Айт мейрамы ағайын арасын жақындатады. Өйткені, Ораза айт күндері әрбір мұсылманның шаңырағында бауырсақ пісіріліп, мерекелік дастарқан жайылады. Туған-туысқан, көрші-қолаң бір-біріне қонаққа барып, Айт мерекесімен құттықтайды, сыйлық береді. Дәстүр бойынша бұл күні мұсылмандар бір-біріне “Ораза айт қабыл болсын!” деп жылы лебіздерін білдіреді.
Ораза айт болатын түнді құлшылықпен, зікір, намаз құран оқумен, дұға-тілектерін тілеп, кешірім сұраумен өткізген абзал. Мүмкін болса, бұл істерді түннің соңғы бөлігінде өткізген жақсы. Бұл жайында Пайғамбарымыз (с.а.с.): «Кімде-кім Ораза айты мен Құрбан айтының түндерін Алладан есебін үміт етіп құлшылықпен өткізсе, оның жүрегі жүректер өлетін күні (Қиямет күні) өлмейді” – деген. Ал енді кімде-кім айттың алдындағы түнді ғибадатпен өткізе алмаса, сол түннің алдындағы құптан намазы мен одан кейінгі таң намазын жамағатпен оқыса, түнді құлшылықпен өткізгеннің сауабын алады.
Айт күндері Алладан тілеген тілектер қабыл болады. Сол үшін бұл күндері Алладан көп кешірім сұрап, өзіміз үшін, ағайын, көршілер үшін, жалпы еліміз үшін көп дұға тілегеніміз дұрыс. Әсіресе, бүгінгі күндері бұл өте маңызды деп ойлаймын. Алла елшісі бір сөзінде: «Кімде-кім басқа бір мұсылман үшін Алладан бір жақсылық сұраса, періштелер «өзіңе де сол нәсіп болсын» деп дұға етіп тұрады» деген.
Айт намазына ертерек жаяу бару, пітір садақасын айт намазының алдында беру, ораза айт намазына барарда тәтті тағамнан ауыз тиіп бару, (құрбан айт намазында ештеңе жемей бару мұстахаб) өз отбасына, әсіресе, жас балаларға сый-сияпат беру, осы күндері мүмкіндігі болған кісілер әдеттегіден көбірек садақа беру, мұсылман бауырлармен жылы жымиып жүздесу, туысқандардың үйіне айттап барып, туыстық қарым-қатынасты нығайта түсу керек. Осы амалдарды айт күндері жасаған өте абзал.
Айттың алғашқы күні мешіттерде жамағатпен айт намазы оқылады. Ауданда Ораза айт намазы таңғы сағат 06.40-та оқылады.
Құрметті аудан тұрғындары, құрметті мұсылман бауырлар, баршаңызды бір ай бойы ораза тұтқаннан кейінгі қарымы ретінде келіп қалған Ораза айт мерекесімен шын жүректен құттықтаймын! Әрбір шаңыраққа, ауылымызға, елімізге Алла тағаланың тыныштығы мен бейбітшілігі, берекесі орнасын! Табиғи апаттан зардап шегіп жатқан отандастарымызға Алланың жәрдемі мен мейірімі болсын! Басқа аймақтарды Алла апаттан сақтасын!

Ғалымжан Қонақбаев,
ауданның бас имамы

Таңдаулы материалдар

Close