Basty bet

Хоббиін сүйікті ісіне айналдырған

Еңбек етемін деген адамға атқарар іс көп. Қомақты қаржы салмай-ақ үйінде отырып кәсібін дөңгелетіп жүрген жандар арамызда аз емес. Сондай кәсіптің бір түрі – түрлі тәттілер пісіріп сату. Бүгінде сұранысқа ие кәсіп көзі десек, қателеспейміз. Өйткені қазір түрлі тәттілерсіз дастарқанды елестете алмаймыз. Мейлі туған күнде де, тойда да бұл тағам дастарқанның сәніне айналды. Тіпті, дүкен сөрелеріндегі емес, арнайы тапсырыспен даярлау сәнге айналған. Міне үйінде отырып-ақ кәсібін дөңгелетіп жүрген жандардың қатары қалыңдап келеді. Сондай жандардың бірі қарапайым ғана қыз, тәттілер ханшайымы – Кәусар Кеңесбек.

Біздің бұл жолғы кейіпкеріміз небәрі 15 жаста. №19 Дінмұхаммед Қонаев атындағы мектеп-гимназияны үздік оқып, биыл Тараз қаласындағы политехникалық жоғары колледжінің заң факультетіне оқуға түскен. Бұл кәсіпті әпкесі Айғаныммен 2019 жылдан бастап бірге жүргізіп келеді. Кәусардың қолға алған кәсібі – кондитерлік өнімдер оның ішінде түрлі тәттілер пісіру.
– «Алғашында тәтті өнім пісірумен хобби ретінде айналыса бастадым, кейін ол сүйікті кәсібіме айналды. Мектеп қабырғасында оқи жүріп әпкесі Айғаным екеуі түрлі мастер класқа қатысып, үйренеді. Ол кезде Кәусар 10 жаста еді, сонымен қатар, анасынан үйренгендері бар, бұл істі дөңгелетіп алып кетеді.
– Әпкемнің жанында жүріп қызығушылығым артып түрлі тәттілер пісіретін болдым. Есейе келе қызығушылығым арта түсіп, әртүрлі торттарды пісіріп, тәжірибе жинақтадым. Кішкентайымыздан анамыздан тәтті бәліштерді пісіргенді үйренгендіктен, бұл кәсіпті игеру бізге қиын болған. Үлкен деңгейдегі кондитер шеберлерінен жеке мастер класс алып, біліктілігімді арттырып жүрмін. Айғаным әпкем қазір тұрмыста бұл істі өзім дөңгелетіп отырмын. Үйге қонақ келе қалса, бар ынта-жігеріммен торт пісіріп, алдарына ұсынатынмын. Алғашқы тапсырыс берушілер де үйге келген қонақтардың қатарынан табылды. Содан басталған кәсіп бұл. Міне, осылайша торттар мен қолдан әзірлеген бәліштеріме туыстарымнан тапсырыс түсе бастады. Тәттілерімнің ойдағыдай шығуы үшін бар ықылас-ниетімді салуға тырысамын. ХХІ ғасыр ұялы байланыстың дамыған заманы ғой. Адамдар көбінесе торттарды ғаламтор арқылы тапсырыс береді. Әлеуметтік желі арқылы жұмысымды жандандырып отырмын десем болады. Енді әркезде әрқалай тапсырыс түсіп жатады. Кейде бір күнде 3-4 тортқа дейін пісіремін. Бұл менің күнделікті айналысатын ермегім ғой. Сондықтан түн ортасына дейін ұйықтамайтын кездерім де бар. Шыны керек, кейде уақытым жетпей де жатады. Бірақ, жүрек қалауымен айналысқаннан болар, түрлі тәттілер пісіруден шаршамаймын, керісінше жан тыныштығын табамын. Әсіресе, шоколадты құлпынай, түрлі торттарды ерекше ықыласпен дайындаймын,- дейді Кәусар.
Тәттілерді пісіруді жан-тәнімен ұнататын Кәусардың қолынан шыққан торттың небір түрлері, тіскебасар, бәліштер ауыл тұрғындарының арасында сұранысқа ие. Дастарқанға Кәусардың тәттілері қойылған сәтте, қонақтардың барлығы да дәмін татып, ерекше ықалас танытып, үй иесінен байланыс нөмірін сұрап алып жатады. Оның үстіне бағасы қолжетімді болғандықтан көпшіліктің қалтасына да аса салмақ түсірмейді. Бүгінде Кәусар әлеуметтік желі арқылы өз жұмысын жандандыруда.
-Әкем Медеттің мамандығы мұғалім. Ол информатика пәнінен 17 жыл ұстаз болып жұмыс істеген. Ал, анам Айнұр балабақшада, мектепте есепші болған. Қазіргі таңда екеуі де жеке кәсіпкер. Әкем бізді кішкентай кезімізден еңбекке баулыған. Мен барынша қарапайым халықтың жағдайына қараймын. Пісірген өнімдерімді қолжетімді бағамен ұсынамын. Адамда қанағат болса, аз-маз тапқан ақшаңның берекесі де болады екен. Әрине, бір тортқа қажетті заттар мен коммуналдық шығындарды есептегенде орташа бағаны ұстауға тырысамын. Бес жыл болды өзімнің тұтынушыларым бар,- дейді Кәусар.
Қашанда тұтынушылардың көңілінен шығу үшін барынша тырысатын қаршадай қыздың жасаған өнімдеріне өзге ауыл-аймақтардан да тапсырыс беріп, жақындарын түрлі дәмдімен қуантып жүрген жандар да жеткілікті.
Ризық-несібеге қол жеткізудің өзі адамның іс-әрекетіне байланысты болса керек-ті.
Тәтті пісіріп сатушылардың барлығы да бұл саланы алғашында хобби ретінде бастап, кейін кәсіпке айналдырған. Қолдан келсе қабілетті пайдаланып, неге ақшаға айналдырмасқа? Үйреніп, білгісі келген адамға кедергі жоқ. Бастысы ниеті түзу, еңбегі адал болса болғаны. Болашақта Кәусардың арманы білікті заңгер болу. Қосымша табыс көзі ретінде осы саланы дамытып кондитерлік оқуды оқып, өзінің жеке кофетериясын ашу. Әрине, ата-анасының қолдауымен, бағыт-бағдарымен бұл істі дөңгелетіп отырған Кәусардың арманына жетуіне тілектеспіз.

Лаура МҰСАБЕКОВА,
“Жаңа өмір”

Таңдаулы материалдар

Close