Basty bet

Бала жанының инженері

«Ұстаздық еткен жалықпас үйретуден балаға» деп ақын Абай атамыз айтқандай, әлемдегі ең ұлы мамандықтың бірі – ұстаз. Ұстаз – өзінің бар күшін, бүкіл өмірін бала тәрбиесіне арнайтын жан. Ұстаз бейнесі – шәкірт үшін адамгершіліктің ең жоғары үлгісі. Ұстаздың лаулаған жалыны – әр жүрекке жылу сеуіп, нұр құятын қуаттың, өмірдің қайнар көзі.

Саналы ғұмырын бала тәрбиесіне, білім беруге арнап отырған ұстаздың бірі – Сайра Нұрғалиева. Ол Өзбекстан Республикасының тумасы. Ауылындағы орта мектепті бітірген соң, 1985 жылы Ташкент мемлекеттік институтына оқуға түсіп, оны филология факультеті бойынша тамамдайды. 1989 жылы Есен Оразов деген азаматқа тұрмысқа шығып, ең алғашқы еңбек жолын Өзбекстан Республикасының Ходжелі ауданында К.Маркс атындағы орта мектепте бастайды. Мектеп қабырғасында оқушыларға білім берумен қатар, қоғамдық жұмыстарға араласып, тәжірибе жинақтайды.
1992 жылы Жуалы ауданына қоныс аударып,Түктібай ауылындағы М.Әуезов атындағы орта мектепте мұғалім болып қызмет атқарады. 1996 жылдан бастап А.Байтұрсынов (бұрынғы А.Гайдар) атындағы орта мектепте қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен сабақ беріп келеді. Ал жолдасы Есен Айтжанұлы №29 М.Жұмабаев атындағы орта мектепте көркем еңбек пәнінен сабақ береді.
«Еңбегіне қарай құрмет» демекші, білім саласына сіңірген еңбегі үшін республикалық, облыстық, аудандық деңгейде Құрмет грамоталарымен марапатталған. «Ұлағатты ұстаз» төсбелгісінің иегері.
-Білім саласында 34 жыл бойы жұмыс істеп келе жатырмын. Мектеп қабырғасында қарапайым мұғалім болып бастап, әдістемелік бірлестік жетекшісі, 33 жыл сынып жетекшісі, жас мамандарға тәлімгер болдым. Ұлттық бірыңғай тестіне де оқушыларды дайындап, жақсы көрсеткіш көрсетіп жүрміз. Жоғары оқу орындары грантқа оқуға түскен түлектеріміздің жоғары білімі мен тәлімді тәрбиесі үшін мектепке Алғысхаттар жіберуде.
Жаңа оқу жылына дайындықты бастадық.
Әр баланың ойы құнды. Оқушыны сабаққа ойын арқылы қызықтырып, сабаққа тартуымыз керек. Ең бастысы әр бала білім алуға құқылы екенін ұмытпағанымыз жөн.
Мен «Баланы мұғалім емес, парталас досы оқытады» деген ұғымды ұстанамын. Ұстаз болу – ұлы іс. Ұстаз болу – жас ұрпақтың жарқын болашаққа барар жолын айқындап беру деп түсінемін. Ұстаз – шәкірті үшін тұлға. Үлгі алатын, бой түзейтін жан. Сол үшін ұстаз жаңашыл, ізденімпаз, қарапайым, баланың жанын түсіне алатын адам болуы керек. Кез келген өзгеріске дайын, қиындыққа мойымайтын, шәкіртінің сапалы білім алуы үшін ерінбейтін тұлға болуы тиіс. Сонда ғана ұстаз шәкіртінің жүрегінен жол тауып, үлгі бола алады»,- дейді.
Ұстаз шәкіртімен құнды. Осы ретте, Сайра Нұрғалиеваның оқушылары түрлі байқаулар мен жарыстарда жақсы көрсеткіш көрсетіп, жүлделі орындардан көрініп жүрген жайы бар.
-Өткен оқу жылын жақсы аяқтадық. Енді біраз күнде жаңа оқу жылы басталады. Бұл уақытта балалардың бір жылға есейіп, жаңа баспалдаққа өткенін көреміз. Оқушылармен қауышуды кез келген мұғалім асыға күтеді. Оны бәріміз білеміз. Себебі, мұғалім – мектептің жүрегі.
1 қыркүйек – Білім күні бүкіл балалардың мерекесі,- дейді ұлағатты ұстаз.
Сайра Сағынышқызы мектепте шәкіртіне ұстаз болса, отбасында қамқор ана. Өмірлік жары Есен Айтжанұлы екеуі өмірге екі ұл, үш қыз әкеліп, олардан бүгінде төрт немере сүйіп отырған жайлары бар.

Лаура МұсабекоВА,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close