Basty bet
«Қасымхан» шаруа қожалығы мол табысқа жетуге ниеттi
Ауданда егін ору науқаны қызу жүруде. Алтын ораққа Мыңбұлақ ауылдық округінің шаруалары да белсенді кірісіп отыр. Көлбастаулық шаруалар жиын-терімге кірісті. Таяу күндері өзге де округтердің шаруалары дәнді-дақылдарға орақ салғалы отыр. Мамандар биылғы егіс шығымының жақсы екенін айтады.
Өткен аптада Мыңбұлақ ауылдық округіндегі іргелі шаруашылықтардың бірі «Қасымхан» шаруа қожалығының арпа алқабының басында болып, орақ науқанын көріп қайтқан едік.
Көлбастау ауылынан Талапты ауылына барар автожол бойында орналасқан арпа алқабында жұмыс қызу жүргізіліп жатыр екен. Масағы толысып піскен арпа алқабында «Россельмаш» маркалы комбайн жүйткіп жүр. Аталған шаруа қожалықтың басшысы әрі жұмыстарды үйлестіріп, жүргізіп отырған Руслан Тілеубаевты егіс алқабында кезіктіріп, әңгімеге тарттық.
– «Қасымхан» шаруа қожалығы 2017 жылы құрылған. Ата-анамыздың ақыл-кеңесімен шаруашылықтың сан салалы жұмыстарын өзім қолға алып, тірлігіміздің алға басуы бағытында жұмыс жасаудамыз. Қожалықтың иелігінде 160 гектардай егістік жеріміз бар. Биылғы жылдың өнімі үшін оның 50 гектарына жаздық арпа егілсе, тиісінше 50 гектарына жүгері, 8 гектарына картоп, қалған алқаптардың барлығына эспарцет еккен болатынбыз. Орақты бір апта бұрын бастадық. Өткен жылы қуаңшылыққа байланысты егін айтарлықтай бітік шыққан жоқ еді. Ал, биылғы жылы егіннің шығымына көңіліміз толады.
Иә, ауылдық елдімекенде тұрған соң жер өңдеп, мал ұстау қажет. Техниканың да, төрт түліктің жағдайын жақсы білу керек. Біз тек қана егін егумен айналыспаймыз. Қазір жайлауда шаруашылықтың 35-ке жуық сауынды сиыры бағылуда. Бір сауыншымыз бар. Шүкір деп айтуымыз керек, қолда малымыз бар. Оны асырап-бағуға әлеуетіміз толық жетеді. Жем-шөбімізді өзіміздің шаруа қожалықтың егістік алқаптарынан дайындаймыз. Шөп және егін орағы науқанында шаруашылықта төрт адам жұмыс жасайды.
Алдағы бағытымыз белгілі. Шаруашылықты кеңейту арқылы ауылдастарымызға жұмыс орнын ашу, сөйтіп халықтың батасын алу. Тиісінше, ауыл шаруашылығының дамуына кішкене де болса үлесімізді қоссақ дейміз. Өздеріңіз білетіндей, ауыл шаруашылығы халықты асыраушы сала болғандықтан, бұған мемлекеттік деңгейде баса көңіл бөлінетіні белгілі,- дейді Руслан Толымбекұлы.
Шаруаның жайын жақсы білетін Руслан Тілеубаев ауыл шаруашылығы саласында өнімді еңбек ете жүріп, өзі тұратын Көлбастау ауылының да өркендеп-өсуіне үлесін қосып отырғанын айтуға тиіспіз. Бүгінде ол еккен егінінен мол табысқа жетіп, ауылдағы «Құлый баба» мешітінің жанынан бүлдіршіндерге арнап екі қабатты балабақша салып жатқан жайы бар. Ол отбасында Құдай қосқан жары Айжан Ағатаева екеуі екі ұл, екі қыз тәрбиелеуде.
Айта кету керек, шаруа қожалық Руслан Толымбекұлының үлкен ұлының есімімен аталған. Бүгінде шаруа қожалықта бір комбайн және екі доңғалақты трактор бар. Бұл әрине, шаруашылықтың жұмыс қарқынын арттыруға үлкен сеп.
Мақпал САМАТҚЫЗЫ,
«Жаңа өмір»