Basty bet
Тіл туралы заң талаптарына сергек қараған кәсіпкерлер
Мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейтуге үлес қосу – әрбір азаматтың міндеті.
Ана тілге деген құрмет, жанашырлық сезім әрбір отбасынан басталады. Ата-ана өз ана тілін жақсы көріп, оның дамуына үлес қосып, оны қорғай білсе, оны көрген бала да ана тілін құрметтей біледі. Өкінішке қарай, ортамызда әлі күнге дейін баласын балабақшаға орыс тобына, мектепке орыс сыныбына беретін ата-аналар кездеседі.
Даңқты қолбасшы, жерлесіміз Бауыржан Момышұлы ана тілі – қазақ тілі туралы былай дейді: “Қазақ тілі – сұлулығымен бой балқытып, тамыр шымырлататын, жан жүйеңді жандырып, құлақ құрышын қандыратын, өткірлігімен қысылтаяң тұста ел мен ерге бірдей медет беріп, адам түгіл жағдайдың өзінің аузына құм құятын ғажайып кемел тіл”. Иә, қазақ тілінің қадіріне жетіп, жетік меңгерсеңіз, қазақ тілі – өте бай тіл. Оған сөзге шешен, тапқыр әрі дана би бабалардың ердің құнын екі ауыз сөзбен бітірген, жауласқан елдің арасына бітім айтқан сөздері дәлел. Осындай керемет тіліміздің жаңа жаһандану заманындағы бүгінгі жағдайы қазақ үшін ұят.
Бұрын мектепте оқып, арнайы білім алмаса да сөзге шешен ата-апаларымыз көп болған. Бұл – біздің ата-бабаларымыздың тектілігінің, даналығының көрінісі. Ал, бүгінгі мектепте 11 жыл оқып, жоғары оқу орнында бақандай төрт-бес жыл оқыған ұрпақ неге сауатты сөйлей алмаймыз?! Сөзімізге орысша сөз қоспай, ойымызды таза қазақ тілінде жеткізе алмаймыз. Қазақшамыз шала. Мақал-мәтелдерден білетініміз санаулы-ақ. Тіл жанашырлары өз қаракөздеріміздің арасында тіл тазалығы үшін әлі күресіп жүр.
Жақында мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейтуге үлес қосып жүрген кәсіпкерлер туралы мақала жазу үшін аудандағы ірі кәсіпкерлік нысандарды араладық. Тілге деген жанашырлық кәсіпкерлік нысандағы жарнама тілінен-ақ көрінеді. Өкінішке қарай, біз бас сұққан кафелердегі ас мәзірлері тек орыс тілінде жазылған. Дүкен иелерінің көбі тіл тазалығына мән бермейтінін аңғардық. Яғни, жарнамалар мен ақпараттық парақшалардағы сөздер орыс тілінде ғана жазылған. Мұнысын кейбір дүкен иелері “орыс тіліндегі сөздерді қазақша аударсақ, мағынасы өзгеріп, түсініксіз болып қалатын сияқты” деп түсіндіреді.
Күпті болған көңілімізге “Кorzinka” супермаркетіндегі жарнама тілі медет болды. Атауы орысша болғанымен, ішіндегі жарнамалардың барлығы бірінші қазақ тілінде сауатты жазылған. Кіреберіс есіктегі жұмыс режімі туралы жазылған сөздерден бастап, іштегі әр тауарлар қатарын көрсетіп тұрған ақпараттық тақтайшалар, тауардың атауы мен бағасы жазылған парақшалар барлығы алдымен қазақша түсінікті жазылған. Біз барғанда дүкеннің иесі жұмыс орнында болмай шықты. Қызметшілері басшыларының кешірек келетінін жеткізді. Алайда жауапты маманы тұтынушыларға берілетін түбіртектердің де қазақшаланып жатқанын айтып, түбіртектерді көрсетті.
“Бір компьютер түбіртекті орыс тілінде, бірі қазақ тілінде шығарады. Яғни, ІТ мамандар бұл мәселемен жұмыс жасауда”- дейді дүкеннің жауапты маманы.
Кәсіпкерлік нысанның екінші қабатында “Sulpak” тұрмыстық техника дүкені орналасқан. Бұл дүкенде де барлық жарнамалар қазақ тілінде жазылған.
Дүкендегі ҚР Тіл туралы Заңы талаптарының орындалуы туралы жұмыс барысын дүкен директоры Ғазиз Маратұлы айтып берді.
-ҚР Тіл туралы Заңы талаптарына сай жұмыс істейміз. Яғни, жарнамалар, тауарлардың қысқаша сипаттамасы, ақпараттық хабарламалар, қысқасы, барлық құжаттар алдымен қазақ тілінде жазылған. Бізде тек фискальдық түбіртек қана орысша. Себебі, ол арнайы аппараттан шығарылады. Ол аппараттың тілі тек орыс тілінде.
Дүкенде штатта жұмыс істейтін қызметкерлер негізінен қазақтар. Анастасия есімді бір ғана орыс ұлтының қызы бар. Оның өзі қазақша біледі. Ұжымның бір-бірімен қарым-қатынас тілі – қазақ тілі.
Қызметкерлермен жасалған келісімшарттар да қазақ-орыс тілінде жазылған. Тіпті, дүкеніміздің бренд пакеттеріндегі сөздер де бірінші қазақ тілінде жазылған. Мұның барлығы дүкен басшылығының алдымен заң талаптарына сергектікпен қарауы болса, екінші тілге деген құрметі,- дейді Ғазиз Маратұлы.
Ауданда мемлекеттік тілдің дамуына үлес қосып жүрген кәсіпкердің бірі – “Topjargan” оқу орталығының басшысы Нүрилә Мәлібекова. Оқу орталығының және кәсіпкердің иелігіндегі “NURAI PLAZA” бизнес орталығындағы барлық есіктегі маңдайшалар, қабырғалардағы түрлі мазмұндағы стендтер тек қазақ тілінде жазылған. Мәселен, оқу орталығының құрылымы туралы жазылған ақпараттық стенд, кәсіптік оқытуға арналған өндірістік цехтағы техника қауіпсіздігі туралы стендті айтуға болады. Өндірістік цехта дайындалған өнімдердің заттаңбасы да тек қазақ тілінде.
-Менің негізгі мамандығым – орыс тілі пәнінің мұғалімі. Алайда күннен-күнге қазақша таза сөйлеуге тырысып, барынша үйреніп жүрмін.
Оқу орталығында заман талабына байланысты ағылшын, орыс тілін оқыту курстары бар. Дегенмен, “Өзге тілдің бәрін біл, Өз тіліңді құрметте” демекші, ана тілімізге деген құрметіміз ерекше. Оқу орталығындағы бұйрық, басқа да құжаттар қазақ тілінде жазылады. Ендігі жоспарымыз бизнес орталықтағы кабинеттерді кәсіпкерлерге жалға беру келісімшарттарын қазақ тіліне аудару. Бұл жұмыс та қолға алынды.
Ұжымда 20-ға жуық қызметкер бар. Барлығы қазақ тілінде таза сөйлейді. Оқу орталық болғаннан кейін біздің ана тілге деген құрметіміз бен көзқарасымыз жастарға үлгі болуы керек,- дейді кәсіпкер Нүрилә Мәлібекова.
Иә, әрқайсымыз өз саламыз бойынша мемлекеттік тіліміздің дамуына үлес қоссақ, тіліміздің қолдану аясы да кеңейе түседі. Тіл – ұлттың қасиетін айқындайтын белгі. Сондықтан әр азаматтың ана тілге деген құрметі, көзқарасы маңызды. Оның ішінде, халықпен тығыз байланыста жұмыс жасайтын кәсіпкерлердің тіл тазалығы үшін күресі үлкен рөл атқарады. Кәсіпкерлік нысандардағы жарнама тіліне кейбір кәсіпкерлер ерекше мән бермеуі мүмкін. Бірақ, жарнама – күнделікті көпшіліктің назарында тұрған сөз болғандықтан, оның адамның санасына, тілге деген көзқарасына әсер ететін дүние. Сол себептен, әрбір кәсіпкер өз қателігін өзі түзеп, тілдің дамуына үлес қосса, нұр үстіне нұр болар еді…
Перизат ШЫМЫРТАЙҚЫЗЫ,
«Жаңа өмір»