Basty bet
Спорт нысаны салтанатты жағдайда ашылды
Елге адал қызмет ету – барлығымыздың қоғам мен мемлекет алдындағы азаматтық борышымыз. Елдің дамуы мен халықтың тұрмысын көтеруге, оны іске асыру үшін тиімді заңдар қабылдау ісіне халық қалаулылары да хал-қадірінше атсалысуда. Осы орайда ағымдағы жылдың басынан Қазақстан Республикасының Парламенті Мәжілісінің депутаттары ел өңірлеріне сапарлап, олар ең бірінші кезекте өңірлердің тұрғындарымен және сайлаушылармен түрлі кездесулер өткізуде. Мұндағы басты мақсат – ел ішіндегі ахуалмен танысу және жергілікті тұрғындардың, онымен бірге әлеуметтік мәселелерге, түйінді проблемаларға назар аудару.
Жақында Жамбыл облысына арнайы жұмыс сапарымен келген Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Мұқаш Ескендіров жұмыс кестесіне сәйкес, апта басында Жуалы ауданына да арнайы атбасын бұрды. Халық қалаулысы тұрғындардың мұң-мұқтажымен жақынырақ танысты.
Халық қалаулысы Мұқаш Зұлқарнайұлы ең алдымен Жетітөбе ауылдық округінде болып, ауылдық округтің орталығы Кәріқорған ауылындағы 2023 жылы толықтай қайта жаңғыртудан өткізілген спорт мектебінің салтанатты ашылуына қатысты.
Ауыл тұрғындары көптен күткен бұл құрылыс нысаны бұрын әмбебап дүкен болған ескі ғимараттың негізінен салынған. Айта кету керек, «Ауыл – Ел бесігі!» бағдарламасымен қомақты қаржы қарастырылып, реконструкциялаудан өткен спорт мектебінің аумағы атшаптырым. Спорт нысаны екі үлкен залдан, тағы да басқа қосалқы бөлмелерден тұрады. Қазіргі таңда мұнда округтің орталығынан 60-қа жуық бала дзюдо күресімен айналысуға мүмкіндік алып отыр. Алдағы уақытта спорт нысанының екінші бөлігінен бокс және үстел теннисі, т.б. спорт түрлерінен секциялар ашылады деп күтілуде.
Құрылысқа тапсырыс беруші – Жуалы ауданы әкімдігінің сәулет, қала құрылысы және құрылыс бөлімі. Мердігер – «BEK stroi» ЖШС. Жобаның құны – 111 млн 330 мың теңгені құрайды. Құрылысты жүргізген мердігер мекеме спорт нысанының жылыту жүйесімен қатар, электр және газ жүйелерін тарту, онымен қоса ауланы абаттандыру жұмыстарын атқарған.
Тұрғындар көптен күткен спорт нысанының ашылуына таңертеңгі ауа райының қолайсыздығына қарамастан ауыл тұрғындары көптеп жиналды. Жетітөбеліктердің көзайым қуанышына ортақтасуға елордадан Парламент Мәжілісінің депутаты Мұқаш Ескендіров арнайылап келіп, құттықтау сөз сөйледі.
-Құрметті ауыл тұрғындары. Сіздерді ең алдымен жаңа келген Ұлу жылымен құттықтаймын. Жаңа жыл әрбір отбасына жақсылық, табыс алып келсін.
Өздеріңіз жақсы білетіндей, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ел өңірлерінде, оның ішінде, ауылдық елдімекендерде бұқаралық спортты дамыту, спорт нысандарының қолжетімділігін арттыру және онда жастардың арасында саламатты өмір салтын қалыптастыру мәселелеріне айрықша назар аударып, оған мемлекет тарапынан бірқатар көмек-қолдауларды да жасау үстінде. Міне, бүгін Сіздердің ауылдарыңыздан ашылып отырған мына спорт нысаны – мемлекет қолдауының айғағы.
Уақыт тез өтіп жатыр. Былтыр жазда мен Жуалы ауданына жасаған жұмыс сапарымның барысында аталған спорт нысанындағы құрылыс жұмыстарымен танысқан болатынмын. Енді міне, оның салтанатты ашылуына қатысқаныма өте қуаныштымын. Ауылдан ашылып отырған мына жаңа нысанның тұрғындарға, спорт пен саламатты өмір салтын жанына серік еткен жастардың игілігіне ұзақ жыл қызмет етеді деп сенемін. Негізінен алып қарағанда, елдің абыройын асыратын чемпиондардың барлығы ауылдан шығады. Осы ауылдан да атақты спортшылардың өсіп шығатынына кәміл сенемін. Қуаныштарыңыз құтты болсын,- деді Мұқаш Зұлқарнайұлы.
Келесі кезекте Жетітөбе жұртшылығының атынан сөз алған ауылдық округтің ардагерлер кеңесінің төрағасы Шарханбек Қожаназаров жиналған қауымды жаңа нысанның ашылуымен құттықтап, спорт нысанының құрылысын жүргізуге көмек-қолдаулар көрсеткен аудан және облыс басшыларына алғыс білдірді.
Спорт мектебі ғимаратының лентасын ауылдық округтің ардагерлер кеңесінің төрағасы Шарханбек Қожаназаров және ардагер ұстаз, ауданның Құрметті азаматы Рақымжан Сатаев салтанатты жағдайда қиды. Тәттіден шашу шашылды.
Мәжіліс депутаты Мұқаш Ескендіров және аудан әкімі Жалғас Мұртаза бастаған ресми кісілер және қуанышқа жиналған көпшілік спорт нысанының ішіне еніп, жаңа ғимараттың жаттығу залын және қосалқы бөлмелерін аралап көрді. Қазіргі таңда мұнда ауыл балалары дзюдо күресінен жаттығуға мол мүмкіндік алып отыр.
Атап өтетін болсақ, жалпы Жетітөбе ауылдық округінен спорттың бірнеше түрінен Қазақстан, Азия, Еуропа және Әлем чемионаттарында ел қоржынына қомақты олжа салған даңқты спортшылардың қияға қанат қағуы да тегін емес. Ал олардың спорттағы жоғары жетістіктерінің жолын жалғастыру міндеті жаттықтырушылар мен жас спортшыларға үлкен сын болмақ…
***
Әлеуметтік маңызды жобаларға қаржы қарастырылады
Халық қалаулысы М.Ескендіров ауданға жұмыс сапарының барысында Шақпақ ауылдық округінің орталығы Шақпақата ауылындағы мәдениет үйінің ескі ғимаратының жай-күйімен танысты. Аталған нысан туралы аз-кем ақпарат бере кететін болсақ, бұл ғимарат біраз жыл бұрын жеке азаматтан сатып алынған. Ендігі кезекте, оны толықтай қайта жаңғыртудан өткізіп, тұрғындардың игілігіне қолданысқа беру қажеттілігі туындап отыр.
1970-ші жылдардың басында бой көтерген еңселі ғимараттың негізгі сүйегі жақсы сақталған. Аумағы 360 шаршы метрді құрайды. Аудан басшылығының мәліметінше, аталған ғимаратты қайта жөндеп, оны толықтай жаңғыртудан өткізу бағытында жұмыстар атқарылып, ЖСҚ әзірленіп, республикалық бюджеттің есебінен қаржыландыру үшін ҚР-ның Ұлттық экономика министрлігіне тиісті өтінім берілген. Сәтін салса, аталған жобаның құрылысы алдағы жылдары «Ауыл – Ел бесігі!» бағдарламасы арқылы жүзеге асырылмақ.
***
Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Мұқаш Ескендіров жұмыс кестесіне сәйкес, «АМАNAT» партиясының аудандық филиалының ғимаратында өңір тұрғындарын сұрақтарымен қабылдау өткізді. Қабылдау барысында жекелеген азаматтар, атап айтқанда, Б.Момышұлы ауылының тұрғыны – Шора Ысқақов, Қайрат ауылынан Кәрібай Құрмашев, Қарасаздан Ермахан Қойлыбаев, Шақпақтан Қазыбек Тіленбай және Қошқарата ауылдық округінен Абай Сейітқадырұлы Көлбастау ауылындағы ауызсу құбырларын жаңғырту жұмыстарына, Алатаудың бөктеріндегі әйгілі «Көксай» шатқалындағы этно-туристік демалыс орнына апаратын тас жолдың орнына асфальт жамылғысын төсеу арқылы орта жөндеуден өткізуге, Қарасаз және Шақпақата ауылдарына заманауи спорт кешені және мәдениет үйінің құрылысын жүргізуге, сонымен қатар, облыстық мәндегі «Б.Момышұлы-Қошқарата» бағытындағы автомобиль жолының 45-60 шақырымы аралығын орта жөндеуден өткізу жұмыстарын атқаруға қазынадан қаржы-қаражат бөлінсе деген өңір тұрғындарының өтініш-тілектерін жеткізді.
Ауыл ақсақалдары және жекелеген тұрғындардың өтініштерімен мұқият танысқан халық қалаулысы Мұқаш Ескендіров оның барлығын жіті назарға ала отырып, аталған әлеуметтік жобаларға республикалық бюджеттен қаржы-қаражат бөлдіруге барынша күш салып, қолдан келгенше көмек көрсететінін жеткізді.
***
Халық қалаулысының өңірге жұмыс сапарының барысында аудан аумағын кесіп өтіп жатқан теміржол желісінің тұсынан көпір салу (автомобиль нөпірін азайтуға арналған көпір) құрылысын жүргізудің де жай-жапсары «Қазақстан темір жолы» ҰК-ның өкілдерімен кеңінен талқыланып, түйінді мәселелерге кеңінен назар аударылды. Сәтін салса, аталған жобаның ресми құжаттарын ақпан айында толықтай дайындап болып, құрылысты мамыр айында бастау туралы алдын ала болжам бар.
Сонымен қатар, аудандық «Жуалы-Су» мекемесіне қарасты «Қайрат» су тарату нысанын қайта жаңғыртудан өткізудің мәселелеріне де назар аударылды. Айта кететін болсақ, аталған су тарату нысаны Ақсай ауылдық округінің Қайрат ауылын және Б.Момышұлы ауылындағы абоненттерді таза ауызсумен қамтамасыз етіп отырған маңызды нысан саналады. Қазіргі таңда сусорғы стансасында таза ауызсу 80-90 метр тереңдіктен шығарылу үстінде. Алдын ала жоспарға сәйкес, таяу жылдары аталған су тарату нысанында қайта жаңғырту жұмыстары жүргізіледі деп күтілуде.
Нұржан Манасұлы,
«Жаңа өмір»