Basty bet
Шежірелі “Жаңа өмірге” биыл – 90 жыл!
Құрметті көзі қарақты оқырман қауым!
Баршаңызды Жаңа жылымыз – Ұлу жылымен шын жүректен құттықтаймыз!
Өткен жылға өкпе жоқ, Қоян жылын ауданымыз абыроймен, жақсы жетістіктермен аяқтады.
Ұлу тыныштықты, жайлылықты қалайтын жәндік. Сондықтан Ұлу жылы елімізге, әрбір отбасына құтты, жайлы, молшылық жылы болсын!
2024 жылы ел тарихында есімдері алтын әріппен жазылар тұлғалар дүниеге келген даталар мен айтулы оқиғалар орын алар күндер көп. Мәселен, Алаштың ірі қоғам және мемлекет қайраткерлері, ағартушы Мұхамеджан Тынышбаевтың туғанына – 145 жыл, Жүсіпбек Аймауытовтың туғанына – 135 жыл, Сәкен Сейфуллиннің, Ілияс Жансүгіровтың туғанына – 130 жыл, тұңғыш академик Қаныш Сәтбаевтың туғанына – 125 жыл, суретші Әбілхан Қастеевтың туғанына – 120 жыл, режиссер Шәкен Аймановтың туғанына – 110 жыл, қазақтың батыр қызы Әлия Молдағұлованың туғанына – 100 жыл, Батыр Рақымжан Қошқарбаевтың туғанына – 100 жыл, “Еңбекші қазақ” (бүгінгі “Егемен Қазақстан” газеті) газетінің алғашқы шығарылымының жарық көргеніне – 105 жыл, “Союз ТМ-19 ұшағының “Мир” орбиталық кешеніне ғарышкер Талғат Мұсабаевтың қатысуымен іске қосылғанына – 30 жыл толады.
Сонымен бірге ауданның төл басылымы – “Жаңа өмір-Новая жизнь” қоғамдық-саяси газетінің алғашқы шығарылымының жарық көргеніне де биыл 90 жыл толғалы отыр. Мемлекеттік ақпараттық-саяси қызметін үздіксіз жүзеге асырып келе жатқан аудандық басылымның мақсаты – елдік пен теңдік, елдік мұрат жолындағы мәселелер, ұлттық құндылықтар мен жас ұрпақтың тәрбиесі.
Жалпы, газет қай қоғамда болсын, ағартушылық қызметті атқаратын идеологиялық құрал.
Құс екі қанатын қатар қақпаса, алысқа ұша алмайтыны сияқты, мемлекеттің де бір қанаты материалдық құндылықтар болса, екінші қанаты рухани құндылықтар. Сондықтан ұлт руханиятының жанашыры, тірегі болып жүрген елдегі басылымдардың материалдық және шығармашылық әлеуетінің дамуына ерекше мән берілуі керек. Осы ретте, аудандық басылымның мәселелеріне бей-жай қарамай, оған әрдайым қолдау білдіріп отырған аудан басшылығына редакция ұжымының және қалың оқырмандарымыздың атынан алғыс білдіреміз.
Газет ұжымы өзіне жүктелген мақсат-міндеттерді барынша жедел әрі сапалы орындауға бар күш-жігерін жұмсап, еңбек етуде. Яғни, аудан әкімдігінде түрлі мәселелерге қатысты өткен жиындарда көтерілген мәселелер мен мемлекеттік бағдарламалардың орындалу барысы, ауданның даму жоспары бойынша түрлі салада атқарылып жатқан жұмыстар, жалпы ауданның тыныс-тіршілігі жайлы ғана емес, түрлі айдарлармен отбасы құндылықтары, жас ұрпақ тәрбиесі, қарапайым еңбек адамы, ұлттық құндылықтар, өнер, мәдениет, білім, денсаулық сақтау саласы туралы мақалалармен қатар қыз-келіншектер, жастар мен ардагерлерге арналған беттер, қысқасы түрлі сала, түрлі жастағы оқырмандардың сұранысын қанағаттандыруға күш салуда.
Баспасөз – ұлт, мемлекет тарихының жанды шежіресі. Себебі, уақыт өте келе хатқа түскен жазулар тарихқа айналып, белгілі бір кезеңде мемлекетте қандай оқиғалар болды, қандай тұлғалар еңбек етті, олардың еңбегінің қоғамның дамуына, елдің өркендеуіне қандай әсері болды деген сауалдарға нақты жауап беріп, өткенді көз алдыңа келтіреді. Сол заман мен өзің өмір сүріп отырған дәуірдің артық-кемін салыстыра қарап ой түюге, ақиқатты тануға мүмкіндік береді. Демек, 90 жылдық тарихы бар “Жаңа өмір” газетін парақтау арқылы да бұрындағы ауданның тыныс-тіршілігін даму жолын, білім мен мәдениеттің, баспасөздің мән-жайын, халықтың әл-ауқатының жағдайын біле аламыз.
Бүгінде қазақ баспасөзі өсіп-өркендеген, өзге елдермен терезесі тең еліміздің қалпын танытатын рухани құралға айналды. Дегенмен бүгінгі қоғамда тұрғындардың газетке жазылу, газет оқу мәдениеті төмен болып тұр.
Аудандық басылым тиражының көбеюіне өз үлесін қосып жүрген газет жанашырлары бар. Атап айтқанда, Қарасаз ауылдық округінің әкімі Жанар Нұрмұратқызы мен Қарасаз ауылының тұрғындары, газет жанашырлары Нұртаза Омаров пен Толқын Қарабекованың ұйымдастыруымен 2024 жылға 171 данаға жазылып отыр. Бұл соңғы 10 жылда ауылдық округтердің ішінде ең көп жазылған, яғни ең жоғарғы көрсеткіш.
Сонымен қатар ауылдық округтерден Ақсай ауылдық округі 101 дана, Көкбастау ауылдық округі 100 дана, Жетітөбе ауылдық округі 97 дана, Қошқарата ауылдық округі 88 дана, Шақпақ ауылдық округі 83 дана жазылып, басылымға үлкен қолдау көрсетті. Өкінішке қарай, ең төмен көрсеткіш Қызыларық ауылдық округі 29, Күреңбел ауылдық округі 36 дана ғана жазылған.
Ал мекемелерден аудандық мәдениет үйі, Қазақтелеком, Өрт сөндіру бөлімі, аудандық санитариялық- эпидемиологиялық бақылау басқармасы мен СЭС зертханасы, Жуалы газ шаруашылығы, Ақсай су шаруашылығы, Жуалы су мекемелері мен аудандық тарихи-өлкетану музейі мекемелері жоспарды артығымен орындады.
Ал, білім мекемелерінен №5 М.Ломоносов атындағы орта мектеп ұжымы 94 дананың орнына 104 дана газетке жазылды. Бұл да білім мекемелері арасында соңғы бес-алты жылда бірінші рет орындалып отырған жоғарғы көрсеткіш. Сонымен бірге А.Пушкин атындағы, С.Бәйтіков, А.Байтұрсынов, Абай, атындағы орта мектептері мен Диқан ОМ мен №15 Ә.Бөкейханов атындағы тірек мектеп-лицейі мен №1 Өнер мектебі және “Аягүл”, “Балдырған” және №1 бөбекжай-балабақшалары жоспарды орындап, аудандық газетке жазылу науқанында белсенділік танытты.
Оқырманы көп басылым – ордалы басылым. Сондықтан әрбір басылым үшін жазылушылардың белсенділігі маңызды. Сол себептен мақалада аты аталмаған, алайда жоспарды толық орындаған барлық мекеме басшылары мен ұжымдарға, газеттің тұрақты оқырмандарына үлкен алғысымызды білдіреміз.
Сондай-ақ, жазылым науқанында өз қаражатының есебінен ауылдағы аз қамтылған отбасыларға аудандық газетке жаздырып беріп жүрген тұрақты демеушілеріміз бен жанашырларымыз – Көлтоған ауылынан Мақсатбек, Әлия Байболовтар, аудандық мәслихаттың депутаты Нүрила Мәлібекова, Нұрлыкент ауылынан Роза Қартбаева сынды жекелеген азаматтарға айтар алғысымыз шексіз.
Осы орайда оқырмандардың уәжін де айтып өтпеске болмайды. Көптеген оқырмандарымыз өздері жазылған газет-журналдарды уақтылы алмайтынын, яғни шеттегі ауылдар былай тұрсын, ауданның орталығы Бауыржан Момышұлы ауылының өзінде кей көшелерде пошта тасымалдаушылар газетті екі аптада, кейде айына бір-ақ рет жиып алып келетінін айтып, өкпе-реніштерін білдіруде. Оқырмандардың реніші орынды. Қай-қайсысымыз болса да жазылған басылымымызды уақтылы алып, оқығымыз келеді. Сондықтан аудандық пошта байланыс торабы жұмысын ширатуы керек.
Аудандық басылым өз оқырмандарымен бірге биыл өзінің 90 жылдық торқалы тойын атап өтуді жоспарлауда. Газеттің тойы әрине, оқырманға, аудан жұртшылығына рухани тұрғыда берері мол, тағылымды той болуы мақсат етілуде.
Басылым мазмұнының баюына өз үлестерін қосып жүрген зиялы қауым өкілдері мен ойлы оқырмандарымыздан да тың дүниелер күтеміз.
Жаңа жылымыз тағы да құтты болсын! Ұлу жылы жақсылығымен келсін!
Перизат Шымыртайқызы,
бас редактор