Basty bet
Күздік бидай егу науқанын сәтті аяқтады
Ауыл шаруашылығындағы агроөнеркәсіптік кешенді дамыту ісі мемлекет саясатының басым бағыттарының бірі екені дау тудырмайды. Асыраушы саланың жұмысына шындап көңіл бөлмей, оған нақты әрі жан-жақты көмек-қолдаулар жасамай, елдегі азық-түлік қауіпсіздігін де жолға қою екіталай нәрсе.
Жамбыл облысында агросаланы дамыту бағытындағы дәстүрлі жұмыстар алдағы жылдары да өз жалғасын тауып, атап айтқанда, агроөнеркәсіп кешенін одан әрі дамыту мақсатында ет және сүт өндіруді, ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеуді ұлғайту жоспарланып отыр.
Жуалы ауданы – аграрлы өңір. Асанқайғы бабамыз тамсанғандай, топырағы құнарлы да қасиетті, егін салып, төрт түлік өсіруге барынша ыңғайлы өңірде кейінгі жылдары ауыл шаруашылығы саласы қарқынды дамып келеді. Ауданның негізгі табыс көзі де дәл осы ауыл шаруашылығы саласымен тікелей байланысты. Саладағы табыс та жыл санап артып, аудан қазынасын молайтуға да саланың қосып отырған үлесі орасан зор деп айтуға болады.
Баптай білсең – жер жомарт. Биыл көктем мезгілінің жауын-шашынды болуы жер емген жергілікті диқан қауымының көңіл күйін көтеріп, жаздағы егін жинау науқаны кезінде өңір диқандары жылдағыдан мол өнімге қол жеткізді.
Аудан орталығымен іргелес жатқан Ақсай ауылдық округінде де биылғы егін орағы науқаны ойдағыдай жүргізілді. Ақсай ауылдық округінде жалпы 4 994 гектар егістікке жарамды жер бар болса, оның ішінде, биыл – 1 620 гектар алқапқа жаздық арпа дақылы, тиісінше, 490 гектарға күздік бидай, 810 гектарға мақсары, сонымен бірге, картоп -125 гектарға, ал таза жоңышқа -420 гектар алқапқа егіліп отыр.
Округтің орталығы Қайрат ауылында егістік жер егіп, адал еңбек арқылы ел ырысының еселенуіне мол үлес қосып отырған іргелі шаруашылықтардың бірі – «Әлібек» шаруа қожалығы. Еңбек майталманы, марқұм Шаяхмет Қалдарбековтың бастамасымен 2001 жылы құрылып, бүгінде шаруасы шалқыған шаруа қожалықтың жұмысы өзгелерге үлгі боларлықтай. Шаруашылықтың барлық жұмысын ағайынды Әлібек пен Зерек бірлесіп жүргізіп келеді. Әлібек егін шаруашылығын өркендетіп, малдың қыстық азығын молынан дайындауға күш салса, Зерек ауылдың жанындағы тауарлы-сүт фермасында сиырдың басын көбейтіп, одан сауылған сүтті аудан орталығындағы сүт өңдеу зауыттарына өткізеді. Сонымен бірге, мал бордақылаумен де айналысады. Бірлесіп көтерген жүктің жеңіл болатынын бұрыннан-ақ пайымдаған ағайынды азаматтар кесе-көлденең кездескен проблемаларды да ақылдаса отырып шешуді әдетке айналдырған.
Шаруашылықта ағайынды азаматтар – Фархат, Нұрхат және Азамат Қуантаевтар 10 жылдан астам уақыттан бері механизатор болып тұрақты жұмыс істейтіндерін сөз арасында айтып қалды. Бір жағынан олардың тірлікке төселіп қалғандары ширақ қимылынан көрініп-ақ тұр.
-Биыл егістіктен алынған түсім жаман болған жоқ. Алдыңғы орылған алқаптардан 20 центнерге дейін өнім жиналды. Бір айта кетерлігі, біз шаруашылықтағы көктемгі және күзгі дала жұмыстарының барлығын ағайынды азаматтармен бірге атқарамыз. Күзде жерді аударып, өңдеген кезден бастап, көктемде қай алқапқа қандай дақыл егілді және оның шығымы қалай болды? Барлық процес көз алдымыздан өтеді. Еңбегімізге төленетін жалақының көлемі де көңіл қуантады. Науқандық жұмыстарды атқару кезінде өнімділікке қарай мол табыс табамыз,- дейді шаруашылықтың аға механизаторы Фархат Қуантаев.
«Не ексең, соны орасың» деген. «Әлібек» шаруа қожалығы алдыңғы жылдары егістіктен дәл осындай мол өнімге қол жеткізген болатын. Сол тұста жаздық арпа алқабының әр гектарынан 20-25 центнерге дейін өнім алғаны жөнінде жоғары көрсеткіш тіркелгені белгілі. Шаруашылықта осының есебінен кейінгі жылдары жаздық арпаның алқабын 300 гектарға дейін ұлғайтуға мүмкіндік туып отыр. Егістік алқаптарға жаздық арпадан бөлек, күздік бидай, мақсары және мал азығына бірнеше гектар жоңышқа егіледі. Аталған шаруашылық тұқымның сапасын тұрақты түрде жақсартып отыру мақсатында осыдан бірер жыл бұрын Түркістан облысына қарасты Сарыағаш ауданындағы «Красныйводопад» аталатын тұқым шаруашылығынан жаздық арпаның «Бәйшешек» жоғары репродукциялы тұқымын әкеліп, алқаптарға жерсіндірген болатын. Нәтиже де жаман болған жоқ. Олар кейіннен де сол тұқымды ауыспалы тәсілмен жаңартып егу үстінде.
«Әлібек» шаруа қожалығы негізінен иелігіндегі егістік жерлерді «Беларус», «МТЗ» маркалы бірнеше дана доңғалақты трактормен, «Енисей» маркалы екі комбайн, шөп оратын және шөп тайлайтын, т.б. ауыл шаруашылығына қажетті қосалқы агрегаттармен тиімді игеруге күш салуда. Шаруашылық бірнеше жыл бұрын лизинг жүйесімен бір дана «Беларус» тракторын алуға қол жеткізсе, кейіннен тағы бір жаңа тракторды жеке қаражатқа сатып алғандарын айтады. Шаруа қожалық басшысы, істің көзін таба білетін азамат Әлібек Қалдарбеков егістік жердің көлемін ұлғайтудан бөлек, малдың басын асылдандыруды да көздеп отырғанын жеткізді. Мүмкіндіктер болса, шаруа қожалықты тұқым шаруашылығына айналдырмақ ойы бар.
Нұржан Манасұлы,
«Жаңа өмір»