Basty bet

Жас дзюдошы Расул

Иә, жұлдызы биік Жуалы ауданының аты атала қалса, ең алдымен даңқты қолбасшы Бауыржан Момышұлының есімі мен өр тұлғасы бірден ойымызға оралатыны анық. Одан кейін біздің ауданның жұртшылығы спортта биік жетістіктерге жеткен даңқты ұл-қыздарымен және әлемдегі жоғары байрақты бәсекелерде елімізге олжа салып жүрген чемпиондарымен де мақтанатыны даусыз.
Спорт денсаулықтың кепілі екеніне ешкім де қарсы дау айта алмасы анық. Спорт пен дене шынықтырудың адам денсаулығына тигізер пайдасынан бөлек, ол адамның ішкі рухын да қоса шыңдайтыны белгілі. Әлбетте, үлкен спорттың мемлекет мерейін де өсіретін жағымды жақтары бар.
Осы ретте біздің Жуалы ауданынан жастайынан спортты жанына серік етіп, қасиетті өлкенің даңқын асырып, сол арқылы өздері де құрметке бөленіп жүрген даңқты азаматтарымыз аз емес. Біздің ауданымыз ежелден күрес және бокс арқылы алыс-жақынға танымал. Қазақша күрес және самбодан Сәлкен Жартыбаев, Ғани Сейділдаев, кикбокстан Ғани Досаев, бокс спортынан Бақтияр Артаев, Әбілхан Аманқұл, Сағадат Рахманқұлов сынды жуалылық саңлақ спортшылар әлбетте, біздің заңды мақтанышымыз.
«Толқыннан толқын туады» демекші, Жуалыдай қасиетті топырақтан түлеп ұшқан даңқты спортшылардың жолын бүгінде кейінгі жас буындардың жалғастырып келе жатқаны бәріміздің көңілімізге қуаныш ұялатады. Қазіргі таңда үлкен спортта ауыз толтырып айтарлықтай жетістіктерге жеткен жас буын спортшыларымыз жетерлік.
Болашағынан үлкен үміт күттіретін жуалылық жас балуанның бірі – Расул Мұқым. Жас та болса, осыған дейін үлкен жетістіктерге жетіп үлгерген балуан Расул балуандар әулетінің заңды өкілі. Күреңбел ауылынан шыққан Мұқымовтар әулетінің үкілі үміті. Әулеттің ортаншы ұлы, самбодан әлем кубогының иегері, даңқты балуан Мият Мұқымовтың ұлы.
Белгілі спортшылар әулетінде туып-өскен өреннің де саламатты өмір салтын ұстанып, үлкен спортқа келуі де заңды құбылыс болып көрінгенімен, сол атқа лайық болу екінің бірінің қолынан келе бермесі анық. Бүгінде Тараз қаласындағы №45 Бауыржан Момышұлы атындағы мектеп-гимназияның сегізінші сыныбында оқитын Расул Мұқым жастайынан дзюдо күресін жанына серік етіп келеді.
Облысқа белгілі бапкер, талай спортшыларды баптап, қияға қанат қақтырған білікті жаттықтырушы Ахмет Жұмағұлдан тәлім теріп, Тараз қаласындағы «Атлетик» спорт кешенінде жаттығып жүрген жас балуан дзюдошының осыған дейін алған бірқатар жоғары жетістіктері бар.
Бұған дейін де бірқатар өңірлік жарыстарда топ жарып жүрген жас балуан Расул Мұқым үшін 2022 жыл сәттілікпен әрі жеңіспен басталды. Атап айтқанда, биыл дзюдодан 2007-2008 жылдары туған жасөспірімдер арасындағы қысқы демалыс күндеріне арналған дәстүрлі ашық республикалық турнирінде +73 келі салмақ дәрежесінде топ жарып, І орынды иеленеді. Бұл жетістігі үшін ол Алматы облысының дене шынықтыру және спорт басқармасының Дипломына ие болған.
Наурыз айында ел астанасы Нұр-Сұлтан қаласында ұйымдастырылған дзюдодан 2005-2007 жылдары туған жасөспірімдер арасындағы Қазақстан Республикасының чемпионатында 81 келі салмақта ІІІ орынның жүлдесіне иелік етіп отыр. Сонымен қатар, ерлер арасында дзюдо күресінен жоғары жетістіктері үшін ағымдағы жылдың мамыр айында Қазақстан Республикасы дзюдо федерациясы президентінің міндетін атқарушы Асхат Жіткеевтың арнайы Дипломымен марапатталған.
«Талпынған жетер мұратқа» демекші, жас балуанның жеңісті жолы әлі алда деп білейік. Ахмет Жұмағұлдай білікті бапкердің алдын көріп, қоластында жаттығып жүрген жуалылық Расулдай жас өренді тек биік шыңдардан көргіміз келеді.
Нұржан Манасұлы,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close