Basty bet

Тазалық – тазалықты сақтаған жерде

Жуалы ауданының табиғаты сұлу, ауасы таза, суы бастаулардан шығатын салқын әрі дәмді, жерінің топырағы құнарлы, таулары биік, сай-саласы шежіреге толы сыр шертеді.
Тарихи деректерге сүйенер болсақ, жерұйықты іздеген Асан қайғы бабамыз Жуалы өңіріне тоқтап, «Шөбің – шүйгін, суың – бал, топырағың – май екен, қадіріңді егін салған ел білер» деп тамсанған екен. Ал, бүгінде Жамбыл облысының тұрғындары біздің ауданды “Қазақстанның Швейцариясы” деп атап кеткен.

Алайда өкінішке орай, ашығын айтайық, заман өзгерген сайын адамның да табиғатқа деген көзқарасы өзгеріп бара жатқандығы көңілге қаяу салады. Соңғы жылдары ауданымыздың әсем табиғатын қастерлемей, табиғатты былай қойғанда өз аулаларын ластап жатқан тұрғындар бар. Әрине, көпке топырақ шашудан аулақпыз. Бірақ, көшеден өтіп бара жатсаң кейбір үйлердің сыртқы ауласында күл-қоқыстың көптеп жатуы, ауыл тұрғындарының осыған көңіл аудармауы қатты толғандырады.
Шеткі ауылдарды былай қойғанда, аудан орталығы саналатын Бауыржан Момышұлы ауылында тұратын кейбір тұрғындар өз үйінің іргесіне немесе өздерінің үйінің артқы жағында орналасқан сай-салалардағы жерлерге қоқыстың түр-түрін тастап, табиғатты ластап жатыр. Оның ішінде шиша бөтелке, пластик ыдыстар, құрылыс заттары, малдың көңдері және т.б. көптеген қоқыс қалдықтарын араластырып төгуде.
Оған қоса, Б.Момышұлы ауылының өзінде 10-15 жылқы, сиыр ұстайтын ауыл тұрғындары малдың көңдерін сол үйдің артында орналасқан сай-салаларға төгуде. Ал, оның жағымсыз иісі көрші үйлерге тарап, ауру кенелердің қозуына әкеліп, жылқы туберкулезының адамға жұғып, таралу қаупін жоғарылатады. Әсіресе қазіргі таңдағы «COVID-19» коронавирустық инфекциясының қозуын жоғарылатып қауіп төндіруі мүмкін.
Заңнамаларға сай 1 үй 10-15 жылқы малын ауылдың дәл орталығында ұстауға рұқсат беріл ме, деген заңды сұрақ туындайды осындайда. Егер Б.Момышұлы ауылының әкімшілігі және Жуалы ауданының санитарлық-эпидимиологиялық бақылау басқармасының тарапынан аталған мәселеге көңіл бөліп, шара қолданса артық болмас еді.
Осыған байланысты жоғарыдағы толғандыратын мәселеге қатысты мемлекетіміздің заңнамалары мен ережелерінің нормаларына көз жүгіртіп өтейік.
Атап айтсақ, Жамбыл облысы аумағында жануарларды асырау Қағидаларын бекіту туралы Жамбыл облыстық мәслихатының 2020 жылғы 11 желтоқсандағы №52-7 шешімінің 3 бөлігіне сай, жануарларды ұстау тәртібі нақты көрсетілген. Мәселен, жануарлар жеке тұрғын үйлерден, көп қабатты пәтерлерден алыс қашықтықта орналасқан арнайы жабдықталған (жабық) орындарда санитариялық-эпидемиологиялық талаптар” санитариялық қағидаларына сәйкес ұсталуға тиіс делінген.
«Ветеринариялық (ветеринариялық-санитариялық) қағидаларды бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің 2015 жылғы 29 маусымдағы №7-1/587 бұйрығының 7-параграфына сәйкес, ветеринария саласындағы жеке және заңды тұлғалардың міндеттеріне қоршаған ортаның ластануына жол бермеу, аумақтарды, мал шаруашылығы қора-жайларын, сондай-ақ азықты, жануарлардан алынатын өнім мен шикізатты сақтауға және өңдеуге арналған құрылысжайларды осы Қағидалар мен ветеринариялық нормативтерге сәйкес ұстау, ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендіру, жануарлар қырылған, бірнеше жануар бір мезгілде ауырған немесе олар әдеттен тыс мінез көрсеткен жағдайлар туралы хабарлауға және ауру деп күдік келтірілген кезде, ветеринария саласындағы мамандар, жануарларды оқшаулап ұстау жөнінде шаралар қолдануы қажет.
Жергілікті атқарушы органдар жоғарыдағы мәселе бойынша Б.Момышұлы ауылының көп мал асырайтын үйлерді тексеріп, аралап өткені дұрыс болар еді.
Ауыл тұрғындары өзінің ауласын таза ұстаса өзіне де жақсы, денсаулыққа да зияны тимейді.
Егер ластағандар табылса оларға қатысты ҚР заңнамаларында аталған заңбұзушылықтарға да қатысты жауапкершіліктер қарастырылған. Мысалы, Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы 434-2-бабына сай, ортақ пайдаланылатын орындарды, саябақтарды, скверлердi ластау, оның iшiнде белгiленбеген орындарға коммуналдық қалдықтарды тастау 5 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға алып келеді. Сонымен қатар, 324-бабына сай, қоршаған ортаны қорғау жөнiндегi санитариялық-эпидемиологиялық және экологиялық талаптарды бұзғаны үшін ескерту жасауға немесе жеке тұлғаларға – 10, лауазымды адамдарға, шағын кәсiпкерлiк субъектiлерiне – 15, орта кәсiпкерлiк субъектiлерiне – 20 айлық есептiк көрсеткiш мөлшерінде, iрi кәсiпкерлiк субъектiлерiне қоршаған ортаға келтiрілген зиян сомасы мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.
Қорытындылай келе, мақаламыздың басында айтып кеткендей, осы бір тұмса табиғаты бар, саф таза ауасы бар қасиетті жерді мекен еткен әрбір азамат өзін бақытты сезінуі тиіс деп ойлаймын. Сондықтан да ауасын жұтып, суын ішіп отырған өлкеге деген сүйіспеншілігіміз шексіз болу керек. Ал сол сүйіспеншілікті арттыруға ықпал ететін мәселе – тазалық.
Әрбір жуалылық өскен ортасы мен тұрғылықты жерін өзінің үйіндей көрсе дейміз. «Тазалық – тазалаған жерде емес, тазалықты сақтаған жерде» дейді орыс мақалы. Шындығында тұрғылықты жерімізді шашып бүлдіретін де, жинайтын да – өзіміз. Ал жұртшылықты сенбіліктерге жұмылдырсақ, әрбір тұрғын өз ауласын таза ұстаса ауданымыз гүлденіп, ауылдарымыз көркейіп шыға келер еді. Өйткені, халық өзі жинаған жерді өзі шашпайтыны анық.

Мақпал САМАТҚЫЗЫ,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close