Basty bet
Саналы ғұмырын ұрпақ тәрбиесіне арнаған
Ұстаз – ұлттың ұлы тұлғасы, рухани діңгегі. Осындай асыл жандардың бірі – бар саналы ғұмырын бала тәрбиесіне арнаған ұлағатты ұстаз, ардагер педагог Күлдәнеш Миралиева.
Ол 1947 жылы Жамбыл облысының Айша бибі ауылында дүниеге келген Күлдәнеш Қуандыққызының балалық шағы Қызыларық ауылында өтті. Бұрынғы Күйік жеті жылдық мектебіннен білім алып, содан соң Абай атындағы Жамбыл педагогикалық училищесінде бастауыш сыныптың мұғалімі мамандығын игеріп шығып, ұстаздық жолға бет бұрды.
Еңбек жолын бұрынғы Күйік сегіз жылдық мектебінен бастаған ол, 1965 жылы Қызыларық бастауыш мектебінде ұстаздық қызметін жалғастырды. Ұстаздықпен басталған еңбек жолы мектепте оқу ісінің меңгерушісі қызметімен жалғасты.
Ұстаздық жолдағы ұзақ жылғы еңбегі мен жас ұрпаққа сіңірген елеулі үлесі үшін Күлдәнеш Қуандыққызы Жамбыл облысы әкімінің Құрмет грамотасымен марапатталған. Бұл – ұстаздың қажырлы еңбегінің және адал қызметінің лайықты бағасы деп білеміз.
Ардагер ұстаз өзі ұзақ жыл еңбек еткен №17 Ы.Алтынсарин атындағы орта мектепте жақын күндері ардагер ұстаз Күлдәнеш Қуандыққызының ұстаздық еңбегіне арналған тағылымды кездесу ұйымдастырылды. «Ұстаз – ұлттың ұлы тұлғасы» атты кеш ардагер ұстаз Күлдәнеш Миралиеваның өмірі мен еңбегін ұлықтауға арналды.
Кеш барысында ұстаздың ұлағатты өмір жолы кеңінен баяндалып, шәкірт жүрегіне жол тапқан жылы естеліктері мен бейнебаяндар да көрсетілді. Сондай-ақ, педагогтар да ардагер ұстаздың білім саласындағы елеулі еңбегін айтып, өмірлік тәжірибе мен ақыл-кеңес алды.
– Ұстаздық мен үшін жай ғана мамандық емес, бұл – өмірдің мәні мен мағынасы секілді. Әрбір шәкіртімнің жетістігін көрген сайын еңбегімнің зая кетпегеніне күнде шүкіршілік етемін. Балаға жақсы тәрбие мен жақсы білім берсең, ол қандай жетістікке жетсе де сені өмір бойы ұмытпайды. Еліміздің болашағы – білімді де тәрбиелі ұрпақтың қолында. Сол себепті ұстаз үнемі ізденісте болып, бар білгенін шәкірттеріне шын жүрегімен үйретуі керек,- дейді ардагер ұстаз Күлдәнеш Миралиева.
К.Миралиева отбасында отағасы екеуі төрт ұл-қыз тәрбиелеп, бүгінде ұстаз олардан 18 немере, бір шөберенің қызығына кенеліп отыр. Отбасының ұлағатты дәстүрін келіні Гүлзира Миралиева лайықты жалғастырып, ардагер ұстаз қызмет еткен №17 Ы.Алтынсарин атындағы орта мектепте бастауыш сыныптың мұғалімі болып еңбек етуде. Мұны – ұрпақтан ұрпаққа жалғасқан еңбектің, адалдық пен парасаттың бір көрінісі десек болатындай…
Аяжан ҚАЗЫБЕК,
«Жаңа өмір»