Basty bet
«Өз мамандығымды мақтан тұтамын»
Жоғары оқу орнын аяқтаған жас мамандардың ауылды түлетсем екен деген арман-тілектерінің орындалуына мемлекет тарапынан жағдайлар жасалуда. Соның бірі – «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасы. Аталған бағдарлама шын мәнінде жас мамандардың болашағына жол ашуда. Бүгінгі күні аталған бағдарламаның республикалық деңгейде қолдау тауып, өз жемісін беруі көңіл қуантады.
«Дипломмен – ауылға!» бағдарламасының игілігін көрген жас маманның бірі – Балжан Бүркіт. Ол ауданға қарасты Ақсай ауылдық округіндегі ветеринариялық пунктте ветеринариялық фельдшер болып жұмыс істейді.
Иә, ветеринариялық фельдшер – қазіргі таңда үлкен сұранысқа ие мамандықтардың бірі. Қиындығы мен қызығы бірге жүретін бұл мамандықты екінің бірі таңдай да бермейді. Алайда біздің кейіпкеріміз өзінің қалауы бойынша осы мамандықты таңдап, жұмысын қызығушылықпен атқаруда.
Балжан Бүркіт 1996 жылы Ақмола облысы Астрахан ауданындағы Астрахан ауылында дүниеге келген. Ол аталған ауылдағы № 1 жалпы орта білім беретін мектептің түлегі. Мектепті аяқтаған соң Астана қаласындағы Сәкен Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетіне ветеринарлық медицина факультетіне оқуға түседі. Балжан 2019 жылы жуалылық азамат Рамазан Расылханмен шаңырақ көтереді. Осылай қасиетті Жуалы жеріне үлкен әулетке келін боп түседі. Бүгінде екеуі қос бүлдіршінді тәрбиелеуде.
Балжан Бүркіт өз сөзінде «Дипломмен – ауылға!» мемлекеттік бағдарламасы баспанасыз жүрген жас мамандарға өте тиімді екенін айтады. Бұл бағдарлама жайлы жақындарынан естіп біледі. Көп ұзамай аудан әкімдігінің экономика және бюджеттік жоспарлау бөлімінің мамандарымен жолығып, аталған бағдарламаға қатысуға өтініш білдіреді. Осылайша бағдарламаға қажетті құжаттарды жинақтап, салалық бөлімге өткізеді.
«Баспана – бақыт шамы» демекші, аталған бағдарлама бойынша 5 миллион 175 мың теңге көлеміндегі қаржыға болашақта баспаналы болатынын ерекше толқыныспен жеткізді. Сонымен қатар, мамандығы мақтанышы екенін де жасырмады.
– «Медицина адамды, ал, ветеринария адамзатты емдейді» деген кереметтей қанатты сөз бар. Бұл мамандық менің бала кезден арманым болатын. Үйдегі жануарлардың не себепті ауыратынын, қалай және қай жері ауырып жатқанын зерттеп жүретінмін. Оны қалай жазуға болатынын да ойлайтынмын. Сол себепті де бүгінде мен мамандық таңдаудан еш жаңылысқан жоқпын деп ойлаймын,– дей келіп Балжан жастарды ауылдың дамуына, өркендеуіне үлес қосуға шақырды.
Ветеринар маманы өз ісіне атүсті қарауына болмайды. Малдың кеселі – адам денсаулығына кесірін тигізуі әбден мүмкін. Сондықтан өз ісін сүйетін, жауапкершілігі жоғары мамандар, ауылына, халқына, Отанына жаны ашитын жастардың, азаматтардың көп болуы саладағы проблемалардың түйінінің шешілуіне негізгі себеп болмақ.
Анар ТІЛЕНШИЕВА,
«Жаңа өмір»