Basty bet
Қазақ тілін еркін меңгерген қазыналы қария
Құшағы кең қазақ елі көптеген өзге ұлт өкілдерін бауырына тартты. Қазақстанда бір шаңырақ астында өмір сүріп жүрген түрлі ұлттар мен ұлыстардың бірлігі, ынтымағы басқа мемлекеттерге үлгі. Елімізде соңғы уақытта қазақша сөйлейтін өзге ұлт өкілдері айтарлықтай көбейгені де басты жетістігіміз.Бұл – нағыз патриоттардың қазақ жеріне, мемлекеттік тілге деген құрметі. Олар тек қазақ тілін ғана емес, халқымыздың салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпын да құрметтейді. Осы орайда, қазақ тілін жетік меңгерген өзге ұлт өкілін оқырмандарға таныстыруды жөн көрдік. Қазақ тілін туған тіліндей сөйлейтін өзге ұлт өкілдерінің бірі – Зафар Абдуллаев. Ол байрағымыз көкте желбіреп, қазақ тілінің мәртебесі әрдайым биік бола берсін деген ниетін әңгіме барысында жеткізді.
Зафар Гилал 1953 жылы Әзірбайжан Республикасының Джулфа ауданында дүниеге келген. Мектепті бітірген соң, Баку қаласындағы индустриялық-техникалық колледжде білімін жалғастырды. Мамандығы педагог-құрылысшы. Дипломын қолына алған маман Нахчыван қаласындағы колледжде білім алушыларға төрт жылдай сабақ берді. Қазақ елі – көпұлтты қасиетті қоныс. 1979 жылы Қазақстанға қоныс аударады. Қазақ тілінде бір ауыз сөз білмейтін кейіпкеріміз Қазақстанға келгеннен кейін мемлекеттік тіл – қазақ тілін меңгеріп алды. 1980 жылы Гулия Абдуллаевамен шаңырақ көтерді.
Халқымызда «Бақыт дегеніміз – еңбек пен баланың қызығын көру» деген тәлімді сөз бар. Сонау албырт шағында жүрекпен ұғысып, нық сеніммен қол ұстасқан Зафар қария мен Гулия апайды сұм ажал екіге айырған екен. Жұбайы үш жыл бұрын дүниеден озған. Отбасында жеті қыз, бір ұлды дүниеге әкеліп, он бес немере, төрт шөбере сүйіп отырған жан. Қазақ елі әлімсақтан «Балалы үй – базар» деп баланың адам өміріндегі маңызын айшықтаған. Сонымен бірге «Адам ұрпағымен мың жасайды» дегенді де естен шығармаған. Өмірдің мәні мен сәні – бала екені айдан анық. Мерейі тасыған отбасы – әр күні мерекеге ұласқан тірлігі бар, береке мен тастүйін бірлігі бар, өзгеге үлгілі ісі бар.
Қария он жылдан бері ауылдағы жергілікті әзірбайжандардың имамы қызметін атқарып келеді. «Қарты бар үйдің қазынасы бар»,- дейді қазақ халқы. Расында да солай. Ата-әжесі бар үйде береке мен молшылық бар. Үйіне түсетін кісі де көп, қонақ та жиі келеді. Әр күндері мереке болып өтеді. Бұл береке мен ынтымақтың белгісі болса керек! Ал ол кісілердің тәрбиесін, үлгі-өнегесін алып өскен бала тәрбиелі, дана болып өседі.
«Көп қарттың ортасында жүрген дана болар» демекші, атасының қасында жүріп ескінің әңгімесін тыңдап, бойына қаншама рухани әрі дағдылық қасиеттерді немерелері бойына сіңіріп отыр. Міне, сондықтан болар бос уақытын немере, шөберелеріне арнайды. Кітап оқып береді, кейде бала боп ойын да ойнап кететін кездері де болады.
-Біздің басты байлығымыз – ынтымағымыз бен бірлігіміз. Бір үйдің баласындай тату тәтті өмір сүріп жатқанымыз қазақ бауырларымыздың қонақжайлылығы мен кеңпейілділігінің арқасында. Атадан мұраға қалған ұлттық құндылықтарымызды сақтауға мүмкіндік берді. «Бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып» бөліп-жармай, бір-бірімізге құрметпен қарайтын зайырлы қоғамда өмір сүріп жатқанымызға үлкен алғыс білдіремін,-дейді елжанды қария.
Анар ТІЛЕНШИЕВА,
«Жаңа өмір»