Basty bet

Күллі мұсылман үмбеті үшін маңызды мереке

Құрметті жерлестер!
Қадірлі жамағат!
Баршаңызды Ораза айт мерекесімен шын жүректен құттықтаймын!
Адамгершілікке, мейірім мен қайырымдылыққа үндейтін қасиетті Рамазан айының аяқталып, Ораза айтының келуі – күллі мұсылман үмбеті үшін маңызды мереке.
Халқымызда: «Шаттық нұрландырады» деген нақыл бар. Шариғат бойынша да айттарда қуанышты болу, жүзiнен нұрлы шырай таралу – Алланың рахметi, пайғамбардың шапағаты, жәннәт және оның нығметтерiне үмiт артудың белгiсi боп есептеледi. Сондықтан мереке күндерi, адамдарға мейiрiммен қарау – амалдардың ең сауаптысы саналады.
Ораза айт күндері әрбір мұсылман туған-туыстары мен бауырларына қамқорлық көрсетіп, мұқтаж жандарға қол ұшын созып, өзінің рухани дамуына зор мән береді. Ізгі ойлар мен игі істер өзара түсіністік пен келісімге бастаумен бірге, адамдарды ортақ мақсат-мүддеге жетелейді.
Қазақстан – бейбіт өмір мен жасампаздықтың мекені. Өзге діни сенімдерге құрмет, толеранттылық пен адамгершілік құндылықтар – халқымызға тән ең игі қасиеттер. Ислам ілімі Отанға деген сүйіспеншілік пен ұлттық дәстүрге берік қоғамымыздың рухани жаңғыру идеясына толық сай келеді.
Қасиетті Жуалы өңіріндегі барша мұсылман қауымы биыл Қасиетті Рамазан айында ораза тұтумен бірге, бірқатар сауапты істер мен игі амалдардың ұйытқысы болғаны анық. Биыл Ораза айының басталуы Наурыз мерекесімен тұспа-тұс келіп, жамағаттың қуанышын еселей түсті. Осынау нұр шашқан қасиетті айда өңірге қарасты барлық ауылдық мешітте ораза тұтқан жамағатқа ауызашарлар ұйымдастырылып, Құран оқылып, Алла тағалаға ғибадаттар жасалды. Бұл – имандылықты алға ұстаған қауым үшін ең ізгі амалдардың бірі саналады.
Рамазан айында ораза ұстаған барша жамағаттың ниеті мен Жаратушы Иеден сұраған дұға-тілектері қабыл болсын! Құдіретті Иеміз халқымызды қауіп-қатерден сақтасын деп тілейміз.
Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын!
Әрбір шаңыраққа бақ-береке тілеймін!
Ораза айт құтты болсын!

Ізгі ниетпен, Жалғас Мұртаза,
аудан әкімі

Таңдаулы материалдар

Close