Basty bet

Тұрақтылықты қамтамасыз етеді

 

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті Қазақстан: құқық тәртібі, экономикалық өрлеу, қоғамдық оптимизм» атты Қазақстан халқына Жолдауында атом энергиясын дамыту маңызына тоқталып, атом электр стансасын салу шешімін бұқара халықтың талқысына ұсынатынын мәлім етті. Бұл әрине, әділетті шешім. Осы ретте, АЭС-тің басқа энергия көздерінен (cу, көмір, газ, жел, күн) артықшылығына аз-кем тоқталғым келеді.

Судан энергия өндірейік десек, елде таулар мен одан сарқыраған бұлақтар, өзендер аз. Негізінен жазық жерде орналасқан ел болған соң жаңа әрі «жасыл энергия» көзіне ұмтыламыз. Бүгінгі күнде ол – АЭС. Энергияның бұл түрі көмір, газ, гидроэнергетика, жел және күн сияқты басқа энергия көздеріне қарағанда да бірқатар артықшылыққа ие.

Ең алдымен, АЭС электр энергиясының тұрақты және қуатты өндірісін қамтамасыз етеді. Ол желінің негізгі жүктемесін үзіліссіз сақтай алады. Сондай-ақ тиімділігі климаттық жағдайларға байланысты емес. Нақтырақ айтқанда, жел мен күн сияқты жаңартылатын көздерден айырмашылығы, АЭС тұрақты және сыртқы факторларға тәуелсіз жұмыс істейді.

Сонымен қатар атом электр стансасында көмірқышқыл газы шығарындыларының минималды деңгейі бар. Бұл оның дәстүрлі көмір және газ стансаларымен салыстырғанда, экологиялық таза нұсқа екенін көрсетеді.

АЭС-тің тағы бір маңызды артықшылығы – ядролық отынның жоғары энергия сыйымдылығы. Ол көмір немесе газбен салыстырғанда, шикізаттың аз көлемінде айтарлықтай көп электр энергиясын өндіруге мүмкіндік береді. Бұл қазба ресурстарына тәуелділікті азайтады және энергия өндіруді үнемді етеді.

Бұлардан бөлек, АЭС-ті орналастыру үшін күн немесе жел электр стансаларына қарағанда едәуір аз аумақ жеткілікті. Бұл қуатты энергетикалық нысандарды құру кезінде жер ресурстарын дұрыс пайдалануды оңтайландырады.

Біз қай кезеңде де бейбітшілікті қолдап-қуаттайтын елміз. Бейбіт атом өндірісі – бейбіт болашақтың кепілі. Президент атап өткендей, алдағы референдум кең ауқымды жалпыұлттық диалогтың тағы бір айқын көрінісі болмақ.

Алдағы референдумда халқымыз елдің жарқын болашағы туралы маңызды шешім қабылдайды. Сондықтан, саяси тұрғыдан дұрыс шешім қабылдау – азаматтық борышымыз! Бірге таңдау жасайық!

 

Ермек АБДИВАИТОВ,

Жуалы аудандық Халыққа қызмет көрсету орталығының директоры

Таңдаулы материалдар

Close