Basty bet
Партия аудандық филиалының төрағасы сайланды
Сәрсенбі күні “Nurai Plaza” бизнес орталығында “АMANAT” партиясының кезектен тыс ХХХVІ конференциясы өтті. Оған “АMANAT” партиясы Жамбыл облыстық филиалы төрағасының орынбасары Жұмабек Ермұхамед, аудандық мәслихат төрағасы Ерғали Тілеубеков және партия белсенділері, бастауыш партия ұйымдарының жетекшілері мен мүшелері қатысты.
Конференция жұмысын аудандық филиалдың атқарушы хатшысы Марат Нарымбеков ашып, жүргізіп отырды.
“Партияның 2021-2022 жылдарға арналған “Өзгерістер жолы: Әр азаматқа лайықты өмір!” атты сайлауалды бағдарламасын іске асыру жөніндегі аудандық Жол картасы бойынша 2021-2022 жылдары атқарылған жұмыстар туралы аудандық мәслихаттағы депутаттық фракциясы жетекшісі Руслан Сайлаубаев баяндама жасады.
Баяндамашыға “АMANAT” партиясы облыстық филиалы төрағасының орынбасары Ермұхамед Нұрмаханбетұлы партия аудандық филиалының сайлауалды бағдарламасында жоспарланған 71 шараның сегізінің орындалмау себептерін сұрады. Баяндамашының айтуынша, оған жеке кәсіпкерлердің қаржылық мүмкіндігінің болмауы және республикалық бюджеттен қаржы қарастырылмай қалуы сынды мәселелер себеп болған.
Күн тәртібіндегі екінші мәселе партия аудандық филиалының төрағасын сайлау мәселесі бойынша партияның облыстық филиалының Саяси кеңес мүшесі, облыстық мәслихаттың депутаты Керімқұл Бегалиев сөйлеп, төрағалыққа Марат Нарымбековтың кандидатурасын ұсынды.
-Марат Аманғалиұлы Нарымбеков еңбек жолын 2008 жылы №1 Балалар өнер мектебінде мұғалім болып бастаған.
Сонымен қатар, әр кездері «Жастар ресурстық орталығының» директорының орынбасары, директоры, аудан әкімдігінің ішкі саясат бөлімінің басшысы қызметтерін атқарды.
2021 жылдың тамызынан бастап бүгінгі күнге дейін «AMANAT» партиясы Жуалы аудандық филиалының атқарушы хатшысы қызметін атқарып келді.
«Қазақстан патриоты» мерекелік төсбелгісімен, Президенттің Алғысхаттарымен марапатталған.
Өздеріңіз білетін Марат Аманғалиұлы әр жылдары мемлекеттік қызметте түрлі жауапты лауазымдарды атқара отырып, ауданның ішкі саяси тұрақтылығын қамтамасыз етудегі еңбегі орасан деп айтуға негіз бар.
Аға буын өкілдері арасында да, жастар арасында да бедел мен құрметке ие.
Марат Аманғалиұлы 2015-2016 жылдардағы сайлау науқандарына белсене араласты. Сонымен қатар, 2022 жылғы қарашада өткен Президент сайлауын аудандық қоғамдық штабтың жетекшісі ретінде абыроймен өткізуге атсалысты.
Марат Аманғалиұлы халықпен ашық сұхбат құруда заманауи құралдарды тиімді пайдаланып келеді. Ішкі саясаттағы тәжірибесін қоғамдық-саяси ахуалды бағдарлауда пайдалана алуда.
Партия жұмысын ұйымдастырып, партиялық жобалардың, қоғамдық кеңестердің жоғары деңгейде іске асырылуын үйлестірді,- деді Керімқұл Бегалиев.
Марат Аманғалиұлының кандидатурасын конференция делегаттары бірауыздан қолдап, ол «AMANAT» партиясы аудандық филиалының төрағасы болып сайланды. Сөз кезегін алған М.Нарымбеков партияластарына сенім артып, қолдау білдіргендері үшін алғысын білдіріп, ауданда мықты кадрларды дайындау, халық үшін еңбек етуде партияластарды жұмылдыра білуде жемісті еңбек ету үшін күш-жігерін аямайтындығын жеткізді.
Конференцияда қорытынды сөз “АMANAT” партиясы Жамбыл облыстық филиалы төрағасының орынбасары Жұмабек Ермұхамедке берілді. Ол алда үлкен саяси науқан, яғни мәжіліс, мәслихат депуттары сайлауындағы өзгерістер, яғни халықтың талап-тілегін ескере отырып аудандық мәслихат депутаттығына кандидаттар партиялық тізіммен емес, өздері түсетінін, облыстық мәслихат депутаттығына 50 пайыз партиялық тізіммен, 50 пайыз бір мандаттық жүйемен түсетіндігі жайлы айтты. Сонымен бірге партияның дәстүрлі жобалары мен партияның беделін көтеруге бағытталған жаңа жобалар жайлы айта келіп, аудандық деңгейде жаңа жобаны қолға алу керектігін де айтып өтті. Сондай-ақ, партияның халыққа қолжетімділігін, сыбайлас жемқорлықпен күресті күшейту, “Жастар рухының” жұмысы, тағы да басқа мәселелер туралы алдағы жоспарларға тоқталды.
Перизат ШЫМЫРТАЙҚЫЗЫ,
«Жаңа өмір»