Basty bet

Сендерді сағынғанда… немесе сыныптастар туралы сыр-толғау

«Кеше бала едік, келдік қой талай жасқа» дейді ақын. Ақын болғанда, орда бұзар отызына жетпей мәңгілігін жасаған Сұлтанмахмұт Торайғыров. Біз соны оқып өстік. Есейдік. Шынында, талай жасқа келдік қой…
Адам жасы ұлғайғанда өткеніне қарайлай береді екен. Бал балалығын сағынады. Өткенін ой елегінен өткізеді. Кімдермен оқыдым, кімдер оқытты дегендей…
Менің мына жазбам өткенді сағынғаннан кері шегініп, ойымда болса да, сол шақпен қайта қауышсам деген аңсарлы ниеттен туған естелік эссе.

Онда жас бала едік. Бізді Коммунизмнің болашақ құрылысшылары боласыңдар деп тәрбиеледі. Ұстазымыздың өзі соған құлай сенді. Сонда бізге мұғалімнен үлкен кісі жоқ көрінетін. 1961 жылдың күзінің бірінші күні мектеп есігін енді аттаған бүлдіршін ұл-қыздар – бәріміз күлімдеп қарсы алған Моматай ағайымызды жақсы көрдік. Бұл аз шығар, өйткені өте жақсы көрдік десем де болады. Станбеков ағайымыз біздің білімге деген көзімізді ашты. Дүниені танытты. Дүние-әлем – Әліппедегі әріптерден басталады деді.
Иә, біз сонда сыныпта қанша оқушы едік?
Біріншінің есігін ашқан көгенкөз сыныптастарымды айтамын.
«Біздің анықтама бюромыз Мұхтар ғой, содан сұрасаңшы», – деді бірден Гүлсара Шалбаева.
Содан Мұхтар екеуіміз алпыс бес жылға шегініс жасадық. Ол бір кездері Қошқарата ауылдық округінде әкім болған.
– Ауылдың басынан бастайыншы: Үкібасов Серік, одан кейін Қоңырова Зеберкүл, одан соң…
Иә, ол өстіп ауылдың аяқ жағындағы Мыңтаева Қатираға дейін санамалап шықты.
Адам сағынышпен ғұмыр кешеді. Парталас болған бала достардың мен үшін бәрі ыстық, аяулы. Әрқайсысы әр қырымен көз алдыма келеді. Қызықты қылықтарымен ойыма оралады.
– Біріншіні бірге бастаған ұлдардан төртеуіміз ғана оныншыны бітіріппіз, – дейді Мұхтар досым, сыныптасым, сырласым.
Амал жоқ, айтылған сөз болған соң еріксіз еске аламын. Мелден досым, қимасым қарсы алдыма келе қалады. Құрдастардың арасында жарасатын қылаусыз көңілімен: «Біз – екі сиқым, екі тоғанаймыз ғой», – дейтін еді.
Марқұмдар үн қатпайды. Бұл Мелдекеңнің жер басып жүргендегі сөзі еді. Екеуміз колхоздың жаз кезінде ғана істейтін балабақшасына бірге барған едік-ау!
Қайран, Мелдебек! Төлқұжаттағы толық есімі бұл. Бірақ бәріміз Мелден дейтінбіз. Сондай көңілі бос болатын. Соңғы қоңырауымыз соғылған сәтте спортзалдағы барлық сыныптар сап түзеп тұрғанда еңкілдеп жылағанын ойласам, езуіме күлкі үйіріледі.
Ол еңбек жолын жылқышы болудан бастады. Шаруашылықтың бас мамандары да, басқалары да ат мінеді. Сол мініс жылқыларын бағатын. Келер көктемде бірге оқығандардың алғашқысы болып азаматтық борышын атқаруға аттанды. Герман Демократиялық Республикасындағы шектеулі әскер бөлімдерінің бірінде міндетін өтеп оралған соң, Қаратаудағы политехникалық институттың құрылысшы-инженерлер даярлайтын факультетін бітірді. Аудандағы іргелі шаруашылықтардың бірі – XXII партьсьезд атындағы колхозда прораб болды. Кеңес өкіметі ыдырап, кеңестік шаруашылықтар тарағанша мамандығы бойынша абыройлы қызмет істеді. Қаншама тұрғын үйлер, қоражайлар, малшылар тұратын үйлер тұрғызды. Білетін жұрт «бәрі Мелденнің еңбегі ғой» дейді.
Айдосов Мелдебек тәуелсіз ел атанған жылдарда да белсенді қоғамдық қызметтен шеттеген жоқ. Қошқарата ауылдық округін басқарды. Әкім болды. Бір рет басқарып, биліктегі мансабын тәмамдаса жөн-ау! Жоғарыдағы басшылықта жүргендерге бір ісі ұнамай қалған болу керек, «не дейсің, сенің Мелден досың қызметінен кетіпті» деген ұзынқұлақтың хабарын құлағымыз шалды. Содан кейін арада екі-үш ай өтті ме, өтпеді ме, білмеймін, «Мелден досың қайтадан әкім болды» деген сүйіншілеген сөз жетті. Біреу, біреу болғанда бала досың жұмыстан босатылды дегенді естігенде үндей алмай бұғып қалған мен дереу ұялы телефонымды қолға алдым. Амандықтан кейін:
– Әй, Мелдеке, сені қайтадан әкім болды дегенді естіп жарылардай болып қуанып отырмын, – десем, әрмен қарай сөйлетпей:
– Әкім болу ақын болу емес қой. Бұл – өте жауапты қызмет. Оған қызыққанмен, мандытып атқара алатындар көп емес. Сол көп еместің бірі мен екенмін. Өткенде өзінше дүние төңкергендей мінез көрсеткен азамат «келіп кетсең, Мелдеке» деп шақырған соң, бардым. «Үйреніп қалған жұмысың емес пе? Қызметіңе қайта кіріс» дейді. Бүгін үшінші күн, екінші рет ауыл әкімі болып атқа қонып, алдыма келген кісілердің шаруасын тындырып отырмын, – дейді. Сол сәт аузыма келген әзілімді ірке алмай:
– «Қайтқан малда қайыр бар» деуші ме еді аталарымыз? Сен – аты да, заты да бар азаматсың. Шерағамыз айтқандай: «Әкім бол, халқыңа жақын бол!». Бізге де керегі өзіңнің абыройлы қызметің ғой, Мелдеке! – деп мамыражай күйдің әсерімен біраз әңгіменің басын қайырып тастадық.
Қошқарата – ауданнан ең алыстағы ауыл. Күнде болмаса да, аптасына екі-үш рет, тіпті кейде күн құрғатпай аудан әкіміндегі жиналыс, басқосуға баруына тура келеді. Қыс кезіндегі қатынасы қиын екендігі айтпаса да түсінікті. Бәріміз білетін Мелден шектен тыс ақкөңіл. Ондай болған жақсы-ақ, алайда шегінен шығып кетсе, оның тигізетін зардабы да баршылық. Ол біраз жыл қызметінде жүрді. Тағы бір күні «Мелден досың әкімдіктен түсіп қалыпты» деген жағымсыз жаңалық сусылдап жетті. Қуандыратын нәрсеге өзің де шыдай алмайсың, ал мынадай жағдай…
Әй, өзі де көңілсіз сүлдесі кетіп жүрген кезінде одан бетер ауыр ойға батырмайын, естімеген, мүлде білмеген кейіп көрсетейін деп едім. Бір жағы ішіндегі алау оттың жалыны басылсын деп өзімді-өзім тежедім. Екі-үш аптадан соң ауылға барамын ғой. Сонда, енді ғана естігендей болып үйіне кіріп шығармын дедім.
Мына қызықты қараңыз, дәл осындай оймен ауылға кіріп, тура екі қабатты кеңсенің алдынан жеңіл көлігімізбен өтіп бара жатсақ, есігі айқара ашылып, ішінен мойнына галстук тағып, әдемі костюмін киген жіптіктей Мелдебек Назарбекұлы шығып келеді. Қалай ғана шыдайын? Көлігімізді кідірттік. Ол да бізді байқаған екен. Салы суға кетті дейтіндей емес, күлімдей басып жақындап келеді. Құшағымыз қауышты. Жағдай сұрасып жатырмыз.
– Әнебір күні қажетсіздей көріп, «Незаменимых людей нет!» деп, қызметтен босатып еді. Әкім болу оңай емес көрінеді. Мен болайыншы деп ауылдың ешбір азаматы құлшына қоймады. Енді жұмыс тоқтамау керек қой. Жоғарыдан тапсырмалар тоқтаусыз түседі. Сонымен, досың әкімдік қызметіне үшінші рет келді. Сен көп жайдан хабардарсың ғой, айтшы, біздің аудан, облыс көлемі демей-ақ қояйын, бүкіл еліміздің ауқымында мен секілді тағдырлы оқиғаны басынан кешкен біреу бар ма? – дейді рахаттана күліп.
– Сондай кісі бар дегенді құлағым шалса, дәл қазір «мақтанба, Мелдебек!» дер едім. Әзірге жоқ қой, жоқ! Сен жалаулатып тұрсың!
– Ендеше әйгілі Гиннес кітабына енетіндей еңбегім бар әкім екенмін. Бірдеңе етіп сол кітапқа кіргіз мені. Барша жұрт білсін, әлемге танылайын.
– Бітті, болды! Ендігі міндет маған ауды. Әлемдік рекордтар кітабына сөзсіз ендіремін, – дедім.
«Ер кезегі үшке дейін» деген сөз бар еді. Күш сынасып, белдесетіндерге байланысты сөз ғой. Мелдебектің әкімдік орынға үшінші рет келуі – тиянақты тірлікпен ұштасқан соңғысы болды. Зейнет демалысына жасы жеткен күні: «Осыған абыройлы етіп келтірген Аллаға разымын. Енді алдағы қарттық жылдарымның жемісін ұзағынан көруге жазсын», – деді аудандық әкімшіліктегі өзі қатысқан, құрметтеп шығарған соңғы жиынында.
***
Нұрмахан Садуақасұлы Жүнісәлиев он жыл бойы сыныбымыздың бетке ұстары болды. Салмақты, әдепті, адал, артық сөзге жоқ сыныптасымыздың әрқайсымыз үшін орыны өзгеше еді. Мектеп бітірер кезде «Кім боламын?» деген тақырыпқа мамандық таңдау кешін өткіздік. Директорымыз – Садуақас Тасқожаев, Нұрмаханның әкесі. Не айтса да, қалай сөйлесе де нақты, ойлы да тұжырымды етіп, көкейге ұялата білетін кісі. Өзіміз белсенділік танытып осындай қаншама жиын, диспуттық шаралар өткізуге ұйытқы болдық. Солардың бәрінде ұстаздарымыз ой толғайды, бәріміз сөз айтуға құлшынамыз. Ең соңындағы түйінді ойдың кезегін Садуақас ағайымыз алатын.
– Сендердің бәрің менің өз баламдайсыңдар. Алда өмір жолдарың қол бұлғап шақырады. Күш-жігерлерің бойларыңда. Жап-жассыңдар. Келешекте кім боламын десеңдер де сендерге әбден жарасады. Ұмтылсаңдар, мақсатыма қалайда жетемін деп ізденсеңдер, ерінбей еңбектенсеңдер – аңсаған армандарың міндетті түрде орындалады. Біз сендерге сенеміз. Ал сендер ешкімге иек артпаңдар, өз-өздеріңе ғана сеніңдер. Сонда өмірлерің мәнді де, сәнді де болады, балаларым, – деп еді.
Аяулы ұстазымыздың қанағаттандырған ұлағатын ту тұтып, елімізге пайдасын көбірек тигізетін жоғарғы білім алайық деп талпындық. Бірақ, бірден жолымыз бола қоймады. Конкурстан өте алмай қалғанына қамыққанымен, таудай талабы қайрай түскен Нұрмахан бір жыл жұмыс істеді. Бос кезінде қолынан кітабын тастамады. Оқыған – озады, ол келесі жылы өз қалауымен барған Алматы зооветеринарлық институтының студенті атанды. Ғалым-зоотехник мамандығымен қоса өмірлік сыңары Бәкентайды алып, бір-ақ келді. Ұл-қызды болды. Кеңестер Одағы ыдырап, шаруашылықтар тоз-тоз болып тарағанша тиянақты біліммен алған дипломының дәмін татты. Содан кейін…
Әңгіменің ашығын айтқанда, күні кеше ғана шаруашылықтарды шалқытып, әр саланың тұтқасын берік ұстаған бас мамандар да, басқа мамандар да не істерлерін білмей аңырып, абдырап қалдық. Солардың бірі Нұрмахан досымыз болатын. Ел басқарған кісінің «Өз күндеріңді өздерің көретін заман келді. Бірдеңе істеңдер, әрекетсіз қалмаңдар» деген сөзін теледидардан естіп, ауыр ойға батты. Кәсіпкерлікті көрейікші деген оймен бір жолдасы екеуі сыр завод ашып еді, оны әрмен қарай жүргізуге ақшаның ретін келтіре алмады. Қалайда жұмыс істеу керек еді. Сол оймен «УАЗ» машинасына тіркеме іздеп Таразға, облыстық балалар спорт мектебінің жаттықтырушысы Шоқан Нәдірбековтың үйіне барды. Ол Гүлсараның жары ғой. Жүзінен нұр төгілген, жүрегі жомарт азамат емес пе: «Ал, Нұреке, өзің басқа бір тәуірін тапқан кезде әкеліп берерсің», – деп, ауласындағы тіркемесін тіркетіп жіберді. Нұрмахан сонымен он жылдан астам уақыт Көлтоған мен Ертай ауылынан сыр заводқа қысы-жазы сүт тасыды. Күнделікті сауған сүттерін қайда, кімге апарып өткізерлерін білмей отырған елге бұл септігі тиген жұмыс болды. Боранды күні де, шыжыған шілдеде де тыным көрмеді. Дегенмен, бес жыл бойы бас алмай оқып, сол бойынша мағыналы тірлік кешпегені көңіліне қаяу салыпты.
– Мелдебек, сен жоғары білім алдың. Кейін өз салаң бойынша қызмет етпесең де, әйтеуір ауылда әкім болып зейнеткерлікке шықтың. Бізде ауыл шаруашылығын Белоруссиядағыдай ұстай алмай, ыдыратқанына, ауылдардың сәнін кетіргеніне қатты өкінемін, – деп нали сөйлепті.
– Алған мамандығыңның аяғына дейін майталманы болмағаныңмен, ешкімнен кем қалған жоқсың ғой, Нұреке! Бәкентай екеуің өнегелі тірлік жасап, шаңырақтың шырайын келтірдіңдер. Балаларың жоғары білім алды. Екі ұлың да Отан тыныштығын қорғайтын әскери жоғары шенді мамандар болды. Алтындай немерелеріңді аялап, айналып-толғанып отырсыңдар. Араласатын орталарың да ойсыраған жоқ. Жүйе өзгерсе де, сен өз жүрісіңді өзгертпедің. Адалдықтан аттамадың, құбылмадың, ешкімнің жаман сөзін естімедің. Бұл да мына өмірдің марқайып айтар жақсылығы емес пе?! – деп сонда оның көңіліне шуақ нұрын құйыпты Мелдебек.
***
Бүгінгі мектеп бітірушілерді жөнді байқай алмай жүрмін бе, қайдам, әйтеуір біздің кезіміздегідей емес секілді. Мәселен, біз мектеп бітіргенімізге бес жыл толғанда кездестік. Арада тағы бес жыл өткенде сағыныса ұшырастық. Жігіттердің алды ауылдағы айтулы қызмет тізгінін ұстады. Баймахан өзіміз мақтан ететін колхоздың партком хатшысы болған соң, бірінші мамырда түстен кейін жүк машинасының қорабына құшақтаса мініп, Сүңгіге қарай «Достар, достар» деп, әуелете ән шырқап бара жаттық. Дала дастарханының дәмі қандай, шіркін! Костер отын алаулаттық, ән салдық. Магнитафонның даусын барынша көтеріп, жұлдызды аспан астында армансыз биледік. Айтқан әзіл-қалжыңдарымыз да жүзімізді жайнатып, жанымызды жадырата түсті. Сол сәттерді есіме алсам, тұла бойымды өткен өмірімізге деген шуақты бір сезім шарпып өтеді.
– Жиырма жылдық кездесуіміз де естен кетпестей әсерлі өтті ғой, – дейді Мұхтар Дәртайұлы Дербісәлиев. – Ақтастыдағы Мелденнің үйіне жиналдық. Мектеп бітіргелі көрмеген қызымыз Несіпбала жұбайымен келіпті. Әзілді түсінетін жайсаң жігіт екен. Бірер сағатта-ақ он жыл бірге оқыған өзіміздей болып кетті. Алпысбай Шымырбаевтың Несіпбалаға деген балаң сезімін айта алмай кеткенін естігені сол: «Алпа, арманда кетпе, осы қазір-ақ өз қолыммен қосайын», – деп, досымызды құшақтай көтеріп алды. (Алпаң марқұм балаңдығы мен ұяңдығынан ажырамай мәңгілікке кетті-ау!) Сол сәтте Несіпбалаға қоса салатындай көріп, қашқақтап, қауқарлы жігіттің құшағынан босанғысы келіп бұлқынғаны тура сол кездегідей көз алдымда.
2021 жылы алтын ұядан қанаттанып ұшқанымызға елу жыл толды. Жарты ғасыр өтті деген аты қандай! «Кездесейік, жүздесейік!» дедік. Осындай әуезді әннің сөзін біз бітірген 1971 жылдың түлегі, құрдасымыз ақын Ерлан Бағаев жазған. Егер жер басып жүрсе, сыныптастардың әсерлі кездесуіне арналған талай өлеңді жазып тастар ма еді. Ердің жасы дейтін елуге жетпей өмірден озды. Ал біз үштен бірімізден көз жазыппыз. Ұстаздарымыздан мектептегі әсерлі кездесуімізге орыс тілі мен әдебиетінен сабақ берген Әбдімәжит Дәуренов ағайымыз ғана қатысты. Алтыншыда әдебиеттен оқытқан ұстазымыз Төлен Жұмағұлов бар екен. Өкініштісі, сол ағайымызды шақыруды ұмытып кетіппіз.
– Алла осы кездесуге келген бәрімізге өмір берсін. Аяулы да ардақты екі ағайымызды елу бес жылдығымызға аман жеткізсін. Сол кезде жақсылап құрметтейік, – деді аудан орталығы Б. Момышұлы ауылындағы мейрамханалардың бірінде өткен банкетте асабалық жасаған Нұрмахан. Әдемі сөзін әуезді әнге ұластырды. Домбыраны да шебер шертетін болыпты. Әні сондай үйлесіп шықты. Одан кейін сағынысып жүздескен сыныптастарға кезегімен әзілін астастыра сөз берді. Өлең жазатын ақындық қасиеттен де құралақан емес екенін сонда білдім.
– Әй, Нұреке, сен ақын екенсің ғой! – дедім таңданысымды жасыра алмай. – Ойларың өріліп тұр. Ұйқастарың жымдасқан, сөздеріңде де селкеулік байқалмайды.
– Қайбір ақындық өнер дейсің, Тақа. Жәй өзім үшін, іштегі сезім күйімді жұртқа өлең тілімен жеткізейін деген ойдың желігі ғой, – деді ол.
Одан Нұрмаханның өзі жазған өлеңдерін жатқа оқығанына куә болудың кейін де орайы келді. Демек, ермек үшін «ермек» қылмайтын болды-ау дедім ішімнен, біраз жырлары бар шығар деп те ойладым.
Өмір – өткінші құбылыс. Ол кімге қалай беріледі – жұмбақ, шешуі жоқ нәрсе. 2026 жылы 55 жылдығымызға қатарымыз сетінемей жетейік деген тілегіміз дүниені дүрліктірген коронавирус кезінде күл-талқан болды. Ешқайсымызды шашау шығармай, бір-бірлерімізге деген ықыласымызға дем беріп жүретін Мелдебегіміз емі қиын кеселге төтеп бере алмай кетті де қалды. Бір уыс топырағымызды қырық-елу метрдей жерде тұрып, арнайы киім киіп, беті-басын тұмшалаған адамның қолындағы салафан қалтаға салдық. Мелдекеңмен осылай қоштастық…
***
Сыныптастар деген – бір әлем. Солай болғандықтан ауылға табаным тиген бетте оларды іздеуші едім. Бүгінде біз төртеумізден басқа сыныптастардың бәрі де қалаға келіп алған немесе орталыққа таяу маңдарда тұрып жатыр.
Дегенмен, достың да досы, сырластың да сырласы болуы заңдылық қой. Қазір жиі сөйлесіп, елдің жайын білу үшін үнемі хабарласып тұратыным Мұхтар. Онымен бұрын сыныптас қана болсақ, ең кіші інім Ергебектің қызы Назерке мен ұлы Ердәулет отбасын құрғалы құдалық жөнімен де етене бола түстік. Мұхаңның Луговойдағы зоотехникалық-малдәрігерлік техникумын бітіріп, ұзақ жылдар шаруашылықта веттехник болып жұмыс істегенін айта кетейін. Жары Күлімхан мектепте ұстаздық етті. Бүгінде зейнеткер. Ол – ұзақты күн үнін естімей қалмайын деп тұратын өмірлік сыңары Мұхтардың жетелеуші тірегі. Өмірдің бір сынағы солай болған шығар, Мұхаң досым, құдам кейінгі біраз жылдан бері мына жарық дүниенің күллі ғажабын біржола көруден астырылды. Қаралмаған дәрігері, профессорлары қалмаған шығар. Бішкекке де барды, Ташкенттің көз ауруларын зерттейтін институтында апталап, айлап жатты. Глаукома – көздің емі қонбайтын ауруы екен. Біржола үмітін үзді. Әйткенмен, өмірге деген құштарлығынан бір танбай келеді. Дүниенің жаңалығынан хабардар болайын дейді. Қазақстанымыздың өндіріс пен өнер, ғылымдағы, спорттағы жетістіктерінен хабарсыз болмайын деп дәл құлағының түбіне радиоқабылдағышты қойғызып алған. Даусын көтерейін десе, бұрағыш құлағы қолында.
– Таңертеңнен түннің ортасына дейінгі серігім осы. Бішкектен берілетін хабарларды да, концерттерді де тұшынып тыңдаймын. Қырғыз ағайындар мықты. Дикторлары сағат сайын жаңалығын жаңартып, тыңдаушыларының біріне айналған мені де сондай риза қылады. Біздің Қазақ радиоларында кімдер қызмет етеді, Тәке? Сен соларға жақын жүрген жансың ғой деп сұрап отырмын, – дейді ішкі ренішін анық аңғартып. – Біздің тәуелсіз елімізде оңды өзгеріс, жан жадыратар жөнді шаруа болмай, жұмысымыз жүрмей тұралап қалған сияқты. Жаңалық хабарларды Сұңқарбек деген журналистен естимін. Күніне бір-ақ рет оқиды, одан кейін қайталаумен болады. Әлденеше күннен кейін сол жаңалықтарын тағы береді. Саумалдыққа байланысты жарнамалық сұхбаттарды күніне төрт-бес рет тыңдаймын. Іргеміздегі өзбек ағайындарға барып емделгенде телехабарларына да құлақ түрдім. Біздегі секілді ел-жұртты бұзатын хабарлардың бірін де ұшыратпадым. Хабарлары өте қызықты.
Мұхтардың тағы бір ұнайтын қасиеті – тілге ерекше мән беретін жанашырлығы. Эфирге шығатын әріптестеріміздің ғана емес, қасында қатар отырып сөйлескен кісілерінің дұрыс қолданбаған сөздерін елеусіз ғана түзетіп жібереді. Орыс тілінде шүлдірлеп, анасының аяулы тілін тәрк еткендер болса, оларға бетің бар, жүзің бар демей қатқылдау айтып тастайды. Есте сақтау қабілеті керемет. Әйгілі тұлғалармен әлеуметтік желіде жүргізілген сұхбаттарды да жібермейді. Олардың татымды ойлары мен дәйектік мәні зор сөздерін жадына жұптап, кейін өзгелердің де санасына сіңіруге әуес.
– Бір жолы Нұрмахан үйге келді. Өткен-кеткен өмірімізді ойға оралттық. Біріншіден бастап мектеп бітіргенге дейін кімдермен оқыдық, қай қыз қай сыныпта қосылды. Қай сыныпта кіммен кім отырды, тіпті соған дейін айтып бергенімде қатты таңданып: «Сенің жадың мықты, Мұхтар. Осы қасиетіңді маған берсең қайтеді?!» деп әзілдеді. «Неге бермейін, қуана-қуана беремін. Бірақ жәй емес, айырбасқа беремін» дедім. Не дегелі тұрғанымды білмеген ол, «Иә, менен нені қалайсың?» деді. «Нұреке, көп емес, мына екі көзіңнің біреуін берсең болды, бойымдағы бүкіл есте сақтау қабілетімді қауашағыңа құйып беремін» деп едім, «Сенің айтпайтының жоқ!» деп, ішегі түйілгенше күлді.
Міне, менің сыныптастарым. Бастауыштан бастап, кәмелеттік аттестат алғанға дейін жұп жазыспаған төрт жігітті айтамын. Қазір дүние ортайып қалғандай көңілсіз күйдемін. Әсіресе, Мұхтар. «Көз – көңілдің терезесі» деуші еді. Жарқыраған күн мен айналадағы құлпырған әлемді бәрі көретіндер, көз көңілдің ғана емес, өмірдің де терезесі екенін біле бермейді екенбіз. Маған соны Мұхтар досым ұқтырды.
– Тәке, жетпіс жылдығымды үйде елеусіздеу атап өткенімді білесің. Балаларым енді қояр да қоймай ағайын-туыс, қимас достарыңыздың бастарын қосып өткізейік деп қылқылдай берген соң, амалсыз келістім. Ендігі мерейтойларды бір Алла біледі, – деп кідіріп қалды. Тағы да тұнжыр сезімге берілді-ау деймін. Өйткені телефонның екінші жағындағы дауыс біраз уақыт үзілді. Мұхаңның көзіне жас алып, көмейіне өксік тығылғанын көрмесем де, көргендей сезіндім. Өйткені ол жетпіске жете алмай бақилық болған Мелден мен Нұрмаханды еріксіз есіне алды…
Мелден алпыс жеті жасында өмірден өтсе, Нұрмахан алпыс тоғызында арамыздан мәңгіге алыстады.
Енді азаймайық, Мұха! Тойларың тойға ұлассын!

Талғат Айтбайұлы,
Қазақстанның Құрметті жазушысы

Таңдаулы материалдар

Close