Basty bet

«Түсіме ылғи Мыңбұлақ кіреді…»

жамбылдық жас ақындар жұлдызы жарық Жуалының аспанын жырға бөледі

«Парижде болдым – Париж түсіме кірмеді. Мысырда болдым – Мысыр түсіме кірмеді. Қытай, Моңғолстан, Үндістан, Пәкстан, Иран бардым. Мұхиттың арғы бетіндегі Техаста, Чикагода, Нью-Йоркте болдым – олар да түсіме кірмеді. Баяғыда Мәскеуде бес жыл оқыдым – оны да түсімде көрмедім… Түсіме күн сайын Мыңбұлақ кіреді. Түсімде Ақсу-Жабағылыны көремін…» жазушы Шерхан Мұртазаның «Ай мен Айша» шығармасы осылай басталады. Туған жер мен туған ананың қадір-қасиетін дәл осылай суреттеген қаламгерлер санаулы ғана. Соның бірегейі – қасиетті Жуалы-Мыңбұлақ өлкесінде дүние есігін ашқан Шерхан Мұртаза.
Шерхан Мұртаза!
Бұл есім – қазақ әдебиеті алыптарының көш басындағы санаулыларының арасында тұр. Ол – қазақ әдебиетіне өлшеусіз үлес қосқан қаламгер. Ол – Алаштың қайраткер ұлы Тұрар Рысқұловтың есімін қайта тірілткен теңдессіз қалам иесі. Ол – қазақтың мұңын мұңдап, жоғын жоқтаған қайраткер. Ол – қазақ журналистикасының өзіндік мектебін қалыптастырған ұстаз.
Бір сөзбен айтқанда, Шерхан Мұртаза – Қазақ дейтін халықтың намысын жоғары ұстап, ақиқаттың ақ туын өз биігінен түсірмеген үлкен жүректі қайраткер. Қазақ әдебиеті мен ұлт руханиятын биік деңгейге көтерген кесек суреткер, кемел қайраткер.
Ғибратты ғұмырын өзі сүйіп, қадірлеген халқының болашағы мен рухани дамуына арнаған, сол жолда асқақ азаматтық ұстанымынан айнымаған Шерхан Мұртазадай күрескердің есімі халықтың жүрегіне берік орнағанына жарты ғасырдан астам уақыт өтті. Алып таулардың алыстаған сайын асқақтай беретіні сияқты, Шерхан Мұртазаның асыл бейнесі ортамызда болмағанымен, оның рухы туған халқымен бірге жасай бермек. Шерағаның өнегесі, оның ұлт руханиятына қосқан сүбелі үлесі туған халқының ертеңіне қалтқысыз қызмет ете беретініне ешқандай дау жоқ.
«Қазақ баспасөзінің – Бауыржаны» атанған көрнекті қоғам қайраткері, көсемсөзші, Халық жазушысы – Шерхан Мұртазаның 90 жылдық мерейтойы бұрнағы жылы қасиетті Әулиеата өңірінде, сонымен бірге, жазушының өзі туып-өскен Жуалы жерінде де жоғары деңгейде атап өтілгенін жақсы білеміз.
Қазақ әдебиеті мен ұлт руханиятында өзіндік орны бар тұғырлы тұлғаның ұлтқа сіңірген телегей теңіз еңбегін естен шығармай, жас ұрпақтың жадында жаңғырту мақсатында қасиетті Әулиеата өңірінде бірқатар тағылымды іс-шаралардың қолға алыну үстінде. Соның бірі ретінде Ш.Мұртазаның туғанына 90 жыл толуының қарсаңында көзі тірісінде жазушының өзі тұрған үйі әдеби-мемориалдық үйі болып қайта ашылды. Айта кету керек, мұнда жазушының жұмыс барысында және күнделікті тұрмыста қолданған заттары, алған марапаттары, ең бастысы, бұл киелі ғимаратта жазушының бай кітапханасы орналасқан. Бір сөзбен айтқанда, Шерхан Мұртазаның өнегелі өміріне және шығармашылығына қаныққысы келетін жандарға мұнда толыққанды жағдай жасалған деуге болады.
28 қыркүйек – Халық жазушысы, қазақ көсемсөзінің қайраткері Шерхан Мұртазаның туған күніне орай жазушының кіндік қаны тамған Талапты ауылында тағылымды іс-шара ұйымдастырылды. Жазушының туған күніне орай тау тұлғаның шығармашылығын дәріптеу, Жамбыл жерінен шыққан, туған жерден түлеп ұшқан жас қаламгерлер мен шығармашыл жастардың басын қосып, олардың шығармашылығын қолдау мақсатында «Түсіме ылғи Мыңбұлақ кіреді…» атты ашық аспан астындағы әдеби-сазды поэтикалық кешке Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеевтің арнайы келіп қатысуы аймақ басшысының әдебиетке және қалам ұстаған қауымға деген қолдауы мен жанашырлығын көрсетсе керек.
Ашық аспан астындағы әдеби-сазды кешке қасиетті Әулиеата өңірінен шыққан танымал ақындар, шығармашыл жастардың халықаралық «Шабыт» фестивалінің Бас жүлдегері, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының иегері Ерлан Жүніс, халықаралық «Шабыт» фестивалінің лауреаты Олжас Сәндібек, аталған халықаралық фестивальдің поэзия номинациясының лауреаты, ақын, облыстық «Ақ жол» қоғамдық-саяси газетінің Бас редакторы Хамит Есаман, сонымен қатар, облыстық «Ар-Ай» жастар газетінің Бас редакторы Тұрсынбек Сұлтанбеков, ақын, композитор Нұржан Әліш, Данияр Әлімқұл, т.б. жамбылдық жас ақындар қатысып, жұлдызы жарық Жуалының аспанын жалынды жырлары мен әсем әнге бөлеп, көрерменге көтеріңкі көңіл күй мен рухани әсер сыйлағаны анық.
Жырсүйер, өнерсүйер қауымға арнап ұйымдастырылған әсерлі кештің өту барысын айта кететін болсақ, Шерхан Мұртазаның әдеби-мемориалдық үйінің ауласы безендіріліп, онда жазушының фотосуреттерінен көрме қойылған. Әдеби-сазды кештің негізгі бөлігі үйдің ауласындағы бауда өтіп, қатысушылар ортаға жағылған алаудың айналасында отырып өлең мен ән тыңдауға мүмкіндік алды.
Жазушы Шерхан Мұртазаның әдебиет пен журналистиканың бірнеше саласында қалам тербегенін жақсы білеміз. Ол көркем шығарма жазумен қатар, драматургия және аудармашылықпен де дендеп айналысқан адам. Кеш басталмас бұрын жазушының сан-салалы шығармашылығынан әдеби композицияның қойылуы осыны айғақтайды. А.Тоқпанов атындағы Жамбыл облыстық қазақ драма театрының артистері Жүніс Әлімбеков пен Әбиірбек Тінәлі сахналаған шағын қойылым барысында адам жанын тебірентер ойлардың көрініс табуы көрген жанды ойлантпай қоймайтыны анық.
Жазушының әдеби-мемориалдық үйінің ауласында еркін форматта өткен әсерлі кештің алғашқы құттықтау сөзі Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеевке берілді.
-Кеш жарық, құрметті жас достар, қадірлі қаламгер қауым! Бүгін мұнда өнер мен өлеңді жанындай жақсы көріп, сүйетін әрі шығармашылықты қадір тұтатын азаматтар жиналып отыр.
Бұл жай орын емес. Біз қазақ баспасөзінің қаранары, ұлт руханиятының абызы, жерлес жазушы Шерхан Мұртаза тұрған киелі қара шаңыраққа жиналып отырмыз. Осы кештің алдында жазушының әдеби-мемориалдық үйінің ішін аралап көріп, үлкен әсерге бөленіп отырмын.
Бұл кештің ұйымдастырылуының да өзіндік себептері бар. Басты мақсат – жас қаламгерлерді жазушының шығармашылығымен жақынырақ таныстыру, сол арқылы қалам ұстаған қауымға қолдау көрсету. Оның үстіне, 28 қыркүйек – Шерхан Мұртазаның туған күні. Қаламгердің рухына құрмет көрсетіп, шығармашылығын кеңінен дәріптеу – елдік парызымыз.
Тағы бір айта кетерлігі, биыл ел өмірінде бірқатар қиындықтар болғанын білеміз. Көктемде Қазақстанның бірқатар өңірлерінде орын алған су тасқынын айтуға болады. Бұл кезеңде халқымыз қауіп-қатермен бетпе-бет келіп, айтып келмейтін апатпен арпалысты. Бірлігі бекем, рухы мықты халқымыз бұл қиындықты да ауызбіршілікпен жеңе білді. Міне, осындай қиындықтан кейін жарық күннің шығатынын жырлап, ел болашағының жарқын болатынына қаламгерлердің де қосып келе жатқан үлесі мен еңбегін айтуымыз қажет. Рухымыз мықты болып, бірлескенде ғана кез келген қиындықты жеңетініміз анық.
Осынау кешті пайдалана отырып жамбылдық жас қаламгерлерге мол шығармашылық табыс тілеймін. Ұлт руханиятының абызы Шерхан Мұртазаның ұлт әдебиетіне сіңірген еңбегі мен өнегелі өмірін ұлықтап жатқан азаматтарға үлкен алғыс білдіремін. Жас қаламгерлерге жазарларыңыз көбейсін деген тілек білдіргім келеді,- деді Ербол Шырақпайұлы.
Осылай деп тілек білдірген аймақ басшысы Ербол Қарашөкеев, биыл 40 жасқа толған айтулы жамбылдық ақындар – Ерлан Жүніс пен Олжас Сәндібекті мерейлі белеске толуымен құттықтап, қасиетті өңір халқының және әдебиетсүйер қауымның атынан естелік сыйлық тапсырды.
Әдеби кеш ары қарай өз жалғасын тауып, кештің «Бір кем дүние» деп аталған алғашқы бөлімінде жамбылдық жас ақындар Шерхан Мұртазаның шығармашылығын дәріптеумен қоса, жазушыға арнау өлеңдерін оқыды. Атап айтқанда, көрермен қауым Нұрсұлтан Рақымбай, Назерке Оңғар, Ғалия Абылай, Марал Хантөре, Арман Әбдіжаппар, Нұрболат Аманбек, Әлімжан Шөңгербай, т.б. жас ақындардың жалынды жырларын жылы қабылдады.
Көрерменді керемет әсерге бөлеген кештің «Әнді сүйсең, менше сүй…» және «Ашық микрофон» аталатын бөлімдерінде туған жер, махаббат лирикасы бағытындағы әсем әндер әуелеп, жас ақындардың жалынды жырларына кезек берілді. Айта кету керек, жас буынмен қатар, жамбылдық қаламгерлер шоғырының орта буыны саналатын ақындар – Хамит Есаман, Тұрсынбек Сұлтанбеков және Нұржан Әліштің оқыған авторлық өлеңдері оқырман жүрегіне жылу сыйлады деуге болады.
Кеш барысында өлең оқыған ақындардың барлығына кітаптар сыйға тартылды. Айта кету керек, әдеби-сазды кешті басынан аяғына дейін жүргізген «Авангард» әдеби жобасының авторы, ақын Арайлы Жақсылық, ақын Нұржан Қадірәлі кештің өн бойын сұлу сөзбен кестелеп, аталған әдеби-рухани шараның өтуіне бастамашы болып әрі қолдау көрсеткен облыс басшысы Ербол Шырақпайұлына жамбылдық қаламгерлердің атынан алғыс білдіріп, осынау жобаның жыл сайын дәстүрлі түрде өтуіне тілек білдірді.
Нұржан Манасұлы,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close