Basty bet
Қос өңірдің құрметіне бөленген жан
Адал еңбек қашанда ердің еңсесін жоғары көтеріп, абыройға бөлейді. Бүгінде ел құрметіне бөленіп жүрген ардақты азамат Шора Искаковтың өмір және еңбек жолы кейінгі жас буынға молынан үлгі. Қызылорда облысының Арал ауданына қарасты Қамбаш стансасында теміржолшының отбасында дүниеге келген талапты жас алғашқы еңбек жолын Павлодар облысының Баянауыл ауданындағы Қойтас ауылында есепші болып бастап, одан кейін әр жылдары Қазалы аудандық «Қайрат» ерікті спорт қоғамының төрағасы, Қазалы аудандық кино кеңесінің бас есепшісі және бастығы болып еңбек еткен. Одан Қазалы аудандық көпсалалы коммуналдық шаруашылық мекемесінде қойма меңгерушісі болып еңбек етті.
Арал өңіріндегі экологиялық зардаптарға байланысты осыдан 30 жыл бұрын Шора Искаков отбасымен Жуалы ауданына қоныс аударып, мұнда да еңбектің ерен үлгісін көрсетті. Алғашқыда аудандық қазынашылық басқармасында ревизор-тексеруші болса, оған 2007-2012 жылдары аудандық мәслихаттың депутаты ретінде қасиетті өңірдің дамуына сіңірген қажырлы еңбегін қосыңыз. Халық қалаулысы болып сайланған жылдары Шәкең аудандағы бірқатар түйінді проблемалардың түйінін тарқатуға атсалысты. Жалпы ауданның дамуында Шора Мәжінұлының айқын қолтаңбасы бар деп сеніммен айта аламыз. Шора Мәжінұлы Қызылора облысының Арал ауданына және Жуалы ауданына ортақ қадірлі азамат.
Жуырда Шора Искаков өзінің кіндік қаны тамған туып-өскен ауылына арнайы шақыртумен барып, құрметті қонақ болып қайтты. Арал ауданының Аралқұм стансасындағы №61 орта мектептің 8-сыныбын бітіргеніне 60 жыл толуына орай сонда салтанатты шара ұйымдастырылды. Салтанатты кеш соңғы қоңырау мерекесімен орайластырыла өткізіліп, онда мектептің ішінен жасақталған танымдық мұражайдың ашылу рәсімі болды.
Мұражайды ашудағы мақсат – оқушыларға мұражайдың таусылмас қазына екенін ұғындырып, ел мен ата-бабалардың өткен өмір тарихын, ескі заттардың қадір-қасиетін және өткен мен болашақты жалғастырушы алтын көпір екенін түсіндіру болып табылады.
Жиында мектеп директоры Сәкен Садықов сөз сөйлесе, мектепішілік танымдық мұражайдың лента қию рәсімі Шора Искаков және ауылдың қадірлі азаматы Жантуған Отарбаевқа ұсынылды.
Мұражайдың негізгі жұмысы – тарих арқылы тарихи-мәдени ескерткіштерді, тарихи оқиғаларды насихаттау, сол арқылы жас ұрпақты рухани-адамгершілік және патриоттық рухта тәрбиелеу, жастарды мұражай мәдениетіне тарту, тарихын сүю, еліне деген мақтаныш пен Отаншылдық сезімін ояту, тарихи кезеңдермен таныстыру, материалдық-рухани құндылықтармен таныстыру деген сөз. Педагогикалық мұражайдың жастарды танымдық құштарлыққа жұмылдырып, рухани өсіп-өркендеуіне, тарихи бейнелерді танып-білуіне, шынайы мұралар негізінде білімдерін қалыптастыру жолында берері мол.
Мұражайда ауылдың және тұтастай алғанда, өңірдің дамуына сүбелі үлес қосқан ардақты азаматтардың жеке фотосуреттері мен олардың өнегелі өмір жолдары туралы мәліметтер қойылған. Мұражайдың көркі экспонат емес пе?! Ауыл тұрғындарынан және мектеп оқушыларынан ауыл өміріне және өңір тарихына қатысты ескі сырт киімдер, ардагерлер тұтынған заттармен қоса олардың медальдары және тағы басқа марапаттары мен тұрмыстық бұйымдар жинақталып, осында қойылған. Онда Ұлы Отан соғысының және бейбіт өмірде еңбек майданында шыңдалған қадірлі азаматтардың өміріне арналған «Ешкім де, ешуақытта ұмытылмайды», ал мектептің құрылу тарихынан «Қалдырған ізің мәңгілік…» атты стендтері бар. Мұражай қоры әлі де толықтырыла түспек.
Ұлттық тәрбие мен заманауи білімге негізделген тағылымды шараның барысында мектеп оқушылары дайындаған концерттік бағдарлама конақтардың назарына ұсынылды. Кештің өтуіне мектеп директоры Сәкен Садықовтан бастап, ұлағатты ұстаздар – Еркін Нағашыбаев, Гүлжан Кенжебаева, Гүлнар және Гүлшара Шыналиева сияқты білікті мамандар атсалысты.
Тәрбиелік мәні зор салтанатты шарада туған ауылына құрметпен шақырылған еңбек ардагері, Жуалы ауданының Құрметті азаматы Шора Искаков жүрекжарды құттықтау сөз сөйледі. Мектеп басшылығы ардақты азаматқа құрмет көрсетіп, қазақы дәстүрмен иығына зерлі шапан жауып, Алғысхатпен марапаттады. Қонақтарға арнап мерекелік ақ дастарқан жайылды. Дастарқан басында ауыл мен мектеп өміріне және ел-жұрттың амандығына қатысты тағылымды әңгімелердің тиегі ағытылды. Бір сөзбен айтқанда, Шора Мәжінұлы туған ауылынан жақсы әсермен және көтеріңкі көңіл күймен оралғаны анық.
-Мен туып-өскен жер қазіргі таңда «Аралқұм стансасы» деп аталады. 250 түтіні бар ауыл үлкен шойын жолдың бойында орналасқандықтан, осылай аталса керек. Әкем Мәжін Ысқақұлы 40 жылға жуық уақыт аталған стансада еңбек еткен құрметті теміржолшы болатын. Оның 28 жылында станса бастығы болып қызмет істеген кісі. Әкем Ұлы Отан соғысына қатысса, ал анам Қызғалдақ Байменова тылда еңбек еткен. Екеуі отбасында барлығы 11 перзент тәрбиелеп өсірген ұлағатты ата-ана. Мен бұл әулеттің екінші перзентімін. Бауырларымның көбісі қазір осында тұрып, еңбек етуде. Барлығы теміржолда жұмыс істейді.
Ауыл – алтын бесік. Қазір ойлап отырсам, ауылдан кеткеніме да жарты ғасырдан асып кетіпті. Осыншама жылдан кейін жалпы тәуелсіз еліміздің дамуына сіңірген азды-көпті еңбегімді елеп-ескеріп әрі өмір және еңбек жолымды осындағы өскелең жас ұрпаққа үлгі-өнеге ету үшін шақырып, құрмет көрсеткен ауылдастарыма және мектептің басшылығына алғысымды білдіремін. Жас ұрпақтың болашағы жарқын болып, ел мен туған Отанына аянбай қызмет ете берсін. Жолдары ашық болсын деген аталық ақ тілегімді жеткізгім келеді,- дейді еңбек ардагері Шора Мәжінұлы.
Еңбекте озат болып, өзінің асқақ азаматтық ұстанымымен көпшілікке танылған ардақты азамат Шора Мәжінұлы 30 жылдан бері Жуалы ауданында тұрып, қасиетті өңірдің дамуына еңбек сіңіріп келеді. Ол әр жылдары «Қазақстан мәслихаттарына – 20, 25 жыл» мерекелік медальдарымен, ауданның және облыстың Құрмет грамоталарымен, басқа да мерекелік медальдармен марапаталды. «Жуалы ауданының және Жамбыл облысының Құрметті ардагері» құрметті атақтары да Шәкеңе тиесілі марапаттар. Ауданға сіңірген ұзақ жылғы еңбегі ескеріліп, 2022 жылы Шора Искаковқа «Жуалы ауданының Құрметті азаматы» атағы берілді.
Шора Мәжінұлы «Ардагерлер ұйымы» РҚБ-ның аудандық филиалының жанындағы билер кеңесінің алғаш құрылған күнінен бастап, қоғамдық институт жұмысының жандануына белсене араласуда. Бүгінде аудан орталығы саналатын Бауыржан Момышұлы ауылы билер кеңесінің төрағасы қоғамдық қызметін абыроймен атқарып келеді.
Нұржан Манасұлы,
«Жаңа өмір»