Basty bet

Әке – алтын діңгек!

Қай заманда, қандай қоғамда болсын отбасындағы бала тәрбиесі аса өзекті мәселелердің бірі болған. Тал бесіктен жер бесікке дейінгі адам өміріндегі тәрбиенің бастапқы негізгі ұйытқысы да ата-ана болып қала беретіндігіне еш күмән жоқ.
Отбасы – Адам баласының алтын діңгегі, ыстық ұясы. Өйткені, адам ең алғаш шыр етіп дүниеге келген сәтінен бастап, осында ер жетіп, алдымен тәрбие алады. Сондықтан да отбасы – адамзаттың аса қажетті әрі қасиетті алтын бесігі болып есептеледі.
Осы орайда , №4 Құрманбек Сағындықов атындағы орта мектепе «Әке – алтын діңгек» тақырыбында «Ұлағатты әкелер» клубының кездесуі ұйымдастырылды.
Мектеп директоры Нұрғазы Сапиев кездесуді ашып, оның мақсатымен, жоспарымен таныстырды. Күн тәртібіндегі бірінші мәселе бойынша директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Ғани Бажиев «Жанұядағы әке мен бала арасындағы қарым-қатынасты нығайту» тақырыбында баяндама оқып, онда мектептің «Ұлағатты әкелер» кеңесінің оқу жылы барысында атқарған жұмыстарымен таныстырды.
Күн тәртібіндегі екінші мәселе бойынша директордың құқықтық тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Рауан Сазанбаев мектептегі ұл баланың тәртібі туралы айтты.
Күн тәртібіндегі үшінші мәселе бойынша мектеп медбикесі Бақнұр Каипова Ұлдар гигиенасы туралы кеңес берді.
Төртінші мәселе бойынша мектептің педагог психологтары Шарипа Далбаева мен Гүлшат Әбдібекова «Отбасы мен бала тәрбиесіндегі әкенің рөлі» тақырыбында жас әкелермен тренинг өткізді. Тренинг барысында «Әке, маған бір сағат уақытыңды бөлші» атты бейнеролик тамашаланып, талқыланды.
Әкелерден өз балалары туралы сұрақ-жауап алынды.
Кездесу барысында мектептің тәрбие ісіне қосқан үлесі үшін Нұрлан Тажиев, Қайсар Әлменбетов, Мұхамеджан Билибаев Алғысхатпен марапатталды.
«Адамға ең бірінші білім емес, тәрбие берілуі керек, тәрбиесіз берілген білім адамзаттың қас жауы, ол келешекте оның барлық өміріне апат әкеледі»- дейді әл-Фараби.
Қорыта келгенде, жас ұрпаққа тәлім- тәрбие беруді қоғам болып, ұстаздар қауымы болып, ең бастысы ата-аналар болып қолға алсақ, болашағымыз жарқын болмақ. Жалпы, баланы отансүйгіштікке баулып, ұлттың салтын құрметтеп, бабалар дәстүрін ардақтайтын ізгі адам етіп тәрбиелеу баршаға бірдей міндет.

Райхан Асымбаева,
№4 Қ.Сағындықов
атындағы орта
мектептің педагог ұйымдастырушысы

Таңдаулы материалдар

Close