Basty bet

Әке жолын жалғастырған еңбекқор жан

Қай кәсіптің болсын көзін тауып, сол арқылы отбасының табысын еселеу адам баласы үшін бұлжымас қағида. Қарапайым еңбек адамы сапында жүріп, мамандығына адалдық таныту арқылы көптің ықыласына кенелген азаматтарды кейінгі жастар үлгі тұтуы керек.
Ел егемендігі ұлт дәстүрі мен құндылықтарына жіті, жүйелі, қастерлеп қарауға мүмкіндік берді. Шынында да халқымыз қаншама қиындық көрсе де ғасырлар сынынан өткен салт-сана, әдет-ғұрып бізді жарқын күндерге жетеледі.
“Еңбек – адамның көркі, адам – заманның көркі” дейді халық даналығы. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев нағыз еңбек адамы дегеніміз кім екенін пайымдап, «бұл, ең алдымен, өзіне жүктелген міндетті орындау үшін барын салып еңбек ететін білікті маман.
Нағыз еңбек адамы – бұл істің адамы, яғни әр ісіне, әр қадамына жауапкершілікпен қарайтын адал азамат» деген болатын.
Осындай адал еңбегімен елге, өзінің ортасына сыйлы болып жүрген азаматтың бірі – Расим Сүлейманов. Ол Шақпақ ауылдық округінің орталығы Шақпақата ауылында туған. Осындағы №4 Қ.Сағындықов атындағы орта мектепте оқыған. Әкесі Али Сүлейманов Ынтымақ ауылында туып-өсіп, уақыт өте ол отбасымен Шақпақата ауылына көшіп келеді. Ол кішкентайынан балаларын еңбекке баулып, өз білгенін үйретуден жалықпаған жан. Соның арқасында қазіргі таңда балалары маңдай терлерімен еңбек етіп, бір-бір отбасын асырап, кәсіптерін дөңгелетіп отыр.
Расим Алиұлы кішкентайынан еңбекке жақын болып өсті. 1994 жылы әкесі Шақпақата ауылының орталығынан «Ажар» дүкенін ашады. Ол уақытта ел Тәуелсіздігін жаңадан алған уақыт. Теңгенің енді айналымға шыққан кезеңі. Халықтың жағдайы да аса мәз емес еді. Сол жылдары Расимнің әкесі өз кәсібін бастады. Кәсіп өзі кәсіп болған жоқ. Оны ашқанда да көптеген қиыншылықтардың болғаны рас.
Расим Сүлейманов мектепті аяқтаған соң, жоғары оқу орнына түспей, әкесінің кәсібін өз қолына алып, оны ары қарай жалғастырады.
– Өмірде адам еңбектен ғана бақ табады деп жатамыз. Бұл шын мәнінде солай. Менің өмірлік қағидама айналған табысқа жету – табандылықтан деген сөзді іспен дәлелдеп келемін.
Әкем қайтыс болғаннан кейін барлық жұмыс өзіме қарады. Әкем барда еш уайым жоқ сияқты еді. Барлығын өзі істейтін. Мен жанында қолғабыс етіп жүретінмін. Ол маған кәсіптің қыр-сырын үйретті. Соның арқасында шығар, әкемнен қалған кәсіпті оңай дөңгелетіп кеттім. Қазіргі таңда дүкенде әпкем мен келіншегім жұмыс істейді. Азық-түлік дүкенінен бөлек, үйде мал бордақылаумен де айналысамын. Дайын бордақы малдарды Түркістан облысының Манкент ауылына апарып өткізем. Мал қарайтын арнайы малшы жалдап отырмын. Мал шаруашылығынан бөлек, жер егемін. Өзімнің 22 гектар егістік жерім бар. Оған арпа мен жоңышқа егеміз. Өйткені малмен айналысқан адамның жем-шөбі өзінен шығып тұрғаны дұрыс.
Мал қарауды көбісі оңай деп ойлайды. Оның да өз қиыншылықтары болады. Маған бұл шаруашылық әкемнен қалды. Алғашқыда тек қана қой бордақылаумен айналыссам, уақыт өте ірі қара малды бордақылауға көштім. Бордақыланған малға белгілі бір уақытта жем-шөбін беріп отыру керек. Сол уақыттан не асырып, не ерте беріп қоюға да болмайды. Сол үшін қандай кәсіппен немесе шаруамен айналыссаңыз да ең бірінші адамға ұқыптылық пен табандылық және шыдамдылық қажет,- дейді Расим Алиұлы.
Расим Сүйлейманов отбасында алты ағайынды. Үлкен ағасы мен төрт әпкесі бар. Ағасы мен екі әпкесі аудан орталығында тұрады. Бір әпкесі Алматы қаласында, енді бірі Шақпақата ауылында тұрады.
Ал кейіпкеріміздің өзі үш баланың әкесі. Үлкен баласы Рамазан қазір Отан алдындағы азаматтық әскери борышын өтеуде. Одан кейінгі қызы Фатима Алматы қаласында медицина саласында білім алуда. Ал кішкентайына енді екі ай болыпты.

Баян Тұрсынқұлқызы,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close