Basty bet
Менің оқу орным – менің мақтанышым!
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев нағыз еңбек адамы деген кім екенін пайымдап, «бұл, ең алдымен, өзіне жүктелген міндетті орындау үшін барын салып еңбек ететін білікті маман. Нағыз еңбек адамы — бұл істің адамы, яғни әр ісіне, әр қадамына жауапкершілікпен қарайтын адал азамат» деген болатын.
Ел Президенті айтқандай, «Бірінші маңызды мәселе, біз еңбекқор болуымыз қажет. Қоғамымызда еңбек адамы бірінші орында тұруға тиіс. Шын мәнінде, барлық жетістіктің бастауы – адал еңбек және іскерлік. Табысқа жетудің жалғыз жолы – өз кәсібінің шебері болу және ерінбей еңбек ету».
– Бала кезімізден бастап үлкен-үлкен ғимараттардан қолдарына кітап ұстап шығып келе жатқан студенттерге қызығушы едік. Енді, міне өзіміз де өзгелер қызығып та, қызғанып та қарайтын студент болдым. Еліміздің көшбасшысы болып жүрген азаматтардың ізін басып, мен де №16 Жуалы колледжіне оқуға түстім. Бұл таңдауыма бірде-бір рет өкінген емеспін,- дейді көлбастаулық Аида Сембек.
Аида Сембек №16 Жуалы колледжінің 2-курс білімгері. Қазіргі таңда осында «Ауылшаруашылық өндірісінің тракторист-машинисті» мамандығында оқиды. Аида колледждің үздік білімгері.
Жан-жақты білім, қызықты студенттік шақ, әртүрлі концерт, студенттің білімге қызығушылығын арттыратын түрлі іс-шаралар, мұның барлығы студентті алға жетелейді. «Жаста оқыған оқуың – тасқа жазғанмен бірдей» дегендей, ол қатарластарымен жарыса оқып, кәсіптік білімді игеруде. Өмірде жан-жақты болуды жаны сүйетін Аида мамандығымен мақтанады.
– Мамандығымды өте жақсы көремін, колледжде шәкіртақы да алам, ұстаздарым да ұнайды. Мен түрлі іс-шараларға қатысып облыстық, аудандық жарыстарда бірінші орын иеленіп жүрмін. Колледжге алғаш келгеннен бастап байқауларға қатысып, жүлделі орындардан көріндім. Қазіргі таңда тракторды еркін жүргізе беремін. Осының бәрі оқып жатқан білім ордасының арқасы деп білемін.
№16 Жуалы колледжінің материалдық-техникалық базасы мамандықтар бойынша техникалар және қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген. Дуальды оқыту жүйесін іске асыру бойынша «Ауылшаруашылық өндірісінің такторист-машинисті» мамандығы бойынша білімгерлер түрлі шаруа қожалықтар мен кәсіпорындар да өндірістік машықтанудан өтуде. Жаңа оқу жылында мен де өндірістік практикадан өтетін боламын.
Қазір менің алдымда міндет тұр оқуымды аяқтап жақсы мамандық иесі атану. Мұның барлығы басқа жанға асыра мақтау болуы мүмкін, бірақ, колледжде мүмкіндіктерге толы мекен екендігін айтуымыз керек. Бұл жетістіктер еңбек ұжымының, ұстаздардың қажырлы еңбегі. Қазіргі таңда, оқу орнымыз студенттеріне білім алуға барлық мүмкіндікті беріп отыр, ал оны миға тоқып, колледжіміздің деңгейін көтеру – біздің міндетіміз,-дейді білімгер Аида Сембек.
Лаура Мұсабекова,
“Жаңа өмір”