Basty bet

Жамбыл облысында денсаулық сақтау саласы қарқынды жаңғыртылуда

Жамбыл облысында соңғы бес жылда (2021–2026 жылдар) денсаулық сақтау саласын жаңғырту бағытында ауқымды жұмыстар жүзеге асырылды. Осы кезеңде облыс бойынша 60-тан астам жаңа медициналық нысан салынып, күрделі жөндеуден өткізіліп, пайдалануға берілді. Жобалар «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында және республикалық әрі жергілікті бюджет қаражаты есебінен іске асырылды, деп хабарлайды baq-orda.kz.

2023–2024 жылдары ауылдық елді мекендерде жоспарланған 30 медициналық нысанның 29-ы толық аяқталып, тиісті лицензиясын алды. Олардың қатарында дәрігерлік амбулаториялар, фельдшерлік-акушерлік пункттер және медициналық пункттер бар. Бұл мақсатқа 5,6 млрд теңгеден астам қаржы бағытталды.

Өңірде жыл сайын 20-дан астам жаңа медициналық нысан пайдалануға беріліп келеді. Соның нәтижесінде медициналық ұйымдардың техникалық жарақтандырылу деңгейі 91,9 пайыздан 96,6 пайызға дейін артты. Қазіргі уақытта облыста 391 денсаулық сақтау нысаны халыққа қызмет көрсетуде.

Саладағы маңызды жобалардың бірі – Тараз қаласында жаңа облыстық онкологиялық диспансердің ашылуы. Медициналық мекеме заманауи радиологиялық жабдықтармен, оның ішінде жоғары дәлдіктегі сәулелік терапияға арналған сызықтық үдеткіштермен қамтамасыз етілген. Нәтижесінде бұған дейін тек Астана мен Алматы қалаларында қолжетімді болған емдеу тәсілдері енді Жамбыл облысында да көрсетіле бастады.

Сонымен қатар Шу ауданында балаларды оңалту орталығы, ал Шу және Қаратау қалаларында ауданаралық көпсалалы ауруханалар пайдалануға берілді. Аталған медициналық ұйымдар МРТ, компьютерлік томография және ангиографиялық құрылғылармен жабдықталып, инсульт пен инфаркт кезінде шұғыл әрі сапалы медициналық көмек көрсету мүмкіндігін кеңейтті.

Заманауи технологияларды енгізудің нәтижесінде қатерлі ісіктерді ерте анықтау көрсеткіші 33 пайыздан асты. Онкологиялық аурулардан болатын өлім-жітім шамамен 20 пайызға төмендеп, науқастардың бес жылдық өмір сүру көрсеткіші 63 пайызға дейін жетті.

Бүгінде облыс дәрігерлері онкологиялық, нейрохирургиялық және тамырішілік аз инвазивті жоғары технологиялық операцияларды өңірдің өзінде сәтті орындауда.

Жалпы, соңғы бес жылдағы жүйелі жаңғырту жұмыстары Жамбыл облысында медициналық көмектің қолжетімділігі мен сапасын едәуір арттырып, тұрғындарға күрделі диагностика мен жоғары технологиялық емдеу қызметтерін жергілікті жерде алуға мүмкіндік берді.

Таңдаулы материалдар

Close