Basty bet
Өркениеттің өлшемі, мемлекеттің келешегі – ұстаздардың қолында
ол үшін білім және ғылым қызметкерлері кәсіптік одағының жұмысын жандандыру қажет
«Бүгінгі кәсіподақ – Қазақстандағы азаматтық қоғамның басты
белгісінің бірі».
Қасым-Жомарт Тоқаев.
Аудан орталығындағы №19 Д.Қонаев атындағы мектеп-гимназияның мәжіліс залында «Жамбыл облысы білім және ғылым қызметкерлерінің жергілікті кәсіптік одағы» қоғамдық бірлестігінің «Жуалы аудандық комитеті» филиалының VI есеп беру-сайлау конференциясы өтіп, оған шақырылған делегаттар қатысты.
Конференция жұмысына аудан әкімі Жалғас Мұртаза, «Жамбыл облысы білім және ғылым қызметкерлерінің жергілікті кәсіптік одағы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы, облыстық мәслихаттың депутаты Ерұлан Мағзымбеков, аудандық білім бөлімінің әдістемелік кабинетінің меңгерушісі Ерназар Жүзбаев, «АМАNАТ» партиясы аудандық филиалының төрағасы, аудандық мәслихаттың депутаты Марат Нарымбеков қатысты.
Жиынның күн тәртібінде екі мәселе қаралды. Олар – «Жамбыл облысы білім және ғылым қызметкерлерінің жергілікті кәсіптік одағы» ҚБ аудандық комитетінің 2019-2023 жылдар аралығындағы жұмысы және 2024-2028 жылдарға арналған міндеттері туралы» мәселе, екінші – бақылау-тексеру комиссиясының есебі, сонымен бірге жиын барысында тағы да бірқатар мәселелер қаралды.
Жиынның бірінші – «Жамбыл облысы білім және ғылым қызметкерлерінің жергілікті кәсіптік одағы» ҚБ-ның аудандық комитетінің 2019-2023 жылдар аралығындағы жұмысы және 2024-2028 ж.ж. міндеттері туралы» мәселесіне байланысты аудандық комитет төрағасының міндетін атқарушы Мәжит Айжановтың есебі тыңдалды.
-Құрметті конференция делегаттары, қадірлі қонақтар!
Кәсіподақ ұйымы – сала қызметкерлерінің арасында жоғары беделі бар, жұмысшылардың әлеуметтік-экономикалық, еңбек құқықтары мен заңды кәсіби мүдделерін тиімді қорғалуын қамтамасыз ететін қуатты ұйым.
Кәсіподақ қызметі жұмысының нәтижелілігі көп жағдайда ішкі жұмыс жағдайына, оның ішінде, кадр құрамына, кәсіби біліктілік деңгейін арттыруға, қызметкерлерді кәсіподақ мүшелігіне ынталандыру шараларының пәрменділігіне, ақпараттық жұмыстың жақсаруына байланысты.
Білім беру қызметкерлері кәсіподағының Жуалы аудандық комитетінде бастауыш кәсіподақ ұйымдарының санын арттыру, кәсіптік одақтарға жаңа әрі тың күштер тартуға бірқатар пәрменді шаралар жүргізіліп келеді. Кәсіподақты ұйымдастырушылық нығайту мәселелерінде кәсіподақ комитеті қызметінің басым бағыты – мүшелік базаны сақтау және ұлғайту бойынша жұмыс болып табылады.
Есепті мерзім ішінде аудандағы «Әсем достар», «Нұрлы ұрпақ» жекеменшік балабақшаларының ұжымы кәсіподаққа мүшелікке алынып, құрамға енсе, №41 Төңкеріс бастауыш мектебі қызметінің тоқтатылуына байланысты ондағы бастауыш ұйым жабылды.
2023 жылғы 1 қаңтардағы статистикалық есеп бойынша бастауыш кәсіподақ ұйымдарының саны – 75, ал ондағы қызметкерлердің саны – 4 097, кәсіподақ мүшелерінің саны – 4 093 адамды құрайды.
Қадірменді әріптестер, 2019 жылы басталып, әлемді жаулаған коронавирустық инфекцияның салдарынан болған пандемия барлық саланың жұмысына ауыр тигені сөзсіз. Коронавирус инфекциясымен күресу шаралары аясында жарияланған төтенше жағдай кезеңінде білім беру ұйымдарының қызметін ұйымдастыру, сала қызметкерлері-кәсіподақ мүшелерінің еңбек қатынастарында туындайтын мәселелерді құқықтық реттеу сұрақтары бойынша аудандық білім бөлімі мен кәсіподақтың арасында екіжақты комиссия өткізіліп, барлық мәселе әлеуметтік әріптестік аясында шешіліп отырғанын баса айтқым келеді.
Нақты дерекке шолу жасасақ, төтенше жағдай жарияланған сәттен кейін қашықтан жұмыс жасауға көшірілген қызметкерлерге барлық төлемдер сақталып, толық жалақы төленіп отырды. Қашықтан жұмыс атқару режимі көзделмеген білім беру ұйымдарының қызметкерлеріне, олардың жазбаша келісімімен жыл сайынғы ақылы еңбек демалысы, барлық тиісті төлемдері ескеріле отырып, кестеден тыс берілді. Ал, ақылы еңбек демалысын кестеден тыс беру мүмкін болмаған жағдайда қызметкерлер «мекеменің бос тұрып қалу» түрінде рәсімделіп, ол үшін төлем Ұжымдық шарт талаптарына сәйкес, (ағымдағы жалақы мөлшерінде) жүргізілді. Нәтижесінде, төтенше жағдай кезеңінде, одан кейінгі мерзімде де аймақта мәжбүрлеп әрі жаппай ақысыз демалысқа жіберудің ресми деректері тіркелген жоқ деп сеніммен айта аламын.
Сонымен қатар төтенше жағдай кезеңінде кәсіподақтың облыстық ұйымының заңгерлері мен мамандарының шұғыл ұйымдастыруымен «Карантин кезінде білім беру ұйымдарында еңбекақы төлеу» жағдайына байланысты мекеме басшыларының тарапынан қабылдануы тиіс бұйрықтардың бірнеше үлгілерін дайындап, электронды нұсқада үлестірілді.
Карантин уақытында бастауыш кәсіподақтың шешіміне сәйкес, ауыр науқастанған және отбасы мүшесі қайтыс болған 53 кәсіподақ мүшелеріне қаржылай қолдау жасалды. Ол үшін кәсіподақ қаржысынан 1 395 000 теңге қаржы бөлінді. Өкінішке орай, індет салдарынан қатардағы төрт әріптесімізден айырылып қалдық.
Пандемияға байланысты туристік саяхаттар тоқтатылғанымен, шипажайлар өз жұмысын тоқтатқан жоқ. Шипажайларға 54 кәсіподақтың мүшесі 50 % жеңілдікпен демалып, емделуге барып қайтты. Осы тұста салалық министрлік, жергілікті әкімдіктер, білім басқармалары мен бөлімдерінің алдында туындаған үлкен мәселенің бірі – қашықтықтан оқыту қызметін жүзеге асыруға қажетті компьютерлік техника, ноутбук, гаджет сынды арнайы құралдармен қамтамасыз ету болды,- деді баяндамашы.
Баяндамашы сонымен бірге ынталандыру – кәсіподақ ұйымы жұмысының басым бағыттарының бірі екенін, еңбек адамының беделін арттыру жолында сала үздіктерін марапаттау мәселесі күн тәртібінен түспейтінін атап өтті. Келесі кезекте кәсіподақтың ерекше басымдық беретін жұмыс бағыттарының бірі – әлеуметтік әріптестік болып табылады. Ұжымдық шарт жұмыс берушілердің шынайы, орындалуы қамтамасыз етілетін міндеттемелер алуын, еңбек жағдайы мен еңбекақы төлеудегі олқылықтарды мейлінше жедел және тиімді түрде жоюды қамтамасыз етеді.
Тегін әрі білікті құқықтық қызмет көрсету арқылы кәсіподақтың қорғау және өкілеттік ету қызметін жүзеге асыру, сала қызметкерлерін бұзылған құқықтарын қалпына келтіру қызметі жалғасын табуда. Сот органында жеке еңбек дауларын қарау процессінде, басқа да мемлекеттік билік органдарында күрделі мәселелерді шешу барысында кәсіподақ мүшелеріне өкілеттік ету жұмысы жүргізілген. Мұның барлығын баяндамашы ерекше атап өтті.
-Құрметті әріптестер, өздеріңіз де жақсы білетіндей, кәсіподақтың негізі – бастауыш ұйым.
Кәсіподақ қызметі мәселесіне, әлеуметтік қатынастарды қалыптастыруға, еңбекшілердің құқықтық сауаттылығын арттыруға, еңбек дауларын реттеуде белсенділік танып жүрген бастауыш ұйымның сенім жүгін арқалаған жетекшілерінің рөлін ерекше атап өтпеске болмайды. Жоғарыда атқарылған әрбір істе Сіздердің еңбектеріңіз бен үлестеріңіз зор.
Еңбек – мәңгілік ұғым. Кәсіподақтың басты мақсаты – еңбек адамына деген құрметті арттыру. Осы ықылас пен ынта көрінген ортада ғана жемісті тірлік болмақ. Кәсіподақтың беделі еңбекті қорғаумен, еңбеккерлер мүддесінің мәнін айқындай түсуімен көрінеді. Біз кәсіподақтың өз қатарын күшейіп, еңбек адамының мүддесін қазіргіден де нақты әрі пәрменді қорғай білуі үшін әлі де көптеген жұмыс атқару қажеттілігін жақсы ұғынамыз және осы жолда еңбек етеміз,- деді төрағаның міндетін атқарушы Мәжит Мамытұлы.
Келесі кезекте аудандық кәсіподақ комитетінің бақылау-тексеру комиссиясы жұмысының есебі туралы Жанна Наралиева баяндады. Жоғарыдағы екі баяндамаға байланысты жарыссөзде делегаттар Нарбек Қожагелдин және Мейрамкүл Кәдірқожаева сөз сөйлеп, баяндаманың қанағаттанарлық екенін айтып, бірқатар ұсыныстарын да жеткізді.
Конференцияда сонымен қатар аудандық комитеттің басқару органдарын сайлау және бекіту, филиал төрағасын сайлау, бақылау-тексеру комиссиясының құрамын сайлау, аудандық комитет (Пленум), атқару комитетінің құрамын бекіту, облыстық комитет құрамына өкілеттілерді сайлау, салалық кәсіподақтың Жамбыл облыстық ұйымының кезекті есеп беру-сайлау конференциясына делегаттар сайланып, соңында салаға еңбегі сіңген қызметкерлерді марапаттау салтанаты болды. Ашық дауыспен «Жамбыл облысы білім және ғылым қызметкерлерінің жергілікті кәсіптік одағы» ҚБ-ның аудандық комитетінің төрағасы болып Мәжит Айжанов сайланды. М.Айжанов бұған дейін комитет төрағасының міндетін атқарып келген болатын.
«Қазақстандық оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлерінің салалық кәсіптік одағы» ҚБ-ның «Сала қызметкерлерінің кәсіподағына сіңірген айрықша еңбегі үшін» төсбелгісімен аудандық комитеттің есепші-маманы Аризат Мұртазаева, «Білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіподағына сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісімен №11 Т.Тастандиев атындағы ОМ директоры Гүлнар Жорабекова, №16 С.Сейфуллин атындағы ОМ директоры Жорабек Қадырбеков, №12 М.Әуезов атындағы ОМ директоры Темірхан Мырзахметов және №29 М.Жұмабаев атындағы орта мектептің көркем еңбек және графика пәнінің мұғалімі Ақмарал Оразалиева марапатталса, сонымен бірге бірқатар қызметкерлер «Қазақстандық оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлерінің салалық кәсіптік одағының» Құрмет грамоталарына ие болды.
Білім қызметкерлері кәсіподағының кезекті жиынында делегаттарды аудан әкімі Жалғас Мұртаза, «Жамбыл облысы білім және ғылым қызметкерлерінің жергілікті кәсіптік одағы» ҚБ-ның төрағасы Ерұлан Мағзымбеков және «АМАNАТ» партиясы аудандық филиалының төрағасы Марат Нарымбеков құттықтады.
Нұржан Манасұлы,
«Жаңа өмір»