Basty bet

Кітап оқу – тұлға биігіне баспалдақ

Ұялы телефонға үңіліп, әдеби шығармадан гөрі желідегі жазбаға жаны жақын ұрпақтың дәуірі келді. Бұл, әрине, заман ағымына қарай қалыптасып жатқан құбылыс екені түсінікті. Бірақ кітап атты құнды қазынаға қалың көпшілікті қалай қайта оралтамыз? Міне, осы мақсатты көздеген Жамбыл облысының әкімдігі 2025 жылды «Кітап оқу жылы» деп жариялады.
Игі бастамаға орай «Әулиеата – кітап оқитын өңір» жобасы қолға алынғаны белгілі. Аталған жоба аясында қазақстандық ақын-жазушылардың шығармаларын өскелең ұрпаққа таныту мақсатында «15 мерейлі тұлға: Үлкен әдеби марафоны» оқырмандардың таным деңгейі мен жас ерекшелігіне лайықталып жасалған.
Аймақтық «Әулиеата – кітап оқитын өңір» жобасының негізгі мақсаты – өңір тұрғындарының кітапқа деген қызығушылығын арттыру және оқырман мәдениетін қалыптастыру.
Осы ретте аудан әкімдігінің мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің ұйымдастыруымен Бауыржан Момышұлы мемориалдық музейінде «Ерліктің, адалдықтың асқар шыңы» атты іс-шара өтті.
Іс-шара №15 Әлихан Бөкейхан атындағы тірек-мектеп лицейінің оқушысы Мирас Ғалидың Б.Момышұлына арнауынан бастау алды. Келесі кезекте №12 М.Әуезов атындағы орта мектептің оқушысы Саяжан Кәдірқұл «Қанатты тұлға Бауыржан» арнауын мәнерлеп оқыса, №13 А.Байтұрсынов атындағы орта мектептің оқушысы Ақторғын Өмірбай «Елім барда» әнін орындады. Одан бөлек, №12 М.Әуезов атындағы орта мектептің оқушылары Аяулым Кеңесбек «Ұшқан ұя» повесіндегі «Ұлттық салт-дәстүрлер көрінісі» тақырыбында ғылыми жоба қорғап, Сандуғаш Көпбосын «Бауыржан Момышұлы – батырлық пен даналықтың символы» тақырыбында TEDx форматында өз идеясын ұсынды. Сонымен қатар, кітапханашы А.Біттібай «Ұлтын сүйген батыр ұл» тақырыбындағы кітап көрмесіне және Б.Теміржанова «Ерлігі мен өрлігі биік Бауыржан!» атты библиографиялық шолу жасады.
Оқырман мәдениетін қалыптастыру, келешек ұрпақты дәстүрлі түрде кітап оқуға шақырған іс-шарада аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің директоры Қайсар Асылбеков: «Жастарды кітап оқуға баулып, рухани тәрбиені ұлттық негізде дамыту – біздің басты мақсатымыз. Кітап – адамның ой-өрісін кеңейтіп, рухани байытатын ең құнды құрал, оны ешбір ақпарат көзі алмастыра алмайды» деп атап өтті.
Шара Мирас Ғалидың орындауындағы «Қазақстан – елім менің!» әнімен қорытындыланды.

Аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесі

Таңдаулы материалдар

Close