Basty bet
Төрт азаматқа электронды білезік тағылды
Бүгінгі таңда аудандық пробация қызметінде 60 жазасын өтеуші азамат есепте тұр. Ал облыста пробация қызметінде тұрғандар саны 1634 азамат. Ағымдағы жылдың маусым айынан бастап 115 соттылығы бар азаматқа электронды білезік тағылды. Біздің ауданда электронды білезік пробацияда тұрған төрт сотталушыға тағылыпты.
Бір атап өтерлігі, бұл электронды білезік ең алдымен жыныстық қолсұғылмаушылыққа қарсы қылмыстар үшін сотталғандарға және жазаны өтеу шарттарын қасақана бұзатындарға қолданылуда.
Электронды білезіктің көмегімен пробация қызметінің инспекторлары сотталғандардың белгіленген талаптарды қатаң сақтауын қадағалауға мүмкіндік алып отыр. Бұдан бөлек, бұл құрылғы арқылы аса қажетті деректерге аз ғана уақыт ішінде қол жеткізуге болады.
Жуалы аудандық пробация бөлімінің бастығы әділет майоры Қуат Сарғалтақовтың айтуынша, бақылау құралдары түрлі құқық бұзушылықтың алдын алуда және әрбір сотталғанды үнемі бақылауда ұстауға көп көмегін тигізіп отыр екен.
– Ауданның пробация қызметіне төрт электронды білезік бөлінді. Ол жаза өтеу шарттарын жүйелі түрде бұзатын және бірнеше ескертуі бар сотталғандарға тағылады. Осылайша, істі болғандардың әр жүріс-тұрысы арнайы жүйе арқылы күндіз-түні қадағаланады. Яғни, инспектор жұмыс орнында отырып-ақ олардың іс-әрекетін планшет, ноутбук немесе ұялы телефон арқылы бақылай алады. Егер де жазасын өтеуші шектеу шараларын орындамаса немесе электронды білезікті бүлдірсе құрылғы бірден дабыл береді. Жалпы, есепте тұрған азаматтар электронды білезікті бір жыл бойы тағуға міндеттеледі. Осы уақыт аралығында заңға қайшы әрекетке бармаса, құрылғы алынып тасталады. Ал олай болмаған күнде материал сотқа жіберіледі. Жалпы алғанда, бақылау құралдары түрлі құқық бұзушылықтың алдын алуда және әрбір сотталғанды үнемі бақылауда тиімділігін көрсетуде, – дейді Қуат Сарғалтақов.
Марат ҚҰЛИБАЕВ,
«Жаңа өмір»