Basty bet

Тұрмыстық зорлық-зомбылыққа заң жол бермейді

Қазақта «Отан – отбасынан басталады» деген дана сөз бар. Дегенмен, қазір бұл сөздің қадірін кетіріп жүргендер көп. Себебі көптеген отбасында береке-бірліктен гөрі зорлық-зомбылық, әйелдер мен балаларға әлімжеттік жасау көбейген. Сондай-ақ қылмыстық статистика соңғы үш жыл ішінде тұрмыстық зорлық-зомбылық бойынша әлімжеттік көрген әйелдердің көрсеткіші 25 пайыздан асқанын көрсетеді.

Жалпы отбасындағы тұрмыстық зорлық-зомбылық елімізде болғанымен, бірен-саран болатын. Бірақ Ішкі істер министрлігі соңғы он жылда отбасындағы зорлық-зомбылыққа қатысты қылмыстық істің күрт көбейгенін мәлімдейді. Әсіресе, төтенше жағдай кезінде тұрмыстық жанжал көрсеткіші 41,7 пайызға өскен. Оның ішінде, отбасылық жанжалдан бастап, әйелдеріне ерінің тарапынан қысым көрсетіліп, тіпті бала-шағасымен қоса өртеп жіберген жағдайлар да көп болғаны бәрімізге мәлім. Жалпы отбасындағы жанжал қайдан шығады? – деген сұраққа келсек, бұл туралы психолог Салтанат Серікова былай деп жауап береді:
– Кейінгі кезде менің қабылдауыма отбасылық жанжалмен келетіндер көбейді. Соның ішінде жақын туыстары жоқ, не жағдайы төмен отбасынан шыққан әйелдер жиі келеді. Түрлеріне қарасаң әбден шаршаған, шарасыз, кімнен араша сұрарын білмей, ішіндегісін айта алмай булығып тұрады. Психолог болған соң, жәймен ішіндегі мұңын шығаруға тырысамыз. Кейбір әйелдер отбасындағы жанжалға өзін кінәлап, бөлімшелерге арыз түсіруден қашады. Ал кейбіреулері туған-туыстары болса да, олардан көмек сұрамай, «Тұрмысқа шықтым ба, тастай батуым керек. Балаларым үшін қандай жағдайға болсын көнуім керек» дейді. Мұндай жағдайдың барлығы отбасындағы ортақ сүйіспеншіліктің жоқтығынан болады. Кейде кейбір ер адамдар дос-жарандарының «әйелжанды» деген сөзінен сақтанып, ақылға салмай, жұдырық ала жүгіретіндері өкінішті. Яғни, бұл психологиялық ауытқудан туындайтын нәрсе, – дейді психолог.
Тұрмыстық зорлық-зомбылық бойынша әйелдерден бөлек, балаларға да қысым көрсету әзірге тыйылмай келеді. Бұл жөнінде ЮНИСЕФ пен Қазақстан арасындағы зерттеулерге сәйкес, отбасындағы балаларды тәрбиелеу мақсатында ересектердің 75 пайызы күш қолданатындығын анықтаған. Оның ішінде 14 жасқа дейінгі балалар әрбір екінші отбасында не балабақшада жәбірленсе, мектеп оқушыларының үштен екісі қатарластарынан не болмаса мектеп мұғалімдерінен кемсітуге не зорлық-зомбылыққа ұшырайтын көрінеді. Ал зорлық-зомбылықтың ең көп көрсеткіші балалар үйі мен арнайы интернат мекемелерінде кездесетінін байқаған.
Осы орайда, отбасындағы әйелдер мен балалардың тұрмыстағы зорлық-зомбылығына қарсы елімізде көптеген шаралар қолға алына бастаған. Соған сәйкес, Ел Президенті былтырғы Жолдауында әйелдерге қарсы тұрмыстық зорлық-зомбылық үшін жазаны қатаңдатуды міндеттеген болатын.
ҚР Президентінің халыққа арнаған «Жаңа Қазақстан: жаңару мен жаңғыру жолы» атты Жолдауының құқық қорғау институттарын күшейту туралы тапсырмасында: «Сонымен бірге қоғамдағы зорлық-зомбылық деңгейін төмендету үшін жүйелі шаралар қабылдау керек. Бұл ретте, отбасылық-тұрмыстық қатынастар саласындағы құқық бұзушылықтармен тиімді күресу маңызды рөл атқарады.
Бүгінде азаматтар мен қоғам белсенділері әйелдерге және балаларға зорлық-зомбылық көрсеткендердің жазасын қатайту қажеттігін жиі айтып жүр. Мен бұған дейін мұндай құқық бұзушылықтарды қылмыс санатына жатқызудың орынды, я орынсыздығын анықтау туралы нұсқау бергенмін. Бас прокуратураға бұл мәселені жан-жақты зерделеп, біржола шешуді тапсырамын», деп айтқанын атап өткеніміз жөн.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бұл мәселеге қатысты заң қабылданар тұста: «Отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимыл туралы» заң жобасы қоғамда қызу талқыға түсуде. Бұл – орынды. Өзекті мәселелер кеңінен талқылануға тиіс. Оның нормаларын мұқият қарап, барлық пікірлерді ескерген жөн. Басты міндетіміз – әйелдер мен балалар құқығын қорғау», – деген пікірін білдірген еді.
Бұл туралы Мәжілісте де арнайы жиын өткізіліп, «Отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимыл туралы» заң жобасы талқыланған еді. Нәтижесінде, «отбасындағы зорлық-зомбылықтың алдын алу» туралы заңға сәйкес, зорлық-зомбылық физикалық, психологиялық, жыныстық және экономикалық болып бөлінген. Яғни, әрбір жәбірленуші қол жұмсау әрекетінің алдын алып, құқық қорғау органдарына жүгіне алады. Осылайша, тұрмыстағы зорлық-зомбылықтың тұтанып кетпеуіне жол бермей, оның алдын алуға болады.

Нұржан Манасұлы,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close