Basty bet

Жас маманның болашағына жол ашады

Университетті аяқтағаннан кейін бірден жұмысқа орналасу бақыты өкінішке орай барлық диплом алған мамандарға бұйыра бермейді. Бұл жағдайды ескеріп, мемлекет тарапынан іске асырылып отырған кешегі түлек, бүгінгі маман үшін «Жастар тәжірибесі» бағдарламасының пайдасы зор.

«Жастар тәжірибесі» білім беру ұйымдарының түлектері үшін түлектердің алған мамандығы бойынша бастапқы жұмыс тәжірибесін алу мақсатында және жиырма тоғыз жастан аспаған жұмыссыздар үшін ұйымдастырылады. Біздің ауданымызда да «Жастар тәжірибесі» бағдарламасымен әртүрлі салада жұмыс істеп жүрген жас мамандар бар.
Аудан әкімдігінің халықты жұмыспен қамту бөлімінің мәліметінше, ағымдағы жылы «Жастар тәжірибесі» бағдарламасы бойынша республикалық бюджеттен 100 азаматқа 45 945 млн теңге қаражат және жергілікті бюджет есебінен 8689,0 мың теңге қарастырылды. Қазіргі таңда “Жастар тәжірибесімен” жұмыс жасап жатқан 43 азамат бар. Бағдарламаның мерзімі 12 айдан аспайды және үзіліссіз болуы тиіс.
– Жалақы мөлшері – 30 айлық есептік көрсеткіш. Өтінім «Enbek.kz» порталында электронды түрде беріледі. Практикаға баратын жастарды мекеменің штатына қарай 10% ғана беріледі,- дейді аудандық халықты жұмыспен қамту орталығының маманы Нұрқанат Ұлтарақов.
Қолына диплом алып, тәжірибе жинақтап жүрген жастардың қатарында Рамазан Тілеш те бар. Ол Көкбастау ауылдық округіне қарасты Теріс ауылында дүниеге келген. Ауылдағы №16 С.Сейфуллин атындағы орта мектептің түлегі. Манаш Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетін техника және технология мамандығы бойынша оқып, 2021 жылы тамамдаған.
– Жолдама арқылы наурыз айынан бастап аудан әкімдігінің экономика және бюджеттік жоспарлау бөлімінде “Жастар тәжірибесімен” жұмыс істеудемін.
Ең басты мақсатым – өзімнің туып-өскен ауылымда еңбек жолымды бастап, тәжірибе жинақтап, тұрғындарға сапалы қызмет көрсету.
Осы жерде мамандардың жұмысына қарап, олар басқа бөлімдермен қалай жұмыс жасайтынын көріп тәжірибе жинақтаудамын. Болашақта осының бәрі өзіме керек. Өз-өзімді дамытып, болашақта жұмыс істеуге барған жерімізге дайын маман болу жолында қалыптасамыз. Бұл бөлімде аудандағы барлық бөлімдердегі қаражатты жоспарлайды. Мұнда өз жұмыстарын жетік білетін мамандар қызмет істейді. Мекеменің басшысы Қалима Мықтыбекова алғаш жұмысқа келгенімде, сол жерде жұмыс істейтін мамандарға мені таныстырып, білмеген жерімді үйретуді тапсырды. Басында толқып, ыңғайсыздандым. Уақыт өте бұл ұжымға да үйрендім, – дейді Рамазан Жаңабекұлы.
Рамазан бізбен әңгімелесу барысында осындай бағдарламаның барына қуанышты екенін жеткізді. Бұл бағдарлама жастарға таптырмас көмек екенін де айта кетті. Рамазан болашақта елдің қамын ойлайтын басшы болсам деп армандайды.
Мемлекет тарапынан жастар қауымына ерекше көңіл бөлініп, олардың алаңсыз білім алуы мен еңбек етуіне ықпал етуде. Бір ғана мысал мемлекет тарапынан қабылданған «Жастар тәжірибесі» бағдарламасының пайдасы мен шапағаты қаншама жастарға тиюде. Ендеше, аға буын өкілдерінен тәжірибе жинақтап жүрген жас мамандарға қанаттары талмай, одан да биік шыңдарды бағындыратынына сенім білдіреміз.

Баян Тұрсынқұлқызы,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close