Basty bet
Инспектордың жұмысы оқыс оқиғаларға толы
Халық қаһарманы Бауыржан Момышұлы «Отан үшін отқа түс – күймейсің» деп әрбір адамның туған елін, жерін қорғауы міндет екенін атап өткен. Расында, байтақ Отанды қорғау ер азаматтың парызы саналады. Айбарлы Ата Заңымызда да «Қазақстан Республикасын қорғау – оның әрбір азаматының қасиетті парызы мен міндеті» деп көрсетілген.
Өзін ер азаматпын деп санайтын кеудесінде ар-намысы, бойында жігері, жүрегінде оты бар әрбір жан үшін ең басты парыз, ең басты адами міндет – осы. Біздің Отанымыз – Қазақстан Республикасы қалыптасқан тәуелсіз мемлекет ретінде өзінің әрі қарай даму жолымен сенімді қадаммен жүріп келеді. Қазақстан халқының басты байлығы – ұлттық бірлік, бейбітшілік пен келісім.
Қай уақытта болсын, әр азаматтың амандығы мен қоғамның қауіпсіздігі және тыныштығы басты орында болуға тиіс.
Бүгінгі біздің әңгімеміз көпшіліктің қауіпсіздігі үшін еңбек еткен, кейде осы жолда өмірін де қауіп-қатерге тіккен тәртіп сақшылары жайында болмақ. Бүгінде біз Нұрлыкент ауылдық оқругінің учаскелік полиция инспекторының жұмысына кеңірек тоқталмақпыз.
Аудан орталығынан алшақтау орналасқан Нұрлыкент ауылдық округінде бүгінде 4926-ден аса адам тұратын Қазбастау, Түктібай және Нұрлыкент аталатын үш ауыл бар. 2022 жылдан бастап жергілікті тұрғындардың тыныштығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз етуге учаскелік полиция инспекторы, полиция капитаны Самат Сариев бекітілген. Тәртіп сақшысының ішкі істер органдары саласында жұмыс жасап жатқанына 15 жыл болды. Ол ауыл тұрғындары алдында ұрлықтың алдын алу және әкімшілік теріс қылықтар бойынша тоқсанына бір рет есеп беріп отырады.
-Учаскелік полиция инспекторына ауыл азаматтары барлық мәселелер бойынша жүгіне алады. Мұнда азаматтардың шағымдарынан бастап, қылмыстық істерге дейін қарастырылады. Қылмыс болған жағдайда ізін суытпай бірден істі ашу, азаматтардан келіп түскен шағымдарды қарап, шешімін табу негізі қызметіміз,- дейді Самат Мұратұлы.
Сөйлесу барысында учаскелік полиция инспекторы нақты болған оқиғамен бөлісті. Оның айтуынша, полиция қызметкері жұмыс барысында оқыс оқиғалармен бетпе-бет келеді. Жыл басынан бері округте екі қылмыс тіркелген және қоғамдық орындарда әкімшілік құқық бұзушылық жасаған азаматтарға тиісті 100-ден аса хаттама толтырып, айыппұл салынған. Ағымдағы жылы аталған ауылдық округте пәтер ұрлығы орын алған екен. Жедел іздестіру іс-шараларын қолға алып, пәтер ұрлығы қылмысын жасаған 1 азамат жауапкершілікке тартылып, пәтер ұрлығы ашылды. Шұғыл-профилактикалық тексеру шаралары кезінде учаскелік полиция инспекторы үйінде есірткі сақтады деп күдікке ілінген ауыл тұрғынын ұстады. Тәртіп сақшылары бірнеше түп анаша мен анашаның тұқымын тапқан. Күдікті қамауға алынды. Қазіргі таңда тергеу амалдары жүріп жатыр. Сонымен қатар учаскелік полиция қызметкері жыл басынан бері 5 отбасында зорлық-зомбылық дерегі тіркелгенін айтты.
Тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимыл – учаскелік полиция инспекторы жұмысындағы басым бағыттардың бірі. Бүгінде заң орындарына шағымданған әйелдер күйеулерінен аяусыз соққы көріп, балағат сөздерден әбден мезі болғандар. Бүгінгі таңда сот шешімімен 5 азамат қамауға алынды. Сонымен қатар әкімшілік құқық бұзу дерегі бойынша 1 азамат масаң күйде көлік басқарғаны үшін заң алдында жауапкершілікке тартылды. Сот азаматқа әкімшілік құқық бұзушылық жасағаны үшін кінәлі деп танып, 15 тәулікке әкімшілік қамаққа алынып, 7 жылға жүргізуші куәлігінен айырылды.
– Жалпы бүгін қоғамның алдында тұрған басты міндеттердің бірі – жасөспірімдердің арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу, кәмелетке толмағандардың арасындағы қылмыстың өсуіне жол бермеу. Бұл мәселе қазіргі кезде өте өзекті болуда. Жасөспірімдердің арасында құқық бұзушылықтың алдын алу мақсатында құқықтық сауаттылық пен құқықтық мәдениетті арттыру жұмысы да өте маңызды. Осы ретте кәмелетке толмаған балалар арасындағы және оларға қатысты жасалатын құқық бұзушылықтардың алдын алу мақсатында білім ошақтарында түрлі форматта іс-шаралар ұйымдастырылып отырады. Кәмелетке толмағандардың арасында құқық бұзушылардың алдын алу бойынша көктем мезгілінен оқу жылының аяғына дейін мектеп инспекторларының қатысуымен жоғары сынып оқушыларымен бірнеше рет кездесу өтті,- деді тәртіп сақшысы Самат Мұратұлы өз сөзінде.
Қоғамдық тәртіпті сақтауда әрдайым алғы шепте тұратын тыныштық күзетшісі – учаскелік полиция инспекторының, жұмысы сырттай салмақты, жайбарақат көрінгенімен, түрлі шытырманға толы.
Мінген көліктерінде де, өздерінде де дамылдауға мұрша жоқ. Сондықтан да қоғамдық тәртіпті қадағалайтын учаскелік инспекторлардың жүктемесі көп, міндеті ауыр екенін түсінгеніміз дұрыс. Тұрғындардың қауіпсіздігін күзету үшін уақытын сарп етіп жүрген тәртіп сақшыларының жұмысына үлкен құрметпен қарағанымыз абзал. Қоғамның тыныштығына қоғам болып атсалысуымыз керек.
Анар ТІЛЕНШИЕВА,
«Жаңа өмір»