Basty bet
Мемлекеттік органға халық сенімін арттыру қажет
Қазақстан Республикасының 2050 жылға дейiнгi даму стратегиясында ұзақ мерзiмдi басымдықтардың бiрi – кәсiби мемлекеттi құру екені мәлім. Бiздiң мемлекетiмiздiң алдында тұрған стратегиялық мiндеттердiң сапалы iске асырылуы қай саланың болмасын дамуы мемлекеттiк қызметтің кәсiптiлiгiне негiзделедi. Сондықтан, қазіргі таңда елімізде мемлекеттік қызмет аппаратының кәсіби біліктілігіне, мемлекеттік қызметшілердің моральдық-әдептік келбетіне зор мән берілуде. Оның нақты дәлелі – Елбасымен ұсынылған Ұлт Жоспары «100 нақты қадам» аясында, 2016 жылдың 1 қаңтарда күшіне енген «Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы», «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» Заңдардың және мемлекеттік қызметшілердің әдеп кодексінің қабылдануы болып табылады.
Біз сөз етіп отырған жаңа Әдеп кодексі халықтың мемлекеттік органдарға сенімін нығайтуға, мемлекеттік қызметте өзара қарым-қатынастың жоғары мәдениетін қалыптастыруға және мемлекеттік қызметшілердің әдепсіз мінез-құлық жағдайларының алдын алуға бағытталған. Яғни, бұған қарап отырып біз, бұрынғыға қарағанда мемлекеттік қызметшілерге қойылар талаптардың күшейгендігін байқаймыз. Мемлекеттік қызметшінің моральдық бет-бейнесі мен әдебіне айрықша көңіл бөлінуінің астарында оның іскерлігі ғана емес, сонымен қатар, айналасындағыларға құрметі мен ізеті де сараланады.
Мемлекеттік қызметші халықтың, елдің алдындағы тұлға болғандықтан, оның әрбір айтқан сөзі мен іс-қимылын халық жіті бақылап отырады, үнемі көңіл таразысынан өткізеді. Ел үшін жан аянбай жұмыс істейтін мемлекеттік қызметші қашанда елге сыйлы, басшылыққа қадірлі.
Мемлекеттік қызметші әрқашанда әдеп кодексінің талаптарын естен шығармағаны абзал. Мейлі, ол жұмыс барысында болсын, мейлі, ол демалыс күндерінде болсын, қонақта болсын, далада табиғат аясында демалғанда болсын, тіпті, жай үйінде қонақ күтіп отырған күннің өзінде де. Себебі, жоғарыда атап өткеніміздей, бұқара халық олардан үлгі алады, соларға қарап бой түзейді, сөз түзейді. «Өзі жақсы адамға, мың кісілік орын бар» дегендей, құрметтеп төбелеріне көтереді. Тіпті, мемлекеттік қызметшінің, ел алдындағы адамның ішкен-жегені де, киім кигені де әдептіліктің ауылынан ұзамағаны жөн. Қалай болса, солай киіну, көпшілік ортада өзін дұрыс ұстамау да мемлекеттік қызметшіге үлкен сын болмақ. Сондықтан, мемлекеттік қызметшілер бұл тұрғыда үлкен жауапкершілік танытып, әрдайым өзіне-өзі есеп беріп отыруы қажет.
Мәселен, кодексте мемлекеттік қызметшінің жалпы мінез-құлығына қойылатын талаптары халықтың бірлігі мен елдегі ұлтаралық келісімді нығайтуы, адал, әділ, қарапайым болуы, үнемі біліктілігін арттыруы, шектеуліктерді қатаң сақтауы, қоғам тарапынан сынға ілікпеуі, шындыққа сәйкес келмейтін мәліметтерді таратпауы, іскерлік әдепті сақтауы, мемлекеттің мүлкін, автокөлік құралдарын қоса алғанда тек қызметтік мақсатта пайдалануы тиіс деп нақты белгіленген.
Кодекстің «Қызметтен тыс уақыттағы мінез-құлық стандарты» атты үшінші бөлімінде, жоғарыда айтқандай, мемлекеттік қызметшілер жұмыстан тыс уақытта қарапайым болуы, қоғамда белгіленген жалпы моральдық-әдептілік нормаларын сақтауы, заңнама талаптарын бұзбауы қажет деп көрсетілген.
Бұдан басқа қызметтік қарым-қатынастардағы мінез-құлық стандарттарында әріптестердің бір-бірімен қарым-қатынас жасауына, басшылардың қарамағындағы қызметшілермен және төмен тұрған лауазымдағы қызметшілердің басшылармен өзара қарым-қатынасына қойылатын талаптар айқындалған. Яғни, олардың өзара қарым-қатынас жасауы іскерлік негізде жүзеге асырылып, ұжымда әріптестер бір-бірінің ар-намысы мен абыройына зиян келтіретін ақпарат таратпаулары тиіс делінсе, басшы қол астындағы қызметшілер үшін барлық адамгершілік қасиеттердің үлгісіне айналуы, оларға қатысты негізсіз айыптауларға, дөрекілік, қадір-қасиеттерін қорлауға жол бермеуі және қызметтен тыс мәселелерін шешу кезінде өзінің қызметтік жағдайын пайдаланбауы тиіс делінген.
Сондықтан, мемлекеттік қызметте үлкен жетістіктерді бағындыруды көздеген әрбір мемлекеттік қызметші Әдеп кодексін және «Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы», «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» заңдарының талаптарын мұқият сақтап, еліміздің өркендеуіне зор үлес қосуымыз қажет.
Ғани Жұбаев,
Күреңбел ауылдық
округінің әкімі