Basty bet
Шын мұқтаж отбасына ғана берілуі керек
Атаулы әлеуметтік көмек 2001 жылдың 24 желтоқсанында “Мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек туралы” Қазақстан Республикасының Заңы шыққаннан кейін беріліп келеді. Бұл елімізге нарықтың келуіне байланысты 90-шы жылдардағы экономикалық дағдарыстан енді-енді шығып келе жатқан кез болатын. Қалада өндірістік кәсіпорындар, орта және шағын бизнес әлі күш алып кете қоймаған. Ал, арбасы сынып, өгізі өлген ауыл шаруашылығының жағдайы тым нашар еді. Қысқасы, қалада да, ауылда да жұмыссыздық жайлаған, адамдардың иығынан ала дорбасы әлі түспеген уақытта осы атаулы әлеуметтік көмектің қажеттілігі білінген де болар. Алғашында бұл көмекті жұмыссыз бала-шағасы нәпақасыз қалған екінің бірі алды. Содан көп уақыт өтпей-ақ, атаулы әлеуметтік көмектің адамдарды масылдыққа итермелейтіні жөнінде пікірлер айтыла бастады. Мұнысы бір жағы дұрыс. АӘК шын мұқтаж отбасына ғана берілуі керек.
Қоғам тұрақтылығының бір өлшемі осы әлеуметтік мәселеде жатыр. Бәрімізге белгілі 2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап әлеуметтік салаға жаңа форматтағы атаулы әлеуметтік көмек енгізілді. Жаңа форматтағы атаулы әлеуметтік көмектің қазіргі әлеуметтік төлемдерден басты айырмашылығы, ол тұрмысы төмен азаматтарға немесе отбасыларға көрсетілетін қолдаудың үш түрін бір нұсқаумен ұсыну болып табылады. Бұл дегеніміз, бүгінгі таңдағыдай тек атаулы әлеуметтік көмек төлеп қана қоймай, мемлекет тарапынан жұмысқа тұруға жәрдемдесуді білдіреді. Яғни, жұмыссыз жүрген отбасы мүшелері мемлекет есебінен оқуға жіберіледі, “Жастар тәжірибесіне”, әлеуметтік жұмыс орындарына және қоғамдық жұмыстарға орналастырылады. Сондай-ақ, жеке кәсібін ашуға немесе бизнесін кеңейтуге несие беріледі. Егер отбасындағы адамдар қиын өмірлік жағдайға тап болса, үкіметтік емес ұйымдар, әлеуметтік қызметкерлер және мемлекеттік медициналық-әлеуметтік ұйымдар тарапынан мемлекет кепілдік берген арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсетіледі. Осылайша жаңа форматтағы атаулы әлеуметтік көмек аз қамтылған отбасыларға немесе азаматтарға қолдау көрсете отырып, кедейшілік шегінен шығару үшін кешенді қарастыруды көздейді.
Атаулы әлеуметтік көмек туралы көмектің айналасындағы түрлі сұрақтарға байланысты Аудан әкімдігінің жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің сектор меңгерушісі Жаныгүл Махмудовамен сұхбаттасқан едік.
-Жаныгүл Камалқызы, мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек өткен жылы қанша отбасына, қанша жанға берілді?Төленген сома көлемі қанша?
– Былтырғы жылдың 12 айында 3839 адамы бар 715 отбасының өтініштері оң шешімін тауып, 302710,0 мың теңге АӘК тағайындалып төленді. Оның ішінде: шартсыз ақшалай көмек – 379 адамы бар 93 отбасына, шартты ақшалай көмек – 3542 адамы бар 640 отбасына берілді.
Сонымен қатар, Әлеуметтік көмек саясатын дамыту департаментінің 2021 жылғы 19 наурыздағы хаттамасына сәйкес, 2021 жылғы 1 сәуірден бастап АӘК тағайындауға өтініштерді қабылдау «Электронды үкімет» порталы (egov.kz) арқылы жүзеге асырылады.
-Атаулы әлеуметтік көмекті төлеу жолдары қандай?
-Қазақстан Республикасының “Мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек туралы” 2001 жылғы 17 шілдедегі N 246 Заңына, ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрінің 2015 жылғы 5 мамырдағы № 320 бұйрығымен бекітілген “Мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек тағайындау және төлеу қағидаларының” негізінде тағайындалып, төленеді. АӘК тағайындау немесе тағайындаудан бас тарту, «Мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек алуға үміткер адамның (отбасының) жиынтық табысын есептеудің ережесін бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлуметтік қорғау министрінің 2009 жылғы 28 шілдедегі № 237-ө бұйрығына өзгерістер енгізу туралы 2021 жылғы 30 қарашадағы №450 бұйрығына сәйкес есептелінеді.
Отбасының әрбір мүшесіне төленетін атаулы әлеуметтік көмек мөлшері, отбасының жан басына шаққандағы орташа табысы мен белгіленген кедейшілік шегі арасындағы айырма түрінде есептелінеді. Жан басына шаққандағы орташа табыс АӘК тағайындауға өтініш жасаған тоқсанның алдындағы тоқсанда алынған жиынтық табысты отбасы мүшелерінің санына және үш айға бөлу арқылы есептеп шығарылады.
2022 жылдың шілде айынан бастап АӘК төлемдері Мемлекеттік корпорация арқылы жүзеге асырылуда.
-Өткен жылы көмек алушылардың ішінде жағдайы түзеліп, бұл санаттан шығарылған отбасылар барма?
-Былтырғы жылдың І тоқсанында атаулы әлеуметтік көмек алушылар- 575 отбасын құраған болса, 4 тоқсанда 425 отбасын құрап отыр, яғни 150 отбасына АӘК төлемі тоқтатылған. Оның ішінен, 122 отбасының табысы көбейген, яғни бұл отбасылардың жағдайы түзеліп, АӘК алушылар қатарынан шығарылды.
-Биылғы жылы І тоқсанға АӘК алуға өтініш бергендердің саны қанша?
-Бүгінгі таңда, 2023 жылдың І тоқсанына АӘК алуға 381 отбасы өтініш білдіріп, оның ішінен 301 адамға көмек тағайындау бойынша шешім қабылданды.
-Биылғы жылғы өзгерістер мен жаңалықтар қандай?
-2023 жылдың шілде айынан бастап енгізілетін ҚР Әлеуметтік Кодексі жобасында балалы отбасыларға әлеуметтік қолдауды жақсартуға арналған жаңа қағидаттар қарастырылған. Атап айтқанда, 2023 жылы Қазақстанда бір жастан алты жасқа дейінгі балаларға кепілдендірілген әлеуметтік пакетті монетизациялау жүргізіледі. Бұл атаулы әлеуметтік көмек (АӘК) алатын отбасыларға азық-түлік жиынтығын өз бетінше сатып алуға мүмкіндік береді. Монетизация АӘК алушылар қатарындағы балаларға қосымша төлем белгілеу арқылы жүзеге асырылады, яғни 2023 жылға бекітілген айлық есептік көрсеткіш 3450 теңгенің 1,5 есесі төленетін болады (5175 теңге).
Осыған байланысты, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің 2022 жылғы 29 желтоқсандағы №533 бұйрығына сәйкес Мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек тағайындау және төлеу қағидаларына өзгерістер енгізілді, яғни бір жастан алты жасты қоса алғанға дейінгі әрбір балаға ай сайынғы қосымша төлемді тағайындау және жүзеге асыру тәртібі бойынша, бір жастан алты жасты қоса алғанға дейінгі балаларға ай сайынғы қосымша төлем балалардың жасын ескере отырып, ағымдағы тоқсанға бір жастан алты жасты қоса алғанға дейінгі балалары бар атаулы әлеуметтік көмек алушыларға тағайындалады және ай сайын төленеді.
-Өтініш электронды түрде қабылдана ма, әлде қағаз түрінде ме?
-Әлеуметтік көмек саясатын дамыту департаментінің 2021 жылғы 19 наурыздағы хаттамасына сәйкес, 2021 жылғы 1 сәуірден бастап АӘК тағайындауға өтініштерді қабылдау «Электронды үкімет» порталы (egov.kz) арқылы жүзеге асырылуда.
-Сұхбатыңызға көп рақмет!
Сұхбаттасқан
Перизат Шымыртайқызы,
“Жаңа өмір”