Basty bet
Кәсіпкерлікті дамыту – заман талабы
“Топжарған” оқыту орталығының конференц залында «AMANAT» партиясы аудандық филиалының ұйымдастыруымен «Әйел табысы» кәсіпкерлік білім керуені өтті.
«Әйел табысы» кәсіпкерлік білім керуені – тек кәсіби білім беру емес, бұл – әйелдің өз әлеуетін танып, мүмкіндігін жүзеге асыру жолындағы жарқын сапары. Бұл керуеннің мақсаты – әйелдерге қаржылық және кәсіпкерлік сауаттылықты арттыруға жол ашып, шағын және орта бизнесті дамытуда нақты қолдау көрсету.
Кәсіпкерлік білім керуеніне «AMANAT» партиясы Жамбыл облыстық филиалы төрағасының кеңесшісі Рахия Тұрмаханбетова, Жамбыл облыстық әйелдер қанаты басшысының кеңесшісі Дәмеш Ускумбаева, облыстық әйелдер күштері Альянсының төрағасы Амина Қайназарова, «Атамекен» аудандық кәсіпкерлік палатасының басшысы Нұрбол Қуанышбеков, “Аграрлық несие корпорациясы” АҚ-ның Жамбыл облысы бойынша филиалының өкілі Айгерім Ақназарова, «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ Жамбыл облысы бойынша филиалының өкілі Раушан Қазбек, аудандық «Мансап орталығы» филиалының оқыту бөлімінің меңгерушісі Ерік Сұрамысов, әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының өкілі Құралай Жақанша, Жуалы ауданы бойынша Мемлекеттік кірістер басқармасының бөлім басшысы Ерғали Нартаев және кәсіпкер әйелдер мен кәсіп ашуға ниетті қыз-келіншектер қатысты.
Семинарды «AMANAT» партиясы әйелдер қанатының аудандық үйлестірушісі Эльмира Абишева ашып, жүргізді.
Алғашқы сөз «AMANAT» партиясы Жамбыл облыстық филиалы төрағасының кеңесшісі Рахия Тұрмаханбетоваға берілді.
– «AMANAT» партиясының жанынан құрылған әйелдер қанаты тек кәсіпкерлік бағытында жұмыс атқарып келе жатқан жоқ. Біздің жұмысымыз сан салалы. Мәселен, отбасындағы әйелдің рөлі, ауызбіршілік пен ынтымақ, бала тәрбиесі, зорлық-зомбылықтың алдын алу әйелдің көшбасшылығын арттыру, денсаулық сақтау, қыз баланың тәрбиесі секілді бағыттарда жұмыс атқарылуда. Ал, бүгінгі семинарда сіздерге кәсіпкерлік бағытында кеңестер беріліп, сұрақтарға жауап беретін боламыз, – деді ол.
Одан кейін кәсіпкерлік білім керуені бизнес-оқыту практикумымен жалғасып тапты. Бизнеспен айналысу жолындағы қиындықтарды анықтау, түрлі кеңестер және топтық жұмыс жүргізу мақсатында облыстық әйелдер күштері Альянсының төрағасы Амина Қайназарова қыз-келіншектермен еркін форматта тренинг жүргізді. Топтық жұмыс барысында қатысушылармен жеке танысып, әрбірінің жеке қасиеті мен қабілетін ашуға тырысты. Амина Рысбекқызы қыз-келіншектерге кәсіпті қалай ашуға болатындығын және отбасы табысының артуына өзінің үлесін қалай қосуға болатындығы жайында кеңінен әңгімеледі.
Одан кейін сөз алған жоғарыда көрсетілген кәсіпкерлік білім керуеніне қатысушылар түсіндірме жұмыстарын жүргізді.
«Әйел табысы» – отбасының берекесі мен қоғамның өркендеуінің кепілі. Керуен аясында қатысушылар іскерлік дағдыларды меңгеріп, табысты кәсіпкер болудың жолдарын үйренді деуге болады. Басқосу тек теория емес, шынайы тәжірибе, мотивация және шабыт алаңы болды. Әрбір әйел – табысқа лайық. Ал, бұл жобаның – сол табысқа апарар нақты қадам екені шара барысында анық байқалды.