Basty bet

Балалардың отпен абайсыздығы

Балалардың отпен ойнауы салдарынан өрт оқиғасының туындауы – өкінішке орай сирек оқиға емес. Шамамен барлық баланың отпен ойнауға деген құштарлығын және одан келер қауіпті барлығымыз жақсы білеміз. Біле тұра, балаларды үйде үлкендердің қарауынсыз жалғыз қалдырамыз. Олар жалғыз қалғанда шақпақ қорабымен ойнамайды, қағазды жақпайды немесе тұрмыстық техникалардың жұмысына қызықпайды десек өте қатты қателесеміз.
Күнделікті өмірде, әртүрлі жағдайларға байланысты кейде балаларды белгілі бір уақытқа дейін жалғыз қалдыруға тура келеді. Ол өте қауіпті, әсіресе пәтердің есігін жауып кетер болсақ. Өрт болған жағдайда олар қауіпті жерден сыртқа шыға алмайды. Сондықтан, үйден шығар алдында балаларды ересек адамның қарауында қалдырған дұрыс. Баланың назарын қандай да бір қызық тапсырмаларға аударған жөн. Оларды отпен абай болуды кішкентай кезінен үйрету қажет. От – ойыншық емес екенін, одан келер қауіпті, адамдарға қасірет алып келерін түсіндіру керек. Баланың қалай уақыт өткізерін, олар қандай ойыншықпен ойнайды, неге қызығушылық танытады деген сұрақтар әрқашан ата-ананың назарында болу қажет.
Өрттің алдын алу үшін не істеу қажет:
– үйден шығар алдында, үлкендердің қарауынсыз кішкене балаларды жалғыз қалдырмаңыз;
– шақпақты баланың қолы жететін жерге қоймаңыздар;
– пешті, газ плитаны, электр жабдықтарын қосуға жол бермеңіз;
– баланың от жақпауын қадағалаңыз;
-баланың уақытын қызықты ұйымдастырыңыз;
– оларға жиі-жиі өрт қауіпсіздігі ережелері туралы айтып жүріңіздер;
– өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтаудың барлық жағынан үлгі болыңыз.
Құрметті ата-аналар! Егер біз балаларды отпен абайсыздыққа және құтқарудың дұрыс жолдарын үйретпесек, олардың алған жарақаттары мен өліміне кінәлі боламыз. Балаңыз оттан келер қауіптен өзіне ғана емес, өзгеге де зиянын тигізерін әрқашан біліп жүруі қажет.

Аудандық ТЖ бөлімі
және №7 өрт
сөндіру бөлімі

Таңдаулы материалдар

Close