Basty bet

Басты мәселе – тұрғындардың қауіпсіздігі

Қыс – қатал сыншы. Яғни, қысқа жан-жақты әзірлігіміздің қаншалықты екенін ауа райының бір тосын мінезі ғана көрсетіп жатады.
Биылғы қыс халқымыз үшін жайлы өтуде. Дегенмен желтоқсан айындағы қарлы бораннан республикалық мәндегі жолдар жабылып, әсіресе жол жүрген жолаушылар біраз әбігерге түсті. Құтқарушылар, аудан тұрғындары жолда қалған ағайынға қол ұшын созып, көмек көрсетті.
Алда әлі ақпан айы бар. Осы тұрғыда төтенше жағдайдың алдын алу шаралары, құтқарушылардың атқарған жұмысы, аудандағы жалпы қауіпсіздік шаралары, жолдарды қардан тазалау жұмыстары туралы аудан әкімінің орынбасары Жабағы Асхат Базарбайұлымен сұхбаттасқан едік.

– Асхат Базарбайұлы, ең басты мәселе ол – тұрғындардың қауіпсіздігі. Сондықтан ауданда төтенше жағдайлардың алдын алу, орын алған жағдайда оны жою бағытындағы жұмыстардың барысы туралы айтып өтсеңіз.
-Ауданда төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою бойынша іс-қимылдарға азаматтық қорғаудың мемлекеттік жүйесін одан әрі жетілдіру, сондай-ақ азаматтық қорғаудың басқару органдарын, күштері мен құралдарын қысқы кезеңдегі төтенше жағдайларды жою үшін шұғыл әрекет ету тобы құрылған. Ол 50 адамнан және 21 техникамен жасақталған. Шұғыл әрекет ету тобының әркез дайындықта тұруы қамтамасыз етілген. Одан бөлек ауданның азаматтық қорғау қызметтері құрылған. Құрамында 14 қызметтен тұратын 89 жеке құраммен және 31 техникасы дайындалған.
Төтенше жағдай орын алған жағдайда апат аймағынан тұрғындарды қауіпсіз аймаққа тасымалдауға және эвакуацияланғандарды қабылдап алу жұмыстарын жүргізуге, халықтың тіршілігін қамтамасыз ету үшін тиісті мекемелермен келісімшарт жасалған.
Төтенше жағдай болған жағдайда зардап шеккендерді эвакуациялауды жүргізу және олардың тіршілік әрекетін қамтамасыз ету үшін ауданда жылыту пункттері дайындалған. Олар: Көлтоған ауылындағы С.Бәйтіков атындағы орта мектеп пен №14 Көлтоған ауылдық өрт сөндіру бекеті; Ертай ауылында М.Ғабдуллин атындағы орта мектеп; Б.Момышұлы ауылында М.Жұмабаев атындағы орта мектеп; Қоңыртөбе ауылында Д.Пахомов атындағы орта мектеп; Шақпақата ауылындағы Қ.Сағындықов атындағы орта мектеп және Нұрлыкент ауылындағы М.Ломоносов атындағы орта мектеп және ауылдық мәдениет үйі. Эвакуациялық іс-шараларды жан-жақты қамтамасыз ету бойынша азаматтық қорғау қызметтерінің уақтылы және сапалы орындалуы үшін тиісті мекемелерге тапсырма беріледі.
2023 жылдың 13 желтоқсан күні қар жауып, боран болуының салдарынан төтенше жағдай орын алды.
“Батыс Еуропа-Батыс Қытай” республикалық тас жолының 570-590 шақырым аралығында Шымкент бағытындағы жол бойында 280 жүк көліктері, 5 адам тасымалдау автобусы, 50 жеңіл көлік тұрып қалды. Көліктердегі барлық жолаушылар құтқарылды. Яғни, Бауыржан Момышұлы ауылындағы М.Жұмабаев атындағы орта мектептегі жылыту пунктіне 312 адам, Шақпақата ауылындағы Қ.Сағындықов атындағы орта мектептегі жылыту пунктіне 210 адам жеткізілді.
М.Жұмабаев атындағы орта мектепке жеткізілген 312 адамның 193-і «Боранды» станциясы арқылы Шымкент бағытына пойызбен жөнелтілді, 22 адам Б.Момышұлы ауылындағы туыстарының үйіне кетсе, қалған 97 адам жол ашылғанша жылыту пунктінде болды.
Сондай-ақ, №4 Қ.Сағындықов атындағы орта мектепке жеткізілген 210 адамның 30-ын, яғни аналар мен балаларды ауыл тұрғындары үйлеріне алып кетсе, қалған 180 адам жылыту пунктінде болды.
Аудан әкімдігі тарапынан, ауылдық округ әкімдерінің аппараттары, аудандық мәслихаттың депутаттары, ауыл жастары, мектеп ұжымдары және тұрғындардың тарапынан жылыту пунктінде жатқан азаматтар мен жолда тұрған жүк көліктеріндегі және автокөліктердегі жылыту пункттеріне барудан бас тарқан азаматтар азық-түлікпен қамтамасыз етілді.
Жалпы, құтқару жұмыстарына бес арнайы техника, алты жеңіл автокөлік, 31 адам жұмылдырылды.
Осы орайда “Боранды” станциясының басшысы мен жолаушыларды құтқаруға жұмылдырылған барша мекеме қызметкерлеріне, мектеп ұжымдарына, аудан тұрғындарына сондай қысыл-таяң кезде өздеріне жауапкершілікті алып, ауыртпалықтарды көтере білгендері үшін аудан басшылығы тарапынан алғысымызды білдіреміз.
-Тұрғындардың қауіпсіздігін сақтауда ауа райының тосын мінезі туралы тұрғындарды алдын ала құлақтандыру, ескерту, қауіпсіздік шараларын түсіндіру жұмыстарының рөлі жоғары. Осы бағыттағы жұмыс барысы туралы айтып берсеңіз.
-Аудан тұрғындарына Қазгидромет қызметі мен ҚР Төтенше жағдайлар министрлігінің «Darmen» мобильдік қосымшасында жарияланған болжамды ақпаратты аудан әкімдігінің Facebook, Instagram әлеуметтік парақшаларында, ауыл-ауылда кері байланыс үшін WhatsApp желісінде арнайы ашылған чаттарда жариялау арқылы тұрғындарды алдын ала хабардар етеміз. Одан басқа болжам бойынша қатты жел, қалың қар, мұз көшкіні, су тасқыны, нөсер жауын сияқты табиғи құбылыстар болған жағдайда қауіпсіздік үшін тұрғындарға үйлердің, ғимараттардың айналасындағы арық-атыздарды, шатырдағы қар мен мұзды дер кезінде тазалау туралы түсіндірме жұмыстары жүргізіледі. Себебі, айналадағы арық-атыздар тазаланбаса, қар еріп немесе нөсер жауын жауғанда судың ағар жолы болмаған соң, су үйге қарай ағады. Сол сияқты үйдің айналасында балалар ойнап жүрген уақытта шатырдан мұз немесе қар сырғып түсуі мүмкін. Бұл жұмыс та балалардың, жалпы адамдардың қауіпсіздігі үшін маңызды. Сондықтан жылдың қай мезгілінде болсын тұрғындар өз отбасының қауіпсіздігін сақтауы қажет.
Өкінішке қарай, “көктайғақ, боран, қалың қар, тұманға байланысты жол жабылды” деген хабарламаларға, ескертуге қарамастан тыңдамай жолға шығып кететін жолаушылар болады. Олар өзінің ғана емес, құтқарушылардың да өміріне қауіп төндіреді. Мұндай жағдай биылғы қыста да орын алды. Үш азамат Күйік асуындағы шаруа қожалықтардың фермаларына шығып кетіп, бораннан жолда адасқан. Олардың туыстарының хабарлауынан кейін құтқарушылар оларды іздеп тауып, үйлеріне жөнелтті. Мұндай жағдай кейде қайғылы оқиғаға ұласуы да мүмкін. Сондықтан барша жуалылықтарды ауа райының қолайсыз жағдайларында мүмкіндігінше жолға шықпай үйде болуларын сұранамыз.
-Қар жауғанда жолдардың уақтылы тазалануы – маңызды мәселенің бірі. Осы тұрғыда аудандағы республикалық, облыстық, аудандық мәндегі жолдарға қатысты жұмыс барысы қандай? Яғни, қар тазалау жұмыстарына кімдер жауапты?
-Аудан аумағындағы республикалық мәндегі 58,1 шақырым жолдарды күтіп-ұстау, яғни қардан тазалау жұмыстарын мердігер “Қазавтожол” РМК атқарады. Мекеменің жалпы 14 дана техникасы бар.
Облыстық мәндегі 132 шақырым автомобиль жолдарын қысқы күтіп-ұстау жұмыстары бойынша “BIG building” ЖШС-мен келісімшарт жасалған. ЖШС-нің жеті техникасы тиісті жұмыстарды атқарады.
Аудандық маңызы бар 108,12 шақырым автомобиль жолдарын қардан тазалау жұмыстарын “Жуалы -Су” мекемесі атқарады. Мекеме қызметкерлері ауысыммен жұмыс жасайды.
Жалпы мекемеде 19 техника мен тіркемелері, тайғаққа қарсы пайдаланатын материалдар (құм мен тұз) бар.
Сонымен бірге таулы аймақ саналатын Қошқарата және Көлтоған ауылдарында бекітілген техникалар бар. Жүргізушілері сол ауылдарда тұрады. Олар өз жұмыстарын дер кезінде атқаруда.
Жұмыс бар жерде кемшілік те болады. Тұрғындар тарапынан түсетін сұрақтардың көбі ауылішілік жолдарға қатысты болады. Ауылішілік жолдардың уақтылы, сапалы тазалануы ауылдық округ әкімдерінің жұмысты ұйымдастыру қабілетіне, тәжірибесіне, жауапкершілігіне байланысты. Дегенмен, тұрғындардан түскен өтініштер мен шағымдар дер кезінде назарға алынып, кемшіліктердің тез арада жойылуына жұмыс атқарылады.
-Әңгімеңізге рақмет! Ел аман, жұрт тыныш болсын!
Сұхбаттасқан
Перизат Шымыртайқызы,
“Жаңа өмір”

Таңдаулы материалдар

Check Also

Close
Close