Basty bet

Қонақжайлық – халқымыздың қайталанбас дәстүрі!

«Бақ – қолдағы құс, ұшады да кетеді,
Тақ – деген түс, кіреді де кетеді.
Байлық – деген мұз, ериді де кетеді,
Мәңгілік дос – ол адал іс!» деген бабалар нақылына әрбір адам келісетін шығар деп ойлаймын. Өйткені бұл сөз бабалар өмірінен алынған айнымас шындық.
Өмірде азды көрдік пе, көпті көрдік пе, ол жағы Ұлы Жаратушыға ғана мәлім. Мен бұл сөзді көп зерделей келіп, осындай байламға келіп отырмын. Жасым жетпістің жетегіне ілескен, «Алла» деп отырған өмір бойы бар мен жоқпен арпалысқан, мазасыз, тынымсыз жанның бірі менмін. Қазір Алланың бергеніне риза көңілмен қарап, ұрпақтарымның қызығын көріп, шүкіршілік етіп отырған кейуанамын. Тыным таппай жүріп өмірдің ащы-тұщы дәмін көп татсам да, бойдағы қазақтың қайсар қызына тән ар-намыс қиындыққа мойытпай, ағысқа қарсы жүздірді. Оған да тәуба!
«Еңбек – бәрін де жеңбек» деген нақыл сөздің растығына қартайған шақта көзіміз анық жетіп отыр. «Бөрі аштығын білдірмес, сыртқа жүнін қомпайтар» дегендей өмір кештім. Өз ұямда бар-жоғы 17 жыл ғана өмір сүрген маған, 60 жыл ана болған, оның ішінде, 21 жылым толыққанды жанұя болып, қалған жылдары ұлдарыма әрі ана әрі әке болып өткен өмірімді ұмытылмас бар менен жоқ жарысқан заманым деп бағалаймын. Көзімді ашып-жұмғандай зулаған күндер елес боп артта қалып, қазір Аллаға сансыз шүкірлік етіп отырмын. Ендігі кезекте ұрпақтарыма ойлы көзбен қуана қарайтын кезді, айналадағы тіршілікке сын көзбен қарап, адамдарға көңіл бөлу арқылы өзімді де бағалайтын кез келгенін жақсы түсінемін.
Отбасым, ел-жұртым аман болып, заман тыныш болсын деген тілектегі анамын. Міне, Алла қаласа, Жаңа 2024 жылдың да есігін ашып кірдік. Ел-жұртқа жаңа жыл жақсылығымен келсін деп тілеймін. Өткенімді айтып отыруыма себеп те бар. Өйткені осы жасқа жеткенше алысқанмен алысып, сыйласқанмен сыйласып өмір сүрдім. Ал қазір күтетінім – айналадағылардан жан семіртер жақсы сөз, ілтипат, қимастық көңіл мен сыйластық, сағыныш сезімі, қуанышты сәттерді ғана аңсап тұрамын. Меніңше бұл дауасыз қарттықтың белгісі болар. Бұл – әрбір замандасымның басынан өтіп жатқан жайт болар. Өйткені енді біз қариялық ғұмырдың дариялық баспалдағына көтерілген жандар емеспіз бе?!
Қазір біздің жүрегімізде өмірге деген құштарлық артқан кез және жер бетіне барлық жандарға жақсылық тілеп, ұрпақ пен жастардан жүректің кеңдігін, шуақты күндердің көп болуын, сыйластықтың көбеюін, жақсы тілектердің мол болуын, барға қанағатшылық қасиеттің, ысырапшылдықтан тыйылып, адами сана-сезімдерінің артуын тілейміз. «Әлемде барлығы да жақсы болса екен» дегенді Ана жүрекпен тілейтініміз анық.
Жақында менің өмірімде көңілімді қатты толқытып, жүрек қуанышын оятқан оқиға болды. Осыны оқырманмен бөліскім келіп отыр. Әрі бұл жас ұрпаққа ой салар деген үміттемін. Бұл жағдай есімнен кетер емес. Ерекше сыйластық, қарапайымдылық, шыншыл және бауырмал қазақи ата-бабалардың берекелі қонақжайлық қасиетін еш жерден көрмеген сияқты болдым. Соншама тебіреніп, оны көпшілікке жеткізуге асық болған уақиға былай болған еді…
Басты кейіпкерім бұрынғы Кеңес мектебінде тоғызыншы сыныпта бар-жоғы бір жыл ғана бірге оқыған бұрынғы «Кеңес», қазіргі «Ертай» ауылында болған таныстық еді. Ауылымызда 8-сынып болмағандықтан, мен осында келіп оқыған едім. Келесі жылы Кеңестегі мектеп жабылып, оқушылар көршілес жатқан Көлтоған ауылына ауысқасын, мен де басқа мектепке ауысып кеттім. Нағыз оқушылық өмір болғандай еді мұнда. Оқушыларда бос уақыт деген болмайтын. Қосымша сабақ, онымен қоса, өнерлі жастардың қатысуымен «Алдаркөсе», «Беу, қыздар-ай!» тағы да басқа спектакльдерді көрші ауылдарға барып қойып, би, өлең, жалпы көркемөнерпаздар үйірмесі керемет жұмыс істеуші еді. Сол кездегі ағайлар қандай білімді кісілер болды десеңші… Бізден сабақ оқуды қатты қадағалаушы еді. Мұңзат және Тілеу ағайлар математика, қазақ және орыс тілдері, тіпті, машинаведениеден сабақ беретін Медеу ағайлар әлі есімде. Алғаш вальс биін билеуді үйреткен Мархабат, Саухым ағалар қандай жақсы кісілер еді, шіркін!
Сол кездерде мектепте бір сыныпта бірге оқыған кішкене ғана, монтиып отыратын салмақты, ойлы көзқарасты жұп-жуас бала Кәрібайды араға жылдар салып аудандық «Халық банкі» мекемесінде директор болған кезінде қайта көрдім. Ол кезде мен ауыл мектебінде мұғалім едім. Банкіге айлық жалақы мәселесімен барғанмын. Сыныптасым Кәрібаймен сонда жолықтым. Иә, арада қаншама жылдар өтті. Алғашқыда оны танымай қалғаным рас. Креслода отырған өте көрікті жігіт ағасын, өз қызметіне мығым, оны сөзі нақ-нақ, сұсты көзқарасымен жұмысына жан-тәнімен берілген басшы ретінде көрдім. Кабинетте көп бөгелместен, келген шаруамды айттым да шығып кеттім.
Көп ұзамай Кәрекеңмен тағы да кездесудің сәті түсті. Бірге жұмыс істейтін әріптесім әрі досым Фарида бір күні аудан орталығына келгенде қымыз ішейік деп, оқшаулау тұрған үлкен киіз үйге алып келді. Қазақы үйдің іші тап-тұйнақтай, көрпеше төселген, ортада дөңгелек үстел, тап-таза тартымды ыдыстармен бірге, қымыз, нан, тоқаш сияқты ас мәзірі жасалған. Жинақы киінген әдемі келіншек бізге қымыз құйып беріп отыр. Фарида оны Кәрекеңнің жұбайы Қантгүл деп таныстырды. Сондай тартымды таныстық болды. Мен риза болып, киіз үйдің ішіне оюлы көрпеше керек екенін, қазақы үйге тек қазақы ою-өрнек жарасатынын айтып, келесі барғанда төрге үш оюлы көрпеше апарып төседім. Қантгүлмен анда-санда көрісіп қалсақ, жылы қабақпен сәлемдесіп жүретінбіз.
Биыл кездескенде Қантгүл: «Сіздің берген оюлы көрпешені әлі де пайдаланып жүрмін. Сізге үйден дәм татырсам деп ойлаушы едім, Фарида екеуіңіз қадірлі қонағымыз болыңыздар» деп қонаққа шақырғасын, біз де бұл ұсынысқа қуана келістік.
Бір демалыс күнді белгілеп Фарида екеуміз шақырған үйге бардық. Көліктен түсе салысымен бізді отағасы Кәрекеңнің өзі қарсы алды. Үйге бастап бара жатып, қақпадан кіргеннен көз тартқан көрініске мен де таңдана қарадым. Гүлдердің өз топтарымен үйлесімді көрінісі ерекше көрінеді екен көзге. Бау ішіндегі түрлі алма, шие, басқа да жеміс ағаштары алыстан көз тартады.
Үйге еніп отырған соң: «Зейнет демалысындамын деп қарап жатпай, бау-бақшаңызға жақсы қарайды екенсіз» дедім Кәрекеңе ризашылығымды жасыра алмай.
-Жоқ, Төке, бұл Қантгүлдің қарауындағы тіршілік,- деп Кәрекең жұбайына мақтаныш сезіммен марқая қарады. Жұбайының сөзіне Қантгүл де қосылып, мұны өзінің сүйікті ісі екенін айтып жатты. Көтеріңкі көңіл күймен басталған сол жолғы кездесу ақ дастарқанның басында да өз жарасымын тапқандай. Өткен-кеткенді кеңінен әңгімелей отырып, сол күні керемет көңілді рухани демалыс болды. Кәрекең бір жұмысымен сыртқа шығып кетіп, екі сағаттан кейін қайта оралды. Біз Қантгүлмен кең әңгімелесіп отырдық. Мені таңқалдырғаны, үйдегі әр бөлменің әртүрлі дизайнмен безендірілуі еді. Мен бұл үйден ерекше жарасымды жинақылықты байқадым.
Кәрекең келген соң үлкен ас келіп, қымыз іше отырып, бұл үйден көп кісі мән бере бермейтін ерекше сыйластықты байқағандай болдым. Қантгүлдің өте ұқыпты әр нәрсені өз орнымен ұсынып, қонаққа ерекше ілтипатпен ас-су бергені, көпті көрген, тектілігін білдіріп тұрғандай. Ас қайырып болған соң, отанасы шай ішпей кетпейтінімізді ескертті. Ол ас үйдегі жұмысын реттегенше, Кәрекең бізді өз кабинетімен таныстырды. Қандай керемет, қабырғадағы суреттер өте әсерлі екен. Онымен бірге әртүрлі қанатты сөздер жазылған ойлы плакаттар ілінген. Әр кезеңдегі суреттер, тізілген жанұялық альбомдар, сөре толған кітаптар…
Маған замандасым Кәрібай Құрмашұлы туралы ағайын-туыс, құрбы-құрдас қызметтес кісілердің жазған пікірлері, құттықтаулары бар «Өмір жолыма өкінбеймін» деп сіңірген еңбегінің ерен, өмір жолының замандастарына және кейінгі жас ұрпаққа өнеге жан екендігіне көзім жетіп, риза болдым. Кәрекеңнің ауданға белгілі әрі өңірдің Құрметті азаматы екенін, осындағы бірқатар мемлекеттік мекемелерде басшылық қызметте ұзақ жылдар жемісті жұмыс атқарған азамат екенін сырттай білсем де, оның жаратылысынан сыйға берілген қабілет-қарымын өз еңбегімен ұштаған, оны халық пайдасына жарата білген тұлға екенін сол жолы түсіндім.
Жақсының жақсылығын айтып, нұрын тасытатын халықтық қасиетіміз бар емес пе?! Мен де Кәрібай Құрмашевты адамдық болмысы ерекше, тұла бойы ізгіліктен жаралған азамат деп санаймын. Ерлі-зайыпты замандастарымның бір-бірімен ерекше сыйластығы қандай жарасымды. Олардың бір-біріне деген ілтипаты шын жақын, ыстық жүрекпен ұғынысқан қимас жандар екендігі сырт көзге керемет әсер қалдырады екен.
Қантгүлдің нағыз қазақ әйеліне тән қасиеттері, ақылдылығы, кісіні жатсынбай, әңгіме арасында ешкімді сөзге қосып ғайбат айтудан, өсектеуден бойын аулақ ұстауы басқаларға үлгі-өнеге. Жүрегі иманға толы сүйікті жар, абзал ана, немерелеріне аяулы да ұлағатты әже, онымен қоса әулеттегі сыйлы жан екендігінің сырын ұққандай болдым.
Әлбетте, мұның бәрі – халқымыздың сан ғасырлар бойғы қалыптасқан ұлттық тәрбиесі мен адал еңбектің жемісі екені анық…
Төлебала КҮЗЕМБЕКҚЫЗЫ,
ардагер ұстаз, ардақты ана.
Көлтоған ауылының тұрғыны

Таңдаулы материалдар

Close