Basty bet

Маңызды науқанға Әзірлік барысы пысықталды

Сәрсенбі күні аудан әкімі аппаратының мәжіліс залында аудан әкімінің орынбасары Анар Ахметованың төрағалығымен Қазақстан Республикасы Президентінің сайлауын өткізуге дайындық барысын пысықтау мақсатында жиын өтті.

Жиынға аудандық прокуратура, аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері және ауылдық учаскелік полиция инспекторлары, ауылдық округ әкімдері, аудандық сайлау учаскелерінің төрайымдары мен төрағалары және тиісті мекеме басшылары қатысты.
Жиынды аудан әкімінің орынбасары Анар Ахметова ашып, жүргізіп отырды.
Алғы сөзді алған аудан прокурорының орынбасары Қуанышбек Қартаңбайұлы сайлау барысында құқық бұзушылықтардың алдын алу мақсатында, заң талаптарын жан-жақты түсіндіріп өтті. Сонымен қатар, сайлау барысында бақылаушылар мен үгіт-насихат құралдарының дұрыстығы және насихаттық шаралардың орындалуы мен талаптары бойынша аудан әкімдігінің ішкі саясат бөлімінің басшысы Данияр Тұрмаханбетов баяндама жасады.
Аудандық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының басшысы Марат Искаков сайлау учаскелерінде санитарлық талаптарды сақтау шараларын қамтамасыз ету туралы мәлімдеді. Ал, сайлау барысында қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету мақсатында атқарылатын шаралар бойынша аудандық полиция бөлімі басшысының орынбасары, полиция подполковнигі Есім Ордабаев ақпаратымен бөлісті.
Сайлау күні және алдын ала дайындық шараларын жүргізу мақсатында мекеме басшылары тарапынан қандай шаралар атқаратыны жөнінде аудандық-аумақтық сайлау комиссиясының төрайымы Нүрзия Алтыбаева баяндады.
Одан бөлек, жиын барысында аудандық «Қазақтелеком» байланыс торабы басшысы Нүркен Оңдасынов, аудандық аурухана бас дәрігерінің міндетін атқарушы Нұрбай Ергебеков, аудандық газ шаруашылық мекемесінің бастығы Нұрлан Бейсеқұлов, аудандық «Жуалы-Су» қазыналық кәсіпорны мекемесінің басшысы Қуаныш Болысбаев және аудандық электр желілерін тарату мекемесінің мамандары өз салалары бойынша, сайлау науқанына қаншалықты дайын екендіктері туралы мәліметтерімен бөлісті.
Жиынды аудан әкімінің орынбасары Анар Садыққызы қорытындылады.

Мақпал САМАТҚЫЗЫ,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close