Basty bet

РЕПРОДУКТИВТІК САУАТТЫЛЫҚ – ӘР ЖАСҚА ҚАЖЕТТІ БІЛІМ

2025 жылдың 12-16 мамыры аралығында елімізде репродуктивтік денсаулық апталығы өтуде. Бұл – халықтың, әсіресе жастардың репродуктивтік денсаулығы, инфекциялық аурулардың алдын алу, отбасын жоспарлау және жауапты ата-ана болу мәдениетін арттыруға бағытталған кең ауқымды ақпараттық-ағартушылық науқан.
Апталық аясында еліміздің барлық өңірінде Ашық есік күндері ұйымдастырылып, Жастар денсаулығы орталықтары мен емханаларда білікті мамандар тұрғындарға тегін кеңес беруде. Жасөспірімдер мен ата-аналарға арналған семинарлар мен дәрістер өтіп жатыр. Онда жыныстық жолмен берілетін инфекциялар, адамның папиллома вирусы (АПВ), АИТВ инфекциясының алдын алу, тестілеу және психо-әлеуметтік қолдау мәселелері қамтылған.
Адамның иммун тапшылығы вирусы (АИТВ) – бүгінде әлемдік деңгейдегі ең өзекті денсаулық сақтау мәселелерінің бірі. Жыл сайын әлемде әр 5 минут сайын 10 адам АИТВ жұқтырады, олардың 8-і – жыныстық жолмен. Бұл – қорғаныссыз жыныстық қатынастың инфекцияның негізгі таралу жолы екенін көрсетеді.
АИТВ үш негізгі жолмен жұғады:
1. Қан арқылы – залалданған инелер, шприцтер және стерильденбеген медициналық құралдар.
2. Жыныстық қатынас арқылы – қорғалмаған жыныстық қатынас ең кең таралған жол.
3. Анадан балаға – жүктілік, босану немесе емізу кезінде.
Қазіргі таңда АИТВ-ны толық емдейтін дәрі болмаса да, антиретровирустық терапия (АРТ) вирус әсерін басуға мүмкіндік береді. Бұл терапияны тұрақты қабылдаған адам ұзақ әрі белсенді өмір сүре алады. Егер АИТВ жұқтырған ана жүктілік кезінде АРТ қабылдаса және дәрігерлердің ұсыныстарын сақтаса, нәрестеге вирус жұғу қаупі 1%-дан төмен болады.
2024 жылғы деректер бойынша, Қазақстанда 30 мыңнан астам адам АИТВ инфекциясымен өмір сүреді. Негізгі жас тобы – 18-49 жас аралығындағы азаматтар. Эпидемиологиялық ахуал күрделі деп бағаланғанымен, соңғы жылдары вирус таралу қарқыны тұрақталып келеді. Бұл алдын алу шараларының жүйелі жүргізілуімен байланысты.
АИТВ инфекциясы бар азаматтар елімізде тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі аясында ем алады. Әрбір адам сенім пункттері мен достық кабинеттерінде тегін әрі анонимді түрде тексеріле алады.
АИТВ туралы жеткіліксіз білім қоғамда науқастарға теріс көзқарас қалыптастырады. Бұл адамдардың дәрігерге жүгінуіне кедергі келтіруі мүмкін. Сондықтан ақпараттандыру – аурудың таралуын тоқтатудың маңызды құралы.
АИТВ жұқтырған жандарды қоғамнан шеттетпей, оларға моральдық және психологиялық қолдау көрсету қажет. Мамандардың айтуынша, дұрыс ақпарат пен қамқор көзқарас – аурудың алдын алудағы басты факторлардың бірі.
Репродуктивтік денсаулық апталығы барысында дәрігерлер 18 мамыр күні – ЖИТС-тен қайтыс болғандарды еске алудың Халықаралық күні екенін де еске салады. Бұл күн – АИТВ/ЖИТС-пен өмір сүріп жатқан адамдарға қолдау көрсету және өмірді қадірлеу туралы ойлануға себеп болатын маңызды күн!

Орынкүл Абдикеримова,
Жамбыл облыстық жұқтырылған иммун тапшылығы синдромының алдын алу және онымен күрес жүргізу орталығының әдістемелік-ұйымдастыру бөлімінің меңгерушісі

Таңдаулы материалдар

Close