Basty bet
Ұлт болашағына қатысты мәселелер талқыға түсетін бірегей алаң
Құрылтай – ата-бабамыздан келе жатқан аса маңызды шешім қабылдайтын ұлық жиын. Ол – дала демократиясының жарқын көрінісі. Біз ата-баба аманатын арқалап, жолын жалғап, көне дәстүрді жаңғырттық. Арада ғасырлар өтсе де, мақсатымыз ортақ – бірлікті бекем етіп, алқалы жиында ұлтымыздың болашағын айқындайтын шешімдер қабылдау.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлытауда өткен құрылтайда ұлттық құндылықтар жайында кеңінен сөз қозғады. Елдің тұтастығы зиялы қауым өкілдерінің бірлігінен бастау алатынын айта келе, мемлекеттік тілдің қолдану аясын кеңейте түсу мемлекеттік саясаттың басты бағыты болып қала беретінін де мәлімдеді. Мемлекет басшысы болашаққа сеніммен қадам басу үшін төл тарихымыздың ауқымы кең екенін толық сезініп, мәдени мұрамызды сақтап, оны дәріптеуіміз қажет деп санайды.
Мемлекет басшысы Атыраудағы Ұлттық құрылтай отырысында сөйлеген сөзінде қоғамды жайлаған бес кеселмен, атап айтқанда, есірткі саудасы және нашақорлықпен, лудоманиямен, тұрмыстық зорлық-зомбылық, буллинг және агрессиямен, вандализммен, ысырапшылдықпен бүкіл ел болып күресіп, оған тосқауыл қоюды сөз етті.
«Адал адам – Адал еңбек – Адал табыс» – бір-бірінен ажырамайтын ұғымдар. Осы үш тағанды озық әрі табысты елге айналудың басты кілті деуге болады. Яғни, балалар мен жастарды тәрбиелеп, олардың бойына осы озық құндылықтарды сіңіруге айрықша көңіл бөлінуі керек.
– Мен бүгін маңызды идеологиялық тұжырымдарымыз бен негізгі бағыттарымыз туралы тарқатып айтып бердім. Тағы да бір қайталап өтейін: бұл – Тәуелсіздік және Отаншылдық, Бірлік және Ынтымақ, Әділдік және Жауапкершілік, Заң және Тәртіп, Еңбекқорлық және Кәсіби біліктілік, Жасампаздық және Жаңашылдық. Ұлтымыз осы идеялық негіздерді басшылыққа алса, болжаусыз және қарқынды дамып келе жатқан ХХІ ғасырда лайықты орнын табады.
Қағидамыз – әділдік, тірегіміз – жауапкершілік, мақсатымыз – өрлеу. Еліміз осы құндылықтарды берік ұстана отырып, даму көкжиегін сөзсіз кеңейте түспек. Ал әрбір адал адам адал еңбегімен адал табысқа жетеді, – деді Мемлекет басшысы.
Марат Нарымбеков,
«Amanat» партиясы аудандық филиалының төрағасы