Basty bet

КАРТОП – ЕКІНШІ НАН!

«Зылиха» шаруашылығы элиталы картоп тұқымынан мол өнім жинау үстінде

Қасиетті Жуалы ауданын ақ бидайы жайқалып, төрт түлігі мыңғырған берекелі өңір дейтін болсақ, топырағы қасиетті, жері-суы дуалы, ауасы таза, қоңыржай климатты өңір картоп егуге де өте қолайлы. Таулы өңір табиғатының ерекшелігі мен осынау сыйын жақсы білетін жергілікті шаруалар жыл санап картоп алқабының көлемін ұлғайтуға күш-жігерлерін жұмсау үстінде.
Биыл өңір шаруалары барлығы – 1 500 гектар алқапқа картоп тұқымын сіңірсе, оның 283 гектары Нұрлыкент ауылдық округінің шаруаларына тиесілі. Айта кету керек, ауылдық округке қарасты Түктібай ауылында ілгеріде «Бурненский» совхозында картоп өсіруші болып жемісті еңбек ету арқылы айтарлықтай нәтиже мен жоғары жетістіктерге жеткен атақты еңбек майталмандары көптеп кездеседі. Картоп егу дәстүрін жалғастырушылар аталған ауылда әлі де бар.
Картоп – екінші нан. Одақ кезінде дәмі ерекше тіл үйіретін ірімшігімен және ақ картобымен аудан даңқының алысқа тарап, өңір еңбеккерлерінің еңбегі еленіп, мемлекет тарапынан жоғары бағаланғанын жақсы білеміз. Кейіннен Одақ тарап, ұжымшарлар бөлінгеннен кейін өңірде жаңадан шағын шаруашылықтар құрыла бастады. Ауданда Тәуелсіздіктің алғашқы елең-алаңында құрылып, бүгінде аяққа нық тұру арқылы кемеліне келген шаруашылықтың бірі әрі бірегейі ретінде Түктібай ауылында орналасқан «Зылиха» шаруа қожалығын ерекше атап айтуға болады. Көп жылғы еселі еңбек пен жүйелі жұмыстың нәтижесінде аталған қожалық бірер жыл бұрын «Тұқым шаруашылығы» статусына ие болды. «Зылиха» шаруа қожалығы 2001 жылдан бастап картоп егумен тұрақты түрде айналысып келеді.
Жұмыс барысында кездескен қиындықтарды қажырлы еңбекпен еңсере білген шаруашылық биыл «екінші нан» алқабының көлемін 70 гектарға дейін ұлғайтып отыр. Өңірде тұқым шаруашылығы болып танылған шаруа қожалық көп жыл тынбай ізденудің нәтижесінде картоптың голландиялық тұқымын жаңа технологияның негізімен егіп, басқа тұқымдарға қарағанда әлдеқайда мол өнім беретін бірнеше сортты жерсіндіруге ұдайы күш салып келеді. Бұл үшін Голландия мемлекетінен жыл сайын 20 тоннаға дейін І репродукциялы картоп тұқымы жеткізіліп, шаруашылықта аудандастырылған жоғары сапалы тұқым өңірдің басқа да шаруашылықтарына тиімді бағамен өткерілу үстінде. Тұқым шаруашылығы басқа шаруашылықтарға жылына 280 тоннаға дейін тұқым таратуда.
Көп жылғы ізденістің нәтижесіз болмайтыны анық. Тұқым шаруашылығы биыл егістік алқаптарға картоптың «Пикассо» және «Коломба» аталатын элиталы сорттарын екті. Жаз бойы тиісті агротехникалық шараларды сақтау арқылы күтіп-бапталып, күз түсе әбден пісіп-жетілген картопты жинау науқанына жақында ғана бастау алды. Биыл шаруашылықта 70 гектар алқапқа картоп тұқымы егілгенін жоғарыда айтқанымыздай, алқаптар 5, 6, 7, 10, 15 гектарға бөлінген.
-Биыл Алатаудың етегіндегі «Көксай» каналынан егістік алқаптарға судың түсуі де жақсы болып, сағатына 2,5 куб көлемінде су келуінің нәтижесінде, каналдың төменгі бөлігіне картоп еккен шаруалар картоп алқаптарын уақтылы суғаруға қол жеткізді. Бұл – төменде орналасқан Ақтөбе, Қызыларық ауылдық округтері және Нұрлыкент ауылдық округіне қарасты Түктібай ауылының шаруаларына егістіктен мол өнім алуға үлкен көмек болғаны анық. Осыған сәйкес, жаздағы суғару кезеңі қалыпты жағдайда өтті деуге болады. Жиын-терін науқаны кезінде қажырлы еңбегіміз ақталып, маңдай тердің өтеуі мол болатынына сенеміз,- дейді «Зылиха» шаруа қожалығының басшысы, облыстық мәслихаттың депутаты Керімқұл Бегалиев.
Айтса айтқандай, теміржолдың үстіңгі бөлігінде (Алатау ауылына барар автожолдың бойында) қаз-қатар орналасқан егістік алқаптарға қарасаң, көзің сүйсінеді. Мұнда ақ егіс пен көпжылдық шөп алқабына қарағанда, картоп егілген алқаптардың үлесі көбірек. Сәтін салса, бірер күннен кейін мұнда да қазу жұмыстары басталмақ.
Шаруашылықтың жеті гектар картоп алқабы Көлбастау ауылының маңында орналасқан. Өткен жексенбі күні мұнда қазу жұмыстары басталды. Қазір науқандық жұмысқа жұмысшылардан – 25 терімші әйел, одан бөлек, жүк тасушылар, онымен қоса, ЗИЛ, ГАЗ-53 маркалы үш ауыр жүк көлігі, картоп қазуға және картоп толтырылған темір контейнерлерді жүк көлігіне тиеуге арналған екі бірлік «МТЗ-82» тракторы жиын-терін жұмыстарын атқаруға жұмылдырылған.
Картоп жинау науқанының барысымен таныстыруға шаруашылықтың басшысы, іскер азамат Керімқұл Бегалиев бізді алғашқы қазу науқаны басталған алқапқа алып барды. Шаруашылық басшысы мұндағы жеті гектар алқапқа картоптың «Коломба» голландиялық элита сорты орналастырылғанын айтады.
-Жиын-терін науқанына дайындықпен кіріскенімізге бүгін екінші күн. Өнімділік жаман емес. Алдын ала болжамға сәйкес, өнімділік гектарына 200 центнерден асып отыр. І репродукциялы картоп тұқымы егілген басқа алқаптарда өнімділік 300 центнерден жоғары болуға тиіс,- дейді шаруашылық басшысы Керімқұл Мамырұлы.
Алқап басында еңбек етіп жатқан жұмысшы әйелдермен де тілдестік. Олар да теру жұмыстарының қалыпты жағдайда өтіп жатқанын, онымен қоса, күнделікті еңбегіне 5 000 теңге және бір шелек картоп алатындарын айтады. Бригадир Шолпан апай және терімшілерден Патшагүл Гүлдеева мен Арухан Жалмұрзаева бастаған, т.б. жұмысшылар іске шындап кірісіп, көтеріңкі көңіл күймен теру жұмыстарын өндіру үстінде.
Айта кету керек, биыл аталған шаруашылық 15 гектар тың алқапқа «Пикассо» картоп тұқымын егіп, жаз бойы күтіп-баптау жұмыстарын жүргізсе, сондай-ақ, басқа алқаптарға Голландиядан әкелінген элиталы картоп тұқымы сіңірілген. Шаруашылық мүшелері биыл өнімділіктің жаман болмайтынын айтады. Әрине, барлығы күтіп-баптауға байланысты болмақ.
Адал еңбекті ардақ тұтқан шаруа қауымы үшін қазір жауапты әрі қауырт шақ екені белгілі. Өңірдегі картоп өсіруші «Зылиха» шаруашылығынан да дәл сондай қызу еңбекті көруге болады. Алқап басында жиын-терін науқаны қызу жүргізілуде. Жұмыстарды істің жайын жақсы білетін шаруашылықтың бас мамандары – Нұрлан Лес пен Данияр Байбатыров үйлестірсе, одан бөлек, тәжірибелі сушылар – Нұрлан Иманбеков, Дастан Оспанов, Бауыржан Мамыр және Ерболат Бегалиев картоп алқаптарын күтіп-баптау және жазғы суғару науқаны кезеңінде уақытпен санаспай еңбектенді.
Өңірде картоп өсіру ісінде көп жылдық мол тәжірибесімен қатар, өндіріске жаңа технологияларды батыл енгізуімен ерекшеленетін «Зылиха» шаруа қожалығының картоп тұқымы негізінен алдыңғы жылдары жоңышқа егілген тың алқаптарға орналасқан. Шаруашылықта агротехникалық шаралардың қатаң сақталатынын және өнімділіктің мол болуына ауыспалы егістіктің тигізіп отырған оң әсерін айтуға тиіспіз. Оның үстіне, картоп алқабына адам денсаулығына зиянды тыңайтқыштардың берілмеуі де өнімнің экологиялық таза болуының бірден бір кепілі болмақ.
Нұржан МАНАСҰЛЫ,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close