Basty bet

Еңбек құндылығы – жас буынның ең үлкен капиталы

Қазіргі таңда ел жастарының білім алып қана қоймай, еңбекке ерте араласуы да қоғам дамуының маңызды көрсеткіштерінің біріне айналып келеді. Жас буын еңбек ету арқылы қоғам алдындағы жауапкершілікті сезініп, өмірлік тәжірибе жинақтайды, сонымен бірге, өз қабілеттерін шыңдау арқылы болашақ мамандығына сенімді қадам жасайды. Сондықтан, жастардың батамасын қолдауға бағытталған мемлекеттік бағдарламалардың маңызы зор.
Қазақстанда жастарды жұмыспен қамтуға ерекше көңіл бөлінуде. Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, 2025 жылы Жастар практикасы бағдарламасымен – 38,9 мың жас маманды жұмыспен қамту жоспарланып, ал жылдың ортасына дейін 9,1 мыңнан астам жас жұмыспен қамтылған. Оның ішінде, Жамбыл облысында – 802 жас Жастар практикасына қатысқан деген нақты мәлімет бар. Осындай ұтымды мүмкіндіктердің арқасында көптеген жас алғашқы еңбек жолын бастап, мемлекеттік қызметтің жұмысымен танысуға мол мүмкіндік алып отыр. Жастардың еңбекке араласуы олардың кәсіби тәжірибе жинақтауына ғана емес, қоғам өміріне белсенді қатысуына да ықпал етеді.
Туған жердің дамуы мен көркеюі әрбір азаматтың адал еңбегінен басталады. Әсіресе, ауылдық жерлерде қоғамдық жұмыстарға белсене қатысу, елдімекендерді абаттандыру, тұрғындарға қызмет көрсету және мемлекеттік мекемелердің жұмысына атсалысу – жастардың азаматтық жауапкершілігін қалыптастырады. Мұндай жауапты жұмыстарды атқару арқылы жастар өз туған өңірлеріне қатысты мәселелерге бей-жай қарамай, оның дамуына да үлес қосуды үйренеді.
Бүгінде Жуалы ауданының орталығы Бауыржан Момышұлы ауылында да жастардың қоғамдық жұмыстарға белсенді араласуына мүмкіндік жасалып келеді. Ауыл көшелерін абаттандыру, саябақтарды күтіп ұстау, түрлі әлеуметтік іс-шараларды ұйымдастыру және мемлекеттік мекемелердің қызметіне қолдау көрсету – туған өңірдің көркеюіне қосылған нақты үлес екені анық. Жастар үшін еңбек ету – тек табыс табудың көзі ғана емес, бұл – үлкен өмір мектебі екені анық. Еңбек адамды тәртіпке, ұқыптылыққа және жауапкершілікке тәрбиелейді. Мемлекеттік мекемелерде немесе қоғамдық жұмыстарда ежұмыс істеген жастар құжаттармен жұмыс істеу тәртібін, сонымен бірге, адамдармен қарым-қатынас орнатуды үйренумен бірге, ұжымдық жұмыстың маңызын да терең түсінеді.
Қазақстан Республикасы Ұлттық статистика бюросының мәліметіне сәйкес, елімізде жастар арасындағы жұмыссыздық деңгейі соңғы жылдары төмендеп, бұл көрсеткіш шамамен 3 пайызды құрап отыр. Сонымен қатар, елімізде 9,3 миллионнан астам адам жұмыспен қамтылған. Бұл жастарды еңбекке тартуға бағытталған бағдарламалардың оң нәтижесін көрсетеді.
Мамандардың пікірінше, еңбекке ерте араласқан жастардың болашақта кәсіби жетістікке жету мүмкіндігі де анағұрлым жоғары болады. Себебі, олар теориялық білімді тәжірибемен тиімді ұштастырып, өмірлік маңызды дағдыларды меңгеруге күш салады. Сонымен қатар, еңбек жастардың өзіне деген сенімін арттырып, уақытты тиімді пайдалануға үйретеді.
Туған өңірің гүлденуі – әрбір тұрғынның ортақ міндеті. Бір көшені таза ұстау, ағаш көшеттерін отырғызу немесе қоғамдық іске атсалысу – үлкен өзгерістердің бастауы. Осындай қарапайым істер арқылы жастар елге деген сүйіспеншілігін көрсетіп, қоғамның белсенді мүшесіне айналатыны даусыз.
Қорыта айтқанда, еңбек – адамды шыңдайтын, жауапкершілікке тәрбиелейтін және болашаққа жол ашатын маңызды құндылық. Осы тұста мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан қолдау жастарға өз қабілеттерін дамытуға үлкен мүмкіндік беріп отырғанын баса айтқан жөн. Білім мен еңбекті қатар алып жүрген жас буын ұрпақ – Тәуелсіз елдің жарқын болашағының кепілі. Ал туған жерге адал қызмет ету мен қоғамға пайда келтіру – әрбір патриот жастың азаматтық парызы!

Жанерке Орынбай,
М.Х. Дулати атындағы
Тараз университетінің
журналистика мамандығының 1-курс студенті

Таңдаулы материалдар

Close