Basty bet
Жетітөбеде қордаланған проблемалар жетерлік
Қазақстан Республикасының Президенті Қ.Тоқаевтың 2022 жылғы 03 наурыздағы «Әкімдердің халықпен кездесулерін өткізу туралы» №826 Жарлығы негізінде облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың әкімдерімен қатар, аудан әкімдері әр ауылда, кентте, ауылдық округте, аудандық маңызы бар қалада тоқсан сайын кемінде бір көшпелі кездесу, ал ауыл әкімдері айына бір рет жергілікті халықпен кездесу өткізуге міндетті.
Жергілікті деңгейдегі әкімдер ендігі кезекте халықпен жиі-жиі кездесіп, олардың мұң-мұқтажымен және ауылдардағы қордаланған проблемаларды шешуге ықпал жасауға міндеттенеді. Мұндай кездесулер әрине, жергілікті халықтың арасындағы әлеуметтік проблемалардың оң шешілуіне әрі оның уақтылы орындалуына жол ашатыны сөзсіз.
Жергілікті тұрғындармен кездесу кестесіне сәйкес, осы аптаның сәрсенбісі күні аудан әкімінің орынбасары Асхат Жабағы, аудандық мәслихаттың хатшысы Ерғали Тілеубеков ауданға қарасты Жетітөбе және Күреңбел ауылдық округтерінің тұрғындарымен кездесіп, жергілікті жерде қалыптасып отырған мәселелер жөнінде жан-жақты пікір алмасты. Аталған ауылдық округтерде өткен кездесулерге аудандық әкімдіктің бірқатар жауапты бөлім басшылары да қатысып, мәселелерге қанықты.
Алғашқы кездесу Жетітөбе ауылдық округінің орталығы Кәріқорған ауылындағы Т.Әкімов атындағы орта мектептің акт залында өтіп, оған шақырылған тұрғындар аудан басшылығына бірқатар мәселелерді жеткізді. Атап айтқанда, ауылдық округтің ардагерлер кеңесінің төрағасы, ауданның Құрметті азаматы, ардагер ұстаз Рақымжан Сатаев өз сөзінде, Кәріқорған ауылындағы ескі әмбебап дүкеннің ғимаратын күрделі жөндеуден өткізіп, оны ауыл балалары жаттығып, спортпен шұғылдануға арналған орын етіп ашып беру мәселесінің бірнеше жылдан бері үзбей көтеріліп келе жатқанын айтып, аталған мәселенің нақты қашан шешілетінін сұрады.
Аталған сұраққа жауап берген аудан әкімдігі сәулет, қала құрылысы және құрылыс бөлімінің басшысы Нұрсұлтан Сауырбаевтың сөзінше, аталған нысанның жобалық-сметалық құжаттары жасалып, облыстық бюджетке тиісті өтінім берілген. Аталған жоба сараптамадан да өткізілген. Жоба облыстық бюджеттен қолдау табатын болса, алдағы жылдары құрылыс басталатынын айтады бөлім басшысы.
Алайда сұрақ иесі Р.Сатаев жауапты бөлім басшысының бұл уәжіне қанағаттанбайтынын ашық айтты.
–Бұл мәселенің көтеріліп отырғаны дәл бүгін емес. Ауылда бірнеше жылдан бері қаңырап бос тұрған бұрынғы әмбебеп дүкеннің ғимаратын спорт нысанына және мәдени іс-шаралар өткізетін орынға лайықтап, күрделі жөндеуден өткізіп беруді аудан басшылығына тұрғындар атынан өтінгенімізбен, аталған мәселенің жуық арада оң шешілетін сыңайы байқалмайды. Ауылға аудан басшылары келген сайын осы мәселені көтереміз. Оны жөндеп, пайдалануға береміз деген сыңайда жыл сайын уәде берілгенімен, ол әлі күнге орындалмай отыр.
Өздеріңіз жақсы білесіздер, Жетітөбе ауылдық округі алты ауылдан тұратын аудандағы үлкен округтердің бірі саналады. Тиісінше, округімізде бірде-бір спорт нысаны жоқ. Қоңыртөбе ауылында бір ғана клуб жұмыс істейді. Оның өзі ескі ғимаратта орналасқан. Шыңбұлақ ауылына клуб салу жөніндегі ауыл тұрғындарының да өтініш-тілектері әлі күнге ескерусіз қалып отыр. Ауылдық округтің әкімшілік ғимараты да өте тар әрі мамандардың жұмыс істеуіне, тұрғындарды қабылдап, қызмет көрсетуіне өте ыңғайсыз. Айта берсе, ауылдық округте осындай мәселелер өте көп. Аудан басшылығы біздің өтініш-тілектерімізге уақтылы құлақ асса екен деген тілегіміз бар,- деді Р.Сатаев.
Кездесу барысында одан бөлек, тұрғындар және мектеп мұғалімдері тарапынан Кәріқорған ауылына қажетті ауызсу, М.Үсіпбеков көшесін орта жөндеуден өткізу, сонымен қатар, №7 Т.Әкімов атындағы орта мектепті күрделі жөндеуден өткізу, оның жылыту қазандығын жаңасына ауыстыру сияқты өзекті мәселелер көтерілді.
Аталған мәселелерге аудан әкімінің орынбасары Асхат Жабағы жауап беріп, биыл Жетітөбе ауылдық округінің Кәріқорған және Қоңыртөбе ауылдарына орталықтандырылған ауызсу құбырын тартуға арналған құрылыс жұмыстарының жүргізілетінін жеткізді. Асхат Базарбайұлы өз сөзінде, ескі әмбебеп дүкенді күрделі жөндеуден өткізу үшін қайта зерделеу жұмыстары жүргізілетінін, сонымен қатар, Т.Әкімов атындағы орта мектептің жылыту қазандығын жаңасына ауыстыру үшін тиісті жобалық-сметалық құжатты дайындап, аудандық білім бөлімі арқылы облыстық бюджетке ұсыныс беру қажеттігін жеткізді. Өйткені, білім бөліміне қарасты жылыту қазандықтары қазіргі таңда облыстық білім басқармасына қарайды.
Ал электр энергиясына қатысты бірқатар сұрақтарға аудандық электр желілерін тарату мекемесінің басшысы Рабат Сәрсенов жауап беріп, биыл Тасбастау ауылындағы ескі әуе желілері жаңартылатынын жеткізді.
Су есептегіш құрал орнатылса, ауызсу барлығына жетеді
Аудан әкімінің орынбасары Асхат Жабағы, аудандық мәслихаттың хатшысы Ерғали Тілеубековтың Күреңбел ауылының тұрғындарымен кездесуі барысында тұрғындар негізінен ауызсу және ағын су мәселелерін көтерді.
Ауыл қариясы Қойлыбай Бейсенбаев ауыл тұрғындарына ауызсудың жетпейтінін айтып, оны реттеу қажеттігін айтты. Оның сөзінше, қазіргі таңда ауылда бұрынғы орталықтандырылған ауызсу жүйесі болғанымен, оның суы Күреңбел ауылындағы барлық тұрғынға жете бермейтін көрінеді. Құбырлардың әр жерінен пайда болған ақаулардан және көшедегі су крандарының ашық болуынан ауызсудың көп бөлігі далаға кетіп жататын кездер көп болады екен. Одан бөлек, ауыл тұрғыны Мадина Сейітқұлова ауызсу төлемақысына қатысты сұрақ қойды.
Аталған сұрақтарға жан-жақты жауап берген аудандық «Жуалы-Су» мекемесінің басшысы Қуанышбек Болысбаевтың да айтар өз уәжі бар болып шықты.
-Күреңбел ауылында ауызсу проблемасы бұрыннан бар. Біздің мекеме жұмысшылары бұл ауылға бірнеше мәрте келіп құбыр бойындағы ақауларға жөндеулер жүргізіп келеді. Алайда тұрғындардың салғырттығынан, ауызсуды себепсіз далаға ағызып қоюының салдарынан су жетіспей жатыр. Ауызсуды жеткізудің дұрыс шешімі ретінде әрбір тұтынушының үйіне су есептегіш құралдарын орнату қажет. Сонда әркім тұтынған суына ғана ақы төлейді. Судың басына жақын орналасқан көше тұрғындары ауызсудың кранын күндіз-түні ашып қоятын болса, әрине төмендегі тұрғындарға су жетпейді. Ауызсуды пайдалануда тұрғындардың жауапкершілігін арттыру қажет. Сонда су барлығына жетеді,- деді мекеме басшысы.
Күреңбелдегі кездесу барысында ауылдық округтің ардагерлер кеңесінің төрағасы Алтынбек Қуанышев, округтің орталығы Күреңбел ауылы мен оған қарасты Қаратас ауылына орталықтандырылған ауызсу жүйесінің құбырларын жүргізу, Қаратас ауылына газ құбырын тарту жұмыстарын жеделдету қажеттігін алға тартты. Ал жергілікті қоғамдастықтың төрағасы Серік Серғазиев ауылдағы арық жүйелерін ретке келтірумен қатар, әсіресе қатты жауынды күндері ауыл маңындағы (Төңкеріс аймағы) егістік алқаптардан келетін қызыл судың тұрғын үйлерге қауіп төндіріп отырғанын айтып, қарғын суды басқа арнаға бұру қажеттігін еске салды. Сонымен қатар, ауылға келетін бақша суын реттеуге байланысты каналды тазалау жөнінде де тұрғындар атынан ұсынысын жеткізді.
Кездесуді қорытындылаған аудандық мәслихаттың хатшысы Ерғали Тілеубеков ауылға, оның ішінде ауызсуды пайдалануға қатысты кейбір мәселелер тұрғындармен ақылдаса отырып, жергілікті жерде шешілу қажеттігін айтып, проблемалардың бірқатары ауылдық округтің әкіміне тікелей қатысты екенін баса айтты. Сондай-ақ, өкілді органның басшысы өз сөзінде, ауыл тұрғындарын ынтымақ-бірлікке, қандайда бір мәселе болса да, оны ақылдасып, кеңесе отырып шешуге болатынын айтты.
Нұржан Манасұлы,
«Жаңа өмір»