Basty bet
Қоғам дамуының жаңа белесі
Қоғамның дамуы тек қабылданған шешімдермен ғана емес, сол шешімдердің қандай қағидаттармен және қалай қабылданатынымен де өлшенеді. Осы тұрғыдан алғанда, Құрылтай – түрлі көзқарастар тоғысатын, өзекті мәселелер ашық талқыланып, ортақ мәмілеге келуге мүмкіндік беретін маңызды қоғамдық-саяси алаң. Биыл 23 тамызда өтетін Құрылтай сайлауы – ел болашағына бей-жай қарамайтын әрбір азаматтың өз таңдауын жасап, мемлекеттің даму бағытын айқындауға үлес қосатын маңызды күн. Бұл – қоғамның жаңа кезеңге қадам басар алдындағы тарихи таңдау сәті. Айта кету керек, жинақталған тәжірибесі мен тарихи рөлі бар қос палаталы Парламент еліміздің құқықтық жүйесін қалыптастыруға, мемлекеттік институттарды нығайтуға және заң шығару мәдениетін дамытуға елеулі үлес қосты. Дегенмен, қоғам өзгерген сайын саяси институттардың да жаңа талаптарға бейімделуі заңды үдеріс. Осы тұрғыдан алғанда, бір палаталы Құрылтайға көшу қалыптасқан тәжірибеден бас тарту емес, заң шығару жүйесін заман талабына сай жаңғыртуға бағытталған қадам. Парламент жұмысының тиімділігі оның екі немесе бір палаталы болуына ғана тәуелді емес. Негізгі өлшем – депутаттардың кәсіби біліктілігі, сарапшылар мен қоғам пікірінің ескерілуі, ашық саяси пікірталас мәдениетінің қалыптасуы және заң жобаларының сапалы әзірленуі. Қоғамда Құрылтайдың жұмыс форматына қатысты пікір білдірген заңгерлер жаңа институттың басты ерекшелігі оның құрылымдық жүйесінде екенін атап өтеді. Олардың пікірінше, бір палаталы модель заң шығару үдерісінің тиімділігін арттыруға, жауапкершілікті күшейтуге және шешім қабылдау тетіктерін жетілдіруге мүмкіндік береді. Мамандардың айтуынша, қоғамның сенімі – мемлекеттің тұрақты дамуының негізгі көрсеткіші. Қазақстанның Орталық Азиядағы беделінің артуы, қоғамдық тұрақтылықтың сақталуы және жүргізіліп жатқан реформалардың нәтижелі болуы халықтың белсенді қатысуымен тікелей байланысты. Президент ұсынған Конституциялық өзгерістер де осы жаңғыру үдерісінің маңызды бөлігі ретінде бағаланып, елдің одан әрі дамуына бағыт-бағдар беретін стратегиялық бастама саналады.
Қайсар АСЫЛБЕКОВ,
аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің директоры