Basty bet

Сыңғырла, соңғы қоңырау!

Әне-міне дегенше, тағы бір оқу жылы артта қалды. Биылғы жылы ҚР Оқу-ағарту министрі Соңғы қоңырау салтанатты жиынын 1 маусым күні Балаларды қорғау күніне орайластырып өткізуді ұсынды. Сонымен елімізде барлық мектептерде 1 маусым күні соңғы қоңырау соғылды.

2022-2023 оқу жылында аудандағы 39 білім беру ұйымында 10 500-ге жуық оқушы аяқтады. 11 сыныпты 660 түлек бітіреді. Оның ішінде 7 “Алтын белгіге” үміткер, үздік аттестақа 74 үміткер түлектер бар.
Аудан орталығындағы №19 Д.Қонаев атындағы мектеп-гимназияда да “Сыңғырла, соңғы қоңырау!” салтанатты жиыны ерекше сезіммен өтті. Оған ұстаздар мен оқушылар және шақырылған қонақтар қатысты. Аталған білім шаңырағын үстіміздегі оқу жылында 962 оқушы аяқтады. 11 сынып түлектері – 71. Оның ішінде бір Алтын белгіге үміткер, тоғыз үздік аттестатқа үміткер түлектер бар.
71 түлек, 71 арман, жүректердің тебіренісі, қимастық сезім… Санаулы күндерден кейін мемлекеттік емтихандар, орта білім беру туралы аттестатты тапсыру салтанаты, Ұлттық бірыңғай тестілеу. Дайындық, 11 жыл бойы алған білімнің сыналар тұсы, үлкен өмірге қадам басу… Үлкен жауапкершілік, жүрек тебіренісі… Сондықтан да соңғы қоңырау салтанаты 11 сынып түлектері үшін ерекше ыстық сезімге толы жиын.
Алдымен ортаға 11 сынып түлектері сынып жетекшілерімен құрмет-қошеметпен шақырылды. Әр түлектің жетістіктері айтылып, құрмет көрсетілді.
Түлектер мемлекет және қоғам қайраткері Дінмұхамед Қонаевтың ескерткішіне гүл дестелерін қойды. Мектеп үздіктері Мемлекеттік Туымызды көтеріп, жиналған көпшілік хормен Әнұранымызды орындады.
Мектеп директоры Гүлнар Мұсаханова құттықтау сөз сөйлеп, облыстық пәндер олимпиадасынан жүлделі орындарды иеленген мектеп түлектерін Дипломмен марапаттады.
3 сынып оқушылары “Ұстазға арнау” әнін орындады.
Білім бөлімінің әдіскері Роза Керімбаеваның құттықтауынан кейін мектеп түлектері үш тілде ұстаздарына деген қимастық сезімі мен ыстық лебіздерін, алғыстарын жеткізді.
Түлектер “Қоштасу” вальсін биледі.
Үздік аттестатқа үміткер түлектер мен 1 сыныптың үздік оқушылары соңғы қоңырау соғып, түлектер “Мектебім” әнін орындады.
Мектеп директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары Гүлмира Хабдуллаева мектеп директорының оқу жылын аяқтау туралы бұйрығын оқыды.
Түлектер ортаға жиналып, арман-тілектерін айтып, аспанға шар ұшырып, естелік суретке түсті.

Перизат ШЫМЫРТАЙҚЫЗЫ,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close