Basty bet

Дәстүрлі дін – келісім мен ізгіліктің негізі

Ислам діні барша адамзатты әділдікке үндеп, зұлымдыққа тыйым салады. Өзара жәрдемдесу, мейірімділік пен рақымшылық, бауырмалдық – асыл дініміздің ұлық құндылықтарының бірі. Ислам діні ақыл мен парасатты жоғары қоя отырып, өзгенің де ой-пікірі мен сеніміне құрметпен қарайды.
Адамды бір ғана сенімге күштеп байлап, қатаң көзқарасты таңбайды әрі ешкімді мәжбүрлемейді. Құран Кәрімде: «Дінде зорлық жоқ» («Бақара» сүресі, 256-аят) делінген. Бұл – дініміздің адамзатқа көрсеткен ізгі жолы мен басты ұстанымы.
Алла Тағаланың нығметтерін қадірлеу және адам баласының салиқалы мақсат ұстануына мүмкіндік беру – Жаратушының ұлы мейірімінің көрінісі. Ұлы Жаратушы дүниедегі барлық істің ақиқаты мен жалғанын, дұрыс пен бұрысын айқындап бергеннен кейін, адамның қай жолды таңдауын өз еркіне қалдырған.
Әрине, Алла Тағаланың барша адамзатты бір ғана сенімге ұйыстыруға құдіреті толық жетеді. Алайда Ол адам баласына басқа жаратылыстарға берілмеген ақыл-ой мен сана еркіндігін сыйлап, таңдау құқығын өзіне берген. Осы тұрғыда Құран Кәрімде: «Сен адамдарды мұсылман болуға күштеп көндіремін деп ойлайсың ба? Жоқ, жер бетіндегі адамдар тек Алла Тағаланың қалауымен ғана түгел мұсылман болады» («Юнус» сүресі, 99-аят) делінген. Бұдан шығатын қорытынды – Исламды жаппай қабылдату адамның емес, бір Алланың қалауындағы іс. Сондықтан Жаратушы адам баласын қандай дінді ұстанса да, өзара татулық пен бейбіт өмір сүруге үндейді.
Дін – саналы адамды өз еркімен ізгілікке, қайырлы амалдарға бастайтын құдіретті Жаратушының заңы. Дін – тәрбие мен тағылым, адамзатты бақытқа жетелейтін тура жол. Дін – сүйіспеншілік пен құрметтің, сенім мен ғибадаттың негізі. Сонымен қатар дін – отбасы мен қоғамның бірлігі мен тұрақтылығын нығайтатын рухани күш.
Асыл дініміздің ұлағатты қағидалары дінаралық татулық пен қоғамдық келісімнің адамзат алдындағы маңызды міндет екенін айқын көрсетеді. Осы құндылықтарды әрбір азамат терең түсініп, қоғамда насихаттай білсе, елімізде бейбітшілік пен тұрақтылық нығая түсері сөзсіз. Ендеше, татулық пен ізгілік жолында Ұлы Жаратушы баршамызға имандылық пен тақуалықты, береке-бірлік пен өсіп-өркендеуді нәсіп етсін!

Жәнібек Мырзалиев,
Мыңбұлақ ауылдық округінің әкімі

Таңдаулы материалдар

Close