Basty bet
Кітап оқу – қоршаған ортаны, дүниені тануға көмектеседі
«Мәдениеттің мәйегі – кітап».
Шерхан Мұртаза.
1995 жылы Парижде өткен ЮНЕСКО-ның Бас конференциясы бұл күні кітаптар мен авторларға құрмет білдіру туралы шешім қабылдады. Мереке Халықаралық Кітап баспа Ассоциациасының ынтасымен 1969 жылдан бері аталып келеді. 1995 жылдың 16 қарашасында өткен ЮНЕСКО-ның Бас конференциясының 28 сессиясында мереке туралы Қарар қабылданып, 23 сәуір – «Дүниежүзілік кітап және авторлық құқықты қорғау күні» болып жарияланды. Осы мереке арқылы ЮНЕСКО ұйымы баршаны, әсіресе, жастарды кітап оқудан ләззат алуға, адамзаттың әлеуметтік және мәдени дамуына өлшеусіз үлес қосқан адамдардың еңбегін құрметтеуге шақырады.
Ең алдымен кітаптың шығу тарихына аз-кем тоқталсақ. Кітап – адамзаттың ақыл-ойынан туған рухани байлықты сақтап, оны ұрпақтан ұрпаққа жеткізіп отыратын құрал. Білім мен тәрбиенің көзі. Ол – адамзат жасаған ең ұлы кереметтердің бірі.
Арабтың «кітап» деген сөзі қазақша «жазу», «жазба» деген мағынаны білдіреді. Кітаптың шығуы мен дамуы сол жазу өнерінің пайда болуымен тығыз байланысты.
Біздің заманымыздың екінші ғасырында тұңғыш рет Қытай елінде қағаз жасалды. Осыған орай орта ғасырларда қолжазба кітап өнері қауырт өркендеді. Кітап іші әдемі суреттермен көркемделіп, мұқабалары алтын, күміс және басқа бағалы металдармен әшекейленді. Мұндай қолжазба кітаптардың саны өте аз, бағасы аса қымбат болды. Сондықтан кітапты көшіру мен көбейтудің басқа жолдары қарастырылды.
Кітап басу үрдісі одан кейін де тоқтаусыз жетіле берді. Кітап әрпі жай қолмен емес, автоматты машиналармен терілді. Оның суреттерін де машиналар әзірледі. Кітапқа енетін барша материалдардан баспа үлгілері жасалды. Одан аса қуатты машиналар сағатына 4-5 мың дана көшірме басып шығарды. Кітап беттері басылған қағаздарды топтау, бүктеу, түптеу, кесу мұқабамен қаптау сияқты жұмыстарды да машиналар атқаратын болды.
Ал енді ғылым мен техника шарықтап дамыған қазіргі кезде кітап басу ісі одан да әрі жетіле түсті. Баспалар мен полиграфия комбинаттары компьютерлендірілді. Кітап компьютерде теріліп, оның сурет-сызбалары мен баспа үлгілері, бәрі-бәрі компьютерде әзірленетін болды.
Кітап оқудың пайдасы
Ғаламдық мəдениеттің бір бөлігін кітап құрайды. Кітап оқу – білімге ұмтылысты, дүниетанымды кеңейтуді, адамның өзін тануын білдіреді. Кітап оқудың пайдасы зор екендігінде сөз жоқ. Жақсы кітапты оқу арқылы адамның білім көкжиегі кеңейеді, ішкі жан дүниесі байып, есте сақтау қабілетін арттырады, ақылдырақ болады. Кітап оқу арқылы адамның сөздік қоры көбейіп, ойлау қабілетін арттырып, өз пікірін еркін жеткізе алады. Мысалы бір классиктің шығармасын оқысаң-ақ болды. Бұрын екі сөздің басын құрамайтын адам, өз ойын жеткізе алатындай дәрежеге жететініне күмән жоқ. Күнделікті өмірде кітап оқитын кісі мен оқымайтын кісінің айырмашылығын тез байқауға болады. Кітап оқитын адам ақыл-парасат, таным, білім, елмен қарым-қатынас, тіл байлығы, сыпайылығы мен мəдениеттілігі секілді бірсыпыра ізгі қасиеттерімен ерекшеленіп тұрады.
Кітап оқу – қоршаған ортаны, дүниені және өзін тануға көмектеседі. Кітап оқу – жадыны және ойлауды дамытады. Яғни, көп оқыған адам жады мықты, тез ойлап, тез қорыта алады. Кітап оқу – талдауға, сараптауға, өзіндік жүйелі пікір қалыптастыруға үйретеді. Кітап оқу – көптеген табыс пен жетістіктің ең басты негізі. Кітап оқу – адамдармен дұрыс қарым-қатынас жасауға үйретіп, әдемі сөйлеу дағдыларын қалыптастырады. Кітап оқу – сөздік қорды байытады және жалпы сауаттылық деңгейін арттырады. Кітап оқу – адам бойында бұғып жататын шығармашылық қабілеттерді дамытады. Кітап оқудың тағы бір пайдасы адам ағзасының қартаймауына септігі бар екенін оқымыстылар дәлелдеуде.
Кітап – оқырманға таптырмас байлық. Кітапхана – оқырман мен кітап арасындағы алтын көпір. Ал кітап пен кітапхананың тіршілігіне жанын салып жүрген, ұлттық құндылықтар мен оқырман арасын жалғастырушылар – ол, әрине, кітапханашылар. Бұл мамандық қарапайым болып көрінгенімен, оның қыры мен сырын, қызығы мен қиыншылығын бір ауыз сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес.
Аудандық орталық кітапхана аудандағы МТС қарамағында 1932 жылы ашылды. Оның кітап қоры бар-жоғы 3 400 кітап, оқырман саны 417, оларға жыл ішінде 5 000 дана кітап таратылды. 1946 жылы аудандағы кітапханалар саны 15-ке, оның ішінде, 6 колхоздық, 8 кәсіподақтық, 1 аудандық кітапханаға жетті.
1960 жылы аудандық балалар кітапханасы, әр ауылда ауылдық кітапханалар ашыла бастады. Оларда жұмыс істеген кітапханашылардың үшеуінің ғана арнаулы білімі бар еді. 1973 жылы аудандағы кітапханалар саны 43-ке жетті. Бүгінде ауданда 2 кітапхана жұмыс істейді. Кітап қоры 295 625 дана, оқырман саны 22 мыңға жетті.
23 сәуір – әлем әдебиеті үшін символикалық дата. Жыл сайын Дүниежүзілік кітап және авторлық құқықты қорғау күніне орай аудандық, ауылдық кітапханаларда түрлі мәдени шаралар ұйымдастыру дәстүрге айналған. Атап айтқанда, «Таңғажайыптар еліне саяхат», «Оқы, өзгеге ұсын», «Кітап – сарқылмас рухани қазына», «Кітап – рухани құндылық», «Кітаптар сыр шертеді», «Кітапханаға кітап сыйла!» акциясы, кітап апталығы, буккросинг, ашық есік күндері, тәрбие сағаттары ұйымдастырылып «Facebook» және «Instagram» парақшаларына жүктелуде.
Кітапхана – оқырманның рухани талап-тілегін қанағаттандырумен қатар, әлемдік, ұлттық, әмбебап ақпарат көздерін толық жинақтап, оқырманға жеткізуші болып табылады.
Күләш ТАУБАЛДИЕВА,
аудандық орталық
кітапхананың дамыту бөлімінің меңгерушісі