Білім беру саласында жас ұрпақты отансүйгіштікке баулу, олардың бойындағы патриоттық сезімін ояту басты жұмыстардың бірі саналады. Өйткені, бүгінгі жастар ертеңгі егеменді еліміздің болашағы жарқын болуы жолында қызмет етеді. Өз елінің нағыз патриоты, білімді, әрі адами қасиеттерді жоғары қоятын азамат ұлтына адал қызмет етері сөзсіз. Осы ретте, аудандағы 235 білімгерге кәсіби білім беретін №16 Жуалы колледжінде «Өшпес ерлікке мәңгі тағзым» атты патриоттық кеш ұйымдастырылды.
Колледждің алғашқы әскери технологиялық оқытушы-ұйымдастырушысы, «Жас сарбаздар» клубының жетекшісі Айдар Болбырақов және директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Рахат Бекбаевтың ұйытқы болуымен өткен кешке Жамбыл облысы «Қарулы Күштері ардагерлері» РҚБ-ның төрағасы, подполковник Рамир Тартықов пен орынбасары, майор Асқар Ниязов, Ауған соғысының ардагерлері Мақсатбек Әбдібеков, Аймұрат Ахметов және Ерболат Әлімбаев арнайы шақырылды. Сонымен қатар, шараға аудандық мәдениет бөлімінің қызметкерлері, 91678 әскери бөлімнің офицерлері мен сарбаздары, Б.Майлин атындағы орта мектептің алғашқы әскери дайындық пәнінің мұғалімі Медеу Жұмағұлов, аталған мектептің «Жас сарбаздар» клубының мүшелері және колледж студенттері қатысты.
Жасөспірімдерге Ауғанстан жеріндегі сұрапыл соғыстың тарихын түсіндіріп, мағынасын ашып, ұғындыру мақсатында өткізілген шара Мемлекеттік Әнұранды шырқаумен басталды.
Одан кейін шарада тарих жылнамасынан өзінің қаралы, нәубет жылдарымен орын алған Ауған соғысында қаза тапқан интернационалист жауынгерлерді бір минуттық үнсіздікпен еске алды.
Патриоттық шарада алғашқы құттықтау сөз колледж директоры Медет Иманбаевқа беріліп, ол білім ошағында жыл сайын жас ұрапаққа патриоттық тәрбие беру мақсатында Ауған соғысының ардагерлерімен кездесу ұйымдастырылатынын тілге тиек етті. Ардагерлердің естеліктері мен патриоттық рухтағы әңгімелерінен жастардың алары көп екенін де тоқталды.
Ал, жастарға айтары көп Ауған соғысының ардагерлері бұл күнді асыға күтетіндерін тебірінеспен жеткізді. Жыл сайын ақпан айында аудандағы білім ошақтарында түрлі кездесулер ұйымдастырылуы және жастармен кездесуі ардагерлердің жанына жылулық сыйлайтынын айтып өтті.
Ауған соғысының ардагері Мақсатбек Әбдібеков өз сөзінде, жат елде Отан алдындағы парызын өтеп келгенін, қанды қырғынның ішінен туған жеріне аман-есен оралғанының өзі бір бақыт екенін толғана жеткізді. Ардагер: «Енді ғана 18 жасқа толған қазақ жастары Отан алдындағы қасиетті борышын өтеу үшін жат елге аттанды. Ол күндер біздің мәңгі есімізде. Оны ұмыту мүмкін емес. Бір жыл-он екі ай деген уақыт біз үшін бірнеше жылдармен тең болды. Себебі, біздің әр күніміз от пен оқтың арасында өтті. Ал, Ауған халқы өте еңбекқор, рухы мықты ел. Олардың өмір сүруге деген құштарлығы мен жанталасуын көріп еріксіз таңқаласың. Жас балалардың көзіндегі мұңды байқамау да мүмкін емес. Сондықтан осындай қарапайым халықты жаудан қорғау міндетін абыроймен атқарып, елге аман-есен оралуымыз біз үшін үлкен абырой» деді.
Кезек оқушылар мен білімгерлерге беріліп, олар өздерінің сұрақтарын ардагерлерге жолдады. Ардагерлер де балалардың сұрақтарына барынша жауап беріп, естеліктерімен бөлісті. Бастысы, Отан қорғау әр азаматтың міндеті екенін ұғындырды.
Ал, сарбаздар мен оқушылардың және білімгерлердің автоматты шашып, жинау сайысы кешті қыздыра түсті. Жастар бірінен соң бірі автоматты көпшіліктің көзінше санаулы секундтың ішінде бөлшектеп, қайта жинап, шеберліктерін көрсетті. Отан алдындағы борышын өтеп жүрген сарбаздар да аянып қалмай, үздік өнер көрсетті. Ер жігіттермен бірге сайысқа Б.Майлин атындағы орта мектептің 9 сынып оқушысы Дильназ Арыстан да қатысып, қарсыластарын жылдамдығымен басып озды. Оның шапшаңдығы мен шеберлігін көрермен де жоғары бағалады. Сайыста Б.Майлин атындағы орта мектептің «Жас сарбаздар» клубының жұмысы жолға қойылғаны бірден аңғарылды.
Кеште ардагерлер «Мен көрген соғыс» атты деректі фильмді де аса тебіреніспен қабылдады. Фильмді көру арқылы жалындаған жастық шағындағы ұмытылмастай күндерді еске алды. Жүректерінің түбінде сақтаған мұңды сыртқа шығара алмай, тұншықтырып отырғандары да аңғарылды. Өйткені, тарих қойнауындағы қиын кезеңдерді еске алу Ауған соғысының ардагерлері үшін оңай емес екені өздеріне ғана аян.
Кеште аудандық «Қызғалдақ» ән-би ансамблінің өнерпаздары Толқын Қыстаубаева және Бекзат Жұматаев «Қазағым, «Офицеры» әндерін орындаса, 91678 әскери бөлімнің сарбазы Әл-Ғанибет Рысбек «Байтақ елім!» патриоттық әнін әуелете шырқады.
Сонымен қатар, Жамбыл облысы «Қарулы Күштері ардагерлері» РҚБ-ның төрағасы, подполковник Рамир Тартықов пен орынбасары, майор Асқар Ниязов сөз алып, колледждің алғашқы әскери технологиялық оқытушы-ұйымдастырушысы Айдар Болбырақовқа марапат тапсырды.
Айгүл Қалымханқызы,
«Жаңа өмір»