Basty bet
Жаңа заң тұтынушылардың таңдауын қамтамасыз етеді
Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Қазақстан Республикасы Сауда және интеграция министрлігінің Тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитеті «Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы» жаңа заң жобасын (бұдан әрі – Заң жобасы) әзірледі.
Заң жобасының негізгі аспектілерінің бірі – мемлекеттік институттардың қоғамдық-саяси ықпалын кеңейту. Осы мақсатта, қазіргі уақытта жұмыс істеп тұрған кәсіподақтармен және тұтынушылардың құқықтарын қорғау бірлестіктерімен бірге жеткілікті кең өкілеттіктер берілетін Тұтынушылардың құқықтарын қорғау жөніндегі уәкіл институты (бұдан әрі – Омбудсмен) енгізілуде.
Заңға енгізілген өзгерістер бизнес қауымына теріс әсер етпеді, дегенмен, кәсіпкерлерге ұнамаған тұсы бар.
Яғни, «Қоғамдық тұтынушылар бірлестіктерінің тұтынушылардың құқықтарын сот арқылы қорғау ерекшеліктері» Заң жобасының 62-бабы туралы болып отыр, онда заңды түрде тұтынушылардың өкілдері болып табылатын қоғамдық тұтынушылар бірлестіктерінің пайдасына кәсіпкерлерге соттың жаза қолдануы көзделген.
Айыппұлдың болжамды мөлшері мүліктік сипаттағы талаптың қанағаттандырылған бөлігінің 10-нан 50%-ға дейінгі мөлшерін және мүліктік емес сипаттағы талап қойылған жағдайда 10 айлық есептік көрсеткішті құрайды.
Неліктен Сауда министрлігі бұл ережені енгізуді ұсынып отыр? Тіпті енгізу емес, қайта қалпына келтіру десек болады, өйткені дәл осындай ереже біздің елде 2010 жылға дейін қолданыста болды.
Кәсіпкерлер палатасы Сауда министрлігі тарапынан шешім қабылдаудағы жүйесіздік пен ойланбаушылықты айтып, бизнеске қосымша салмақ түсіретініне алаңдаулы.
Заң бұзушылықтардың өсуіне және кәсіпкерлердің өте көп бөлігі тарапынан тұтынушылардың заңды талаптарын толық ескермеуіне әкелген бірден-бір себептері «Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы» Заң нормаларын бұзғаны үшін кәсіпкерлік субъектілерінің қолданыстағы заңнама тарапынан материалды жауапкершіліктің жоқтығы, сондай-ақ шағын және микро кәсіпкерлік субъектілерін тексеруге ұзақ мерзімді мораторий енгізуі.
Сондықтан департамент Заңның бұрын қолданыста болған нормасын қалпына келтіруді ұсынып отыр.
Тұтынушыларды қорғау Заң жобасының схемасын басынан бастап түсінейік:
1. Заң жобасының 58-бабына сәйкес құқықтары мен заңды мүдделерi бұзылған тұтынушы сотқа дейінгі тәртіпте өз бетінше немесе өз мүдделерінің өкілі арқылы сатушыға (дайындаушыға, орындаушыға) бұзушылықтардан келтірілген залалды ерікті түрде өтеуді талап етуге құқылы.
2. Сатушы (дайындаушы, орындаушы) тұтынушының талабын қарауға және талапты алған күннен бастап күнтізбелік он күн ішінде өз тарапынан қол қойылған жазбаша жауап беруге міндетті.
3. Егер сатушы (дайындаушы, орындаушы) күнтізбелік он күн ішінде талапқа жазбаша жауап бермесе не бұзушылықтарды өз еркімен жоюдан немесе келтірілген залалды (зиянды) өтеуден бас тартса, тұтынушы өз бетінше немесе өз мүдделерінің өкілі арқылы тұтынушы дауын соттан тыс реттеу субъектісіне немесе сотқа жүгіну арқылы шешуге құқылы.
4.Қоғамдық бірлестіктер (одақтар, қауымдастықтар, тұтынушылардың құқықтарын қорғау жөніндегі омбудсмен) соттан тыс реттеу субъектілері болып табылады. Кәсіпкер дауды сотқа дейін шешуден бас тартса немесе даулы жағдайды сотқа дейін шешу мүмкін болмаса, қоғамдық бірлестіктер (одақтар, қауымдастықтар, тұтынушылардың құқықтарын қорғау жөніндегі омбудсмен) тұтынушылардың заңды мүдделерін қорғау үшін сотқа талап арызбен жүгінуге құқылы.
5. Заң жобасының 62-бабының 2-тармағына сәйкес сот тұтынушының iсiн қарайды, егер қоғамдық бірлестік (одақ, қауымдастық, тұтынушылардың құқықтарын қорғау жөніндегі омбудсмен) тарапынан талап орындалса, айыппұл тұтынушылардың қоғамдық бірлестігінің (одақтың), омбудсменнің пайдасына өндіріледі.
6.Сонымен қатар, Заң жобасының 59-бабының негізінде сатушы (дайындаушы) бұзушылықтарды жоюдан және тауардың кемшіліктері салдарынан келтірілген залалды (зиянды) ерікті түрде өтеуден бас тартса, сондай-ақ тұтынушылық дауды сотқа дейінгі тәртіппен қарауға қатысудан бас тартса, тұтынушы Департаментке бір айдың ішінде жүгінуге құқылы.
Жоғарыда айтылғандардың барлығынан көрініп тұрғандай, тұтынушы өзінің заңды құқықтары мен мүдделерін қорғаудың нұсқаларын таңдау мүмкіндігіне ие болады. Сот – бұл тізбектегі соңғы билік. Ал жаза қолдану – соңғы шара.
Бұл заң жобасы Тұтынушылардың құқықтарын қорғау саласындағы заңнаманы сақтайтын кәсіпкерлерді алаңдатпауы керек. Айыппұл тек Заңды бұзушы кәсіпкерлерге қолданылады. Оны енгізуден бәріміз, яғни, адал кәсіпкерлер де, тұтынушылар да ұтады, өйткені тұтынушылардың заңды құқықтарын қорғайтын тағы бір тетік пайда болады.
Анар Тажбенова,
Қазақстан Республикасы Сауда және интеграция министрлігінің Жамбыл облысы бойынша сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау
Департаментінің
бас маманы