Basty bet
Сенімділікті арттырып, жетістіктерге жетелейді.
Жазғы демалыста әлеуметтік осал санаттағы оқушылар үшін бірқатар сауықтыру шаралары ұйымдастырылуда. Биыл жазда мектеп жанындағы сауықтыру лагерлерінде және арнайы ұйымдастырылған сауықтыру алаңдарында 2 177 бала бір мезгіл тегін ыстық тамақпен қамтамасыз етіле отырып, демалып, тынығады.
Бұл бастама – әлеуметтік қолдауды қажет ететін отбасылардан шыққан оқушыларға ерекше назар аударудың бір көрінісі. Осы мақсатта биыл 325 бала қала сыртындағы арнайы лагерьлерде демалуға мүмкіндік алады. Олар Алматы облысы, Жамбыл ауданының Қарғалы ауылында орналасқан «ТауLand» сауықтыру орталығына жіберілмек. Бұл орталық табиғат аясындағы орналасуымен, таза ауасымен және балаларға арналған жан-жақты бағдарламасымен ерекшеленеді.
Жаз айларының келуімен бірге балалар үшін қызықты уақыттардың бірі – жазғы сауықтыру лагері де бастау алатыны белгілі. Жазғы демалыс – балалар үшін тек тынығу уақыты ғана емес, сонымен қатар білімін толықтырып, шығармашылық қабілетін дамытуға арналған кезең. Балалардың жан-жақты дамуына бағытталған лагерь аудан орталығындағы №19 Д.Қонаев атындағы мектеп-гимназияда 2 маусымнан өз жұмысын бастады.
Лагерь жұмысымен мектеп-гимназия директорының оқу-тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Анар Махмутова таныстырды.
-Лагерьге барлығы 300-ден аса бала қатысады. Балалар ыстық тамақпен қамтылған. Лагерь ІІ кезеңде жұмыс жасайды. І кезең 2-13 маусым аралығы болса, ІІ кезең 16-27 маусым аралығында өтеді. Яғни, лагерь 11 күн болады, сағат 9:00-ден 13:00-ге дейін өз жұмысын атқарады. Лагерьде барлығы 12 топ, әр топта 25 оқушыдан және 12 тәлімгер бар. Біздің лагерь – білім мен ойын қатар жүретін ерекше орта. Мұнда әр күн балалар үшін жаңалыққа, қызықты әрі танымдық сәттерге толы. Таңертеңгілік жаттығудан басталған күн мазмұнды шаралармен жалғасады.Онда шығармашылық шеберлік сағаттары, асьфалт бетіне сурет салу байқауы, қолөнер үйірмесі, спорт және тіл дамыту сабақтары сияқты бағдарламалар өткізіледі,- дейді директордың орынбасары Анар Махмутова.
Лагерьде өткізілген уақыт балалардың өмірінде ұмытылмас естелік болып қалады. Олар бір-бірімен достасып, ұжыммен жұмыс істеуді, жауапкершілікті сезінуді, тәртіп пен ұйымшылдықты үйренеді. Бұл – баланың тұлғалық дамуына үлкен әсер ететін кезең. Балалар әртүрлі жарыстарға қатысып, өнерін шыңдап, белгілі бір қабілетін ашып қана қоймай өздерін еркін сезінетін болады. Сонымен қатар, табиғатпен етене жақын болу, таза ауада серуендеу – олардың денсаулығына пайдалы әсері бар.
Жазғы лагерь – баланың өзіне деген сенімділігін арттырып, жаңа жетістіктерге ұмтылуға шабыт береді. Мұндай ортада өсіп-жетілген бала – ел болашағының жарқын бейнесі.
Айша Құдайқұл
М.Х.Дулати атындағы
Тараз өңірлік
университетінің веб-
журналистика мамандығының
2-курс студенті