Basty bet
Оқушы жетістігі – мұғалім еңбегінің нәтижесі
Қазақстан Республикасында орта білім беру үдерісіне енген жаңартылған білім беру бағдарламасы – заманауи ұрпақтың сұранысын қанағаттандыратын тың бағдарлама болғандықтан елімізде білім берудің мазмұны жаңарып, Қазақстан Республикасында білім беруді және ғылымды дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасына сәйкес оқу-тәрбие процесі білім алушылардың интеллектуалдық, патриоттық, рухани адамгершілікпен дене дамуын қамтамасыз ету мақсатында бірыңғай идеологиялық тәсілдер мен құндылықтарға негізделіп, жаңаша көзқарас пайда болды. Осыған байланысты ұстаздар алдында оқытудың әдіс-тәсілдерін үнемі жаңартып отыру және технологияларды меңгеру, оны тиімді қолдана білу міндеті тұр.
Білім беру бағдарламасының негізгі мақсаты – білім мазмұнының жаңаруымен қатар, критериалды бағалау жүйесін енгізу және оқытудың әдіс-тәсілдері мен әртүрлі құралдарын қолданудың тиімділігін арттыруды талап етеді. Сондықтан білім берудің дамуы – үлкен мәні бар міндет. Білім беру саласында жүріп жатқан демократияландыру, жаңа технологияларды енгізу, ақпараттандыру үрдістері – бәсекеге қабілетті тұлғаны қалыптастыруға жол ашады.
Қоғамда болып жатқан әлеуметтік-экономикалық, саяси өзгерістер білім беру саласын жетілдіруді талап етеді және жаңа міндеттерді жүктейді. Осы міндеттерді орындау мақсатында педагогикалық Ұжым білім сапасын арттыру, тұлғаға бағытталған жаңа форматтағы оқыту мен тәрбиелеудің тиімді әдіс-тәсілдерін жүзеге асыру мақсатында 2022-2023 оқу жылында «Нәтижеге бағытталған сапалы білім мен саналы тәрбие беру арқылы шығармашыл тұлғаны қалыптастырудың педагогикалық негіздері» тақырыбында жұмыс атқарды.
«Мұғалім – мектептің жүрегі» демекші мектеп-лицейде 2022-2023 оқу жылында 87 мұғалім жұмыс атқарды. Оның ішінде жоғары білімді мұғалімдер – 83, арнаулы орта – 4. Санат дәрежесінің көрсеткіштері бойынша педагог шебер – 2, педагог зерттеуші саны-14, педагог – сарапшы саны – 15, педагог – модератор саны – 15, жоғары санатты – 3, бірінші санатты – 2, екінші санатты – 9.
Өткен оқу жылы біздің мектеп үшін толағай табысқа толы жыл болды. Мектепке халқымыздың тұңғыш саяси Алаш партиясының ұйымдастырушысы және ұлттық Алашорда автономиялы үкіметінің төрағасы, ғұлама ғалым, әдебиеттанушы, аудармашы әрі дарынды публицист Әлихан Бөкейхан есімі берілді.
«Білім-бақыт бастауы болса, ғылым-шығармашылық негізі» демекші, мектеп ұстаздары мен оқушылары аудан, облыс, республика деңгейінде әртүрлі пәнаралық олимпиадалар, байқаулар мен ғылыми жұмыстар, сайыстарға қатысып, жеңіс тұғырынан көріне білді. Атап айтсақ, жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық зерттеу жобалар конкурсының облыстық кезеңінде «Химия» пәні бойынша 11 сынып оқушысы Ақбота,Еділбай «Қоршаған ортаны қорғау және адам денсаулығы» биология пәні бойынша 10 сынып оқушысы Тоғжан Тұрлыбек ІІІ дәрежелі дипломмен марапатталды. Жетекшілері:А.Қылышбаева, Д.Баетова.
Жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық олимпиаданың облыстық кезеңіне информатика пәнінен 9 сынып оқушысы Мейірлан Жадрабек және химия пәнінен Нұрдаулет Бахтиярұлы қатысып, ІІІ орын иеленді. Жетекшілері: Н.Мейірхан, Д.Баетова.
Әлихан Бөкейхан атындағы №15 мектеп-лицей «Білім беруді дамыту» қайырымдылық қорының «Ауылдық жерлерде тірек мектептердің әлеуетін дамыту» жобасына еніп, алдағы уақытта тірек лицей есебінде өз жұмысын жандандыратын болады.
Бұл дегеніміз – лицейдің материалдық-техникалық базасы толықтай жаңарды. Атап айтқанда заманауи зертханалармен, ART-студия, STEM-лаборатория, TELE-студия т.б жабдықталды.
Сонымен қатар, тек қана материалдық-техникалық база ғана емес, білім сапасын арттыру мақсатында лицей НЗМ және ПШО-мен бірлескен меморандум аясында 3 жыл бойы жаңа әдістемелерді енгізу мен біліктілікті арттыру жұмыстарымен айналысатын болады
«Кенгуру-математика барлығы үшін» халықаралық ойын конкурсына 3 сынып оқушысы Қарақат Баймаханбет, 5 сынып оқушылары Хансұлтан Жанәділ, Жақсыбек Темірлан және Альбина Кеңесбек, 7 сынып оқушысы Бауыржан Ормахан, 1 сынып оқушысы Ерсұлтан Жанәділ қатысып, жүлделі І орынға ие болды.
Республикалық «Altyn Tobylgy» зияткерлік олимпиадасында бірнеше оқушы белсенділік танытты.
Мектепте 298 оқушысы түрлі бағыттағы олимпиадаларға қатысып, нәтижесінде, аудандық кезеңнен -53 оқушы, облыстық кезеңнен – 4 оқушы, республикалық кезеңнен – 135 оқушы, халықаралық кезеңнен – 61 оқушы, жүлделі орындарға ие болуда.
Өткен оқу жылындағы қызмет нәтижелер көрсеткіштерінің жиынтығы негізінде әрбір білім беру ұйымының жұмыс жағдайын нақты анықтау нәтижесінде жүргізілген рейтинг бойынша алғашқы 5 мектеп қатарына еніп, ұжым өзін-өзі дамыту режиміндегі мектеп атанды.
Руслан САЙЛАУБАЕВ,
№15 Ә.Бөкейханов атындағы мектеп-лицейінің директоры